Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтында профессор Жанғара Дәдебаевтың жетекшілігімен 2020 жылдан бастап гуманитарлық ғылымдар саласындағы зерттеулер бағыты бойынша «Абай ілімін білудің, түсінудің және қолданудың ғылыми негіздері мен теориялық тетіктері» атты ғылыми жоба орындалуда.
Осындай зерттеулердің бір нәтижесі – Абай ғылыми-зерттеу институтында дайындалып, ҚазҰУ-дың Ғылыми кеңесінде бекітілген «Абайдың кісілік кодексі».
«Абайдың кісілік кодексін» бар қазақ қоғамына, оның әр мүшесіне, қатардағы қарапайым азаматтан лауазымды тұлғаға дейін қажет болатын өмірлік ережелер ретінде қабылдаған жөн.
Кодекс Абайдай кемеңгер тұлғаның өз халқын адамшылық пен ізгілік жолынан айнымауға шақырып, әр қазақтың бойына кісіліктің, адамшылықтың қағидаларын сіңіруді мақсат еткен мәні терең, ұлағаты зор ой-тұжырымдарынан іріктеліп дайындалған. «Абайдың кісілік кодексіне» ойшыл данышпанның кісілікке жетудің нақты жолдарын нұсқайтын 18 сөзі енген. «Құдайдан қорық, пендеден ұял» деп басталатын кодекстің әр тармағы қарапайым ғана адами қасиеттерді, әділет пен адалдықты насихаттап, тыңдаған жанның ой-санасын қозғайды. Абай Құнанбайұлының даналық сөздерінен, өлең жолдарынан таңдалып алынған тұжырымды да тағылымды қағидалардың әрқайсысы қазіргі таңда да маңызды әрі өзекті болып отыр.
«Абайдың кісілік кодексіндегі» әр қағида әрбір қазақ баласының, әр саналы кісінің ой жүйесінде орнығып, көңіліне беки түссе және оны әр қазақ күнделікті тіршілігінде ұстанса, біздің қоғамымыздың ой-өрісі мен деңгейі арта түсетіні даусыз. Қазақ қоғамының ұлттық құндылықтарға негізделген рухани әлеуетін өсіру үшін кісілік қағидаларына негізделген бұл тұжырымдардың ролі зор және осы бір тағылымды, түйінді ойлардың жалпыхалықтық сипат алып, қоғам мүшелерінің санасына орныға беруі аса қажет деп санаймыз.
Ләйла МҰСАЛЫ,
Абай ҒЗИ-дың жетекші ғылыми қызметкері