ЖУРНАЛИСТИКАДАҒЫ ПАТРИОТИЗМНІҢ РӨЛІ

27 октября, 2022

Күні кеше Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультеті Баспасөз және Электронды БАҚ кафедрасы және «Хабар 24» телеарнасының ұйымдастыруымен «Хабар» арнасының күндері аясында 1-курс студенттеріне шеберлік дәріс өткізілді.

 

Спикер «Хабар 24» телеарнасының Жаңалықтар бөлімінің атқарушы продюсері Ұлан Нарынбек жас тілшілерге "Журналистикадағы патриотизмнің рөлі" тақырыбында өз тәжірибесімен бөлісті.

 

Ең алдымен «Журналистикадағы патриотизмнің рөлі біздің мамандыққа деген қызығушылығымыздан басталады. Бұл салада биікке сені өз ісіңе деген махаббат алып барады» деп пікір білдірді. Сонымен қатар 1-курс студенттері патриотизм тақырыбы бойынша Ұлан Нарынбектен «Телевизия тәрбие құралы ма?» деп продюсердің пікірін сұрады. Журналист бұл сұраққа 50/50 көзқараста екендігін айтып, телевизия арқылы да ұлттық тәрбиені жеткізіп әрі тәрбиені отбасы құндылықтары арқылы алуға да болатындығын айтты. Егер журналистикада жаңалықтар бөлімінде жұмыс істесең, шапшаң және ізденімпаз болу керек. Бұл ең басты принциптердің бірі болып саналады. Әсіресе жаңалық таратуда фактчекингке сүйеніп, ақпараттың рас, өтірігін анықтау қажет.

 

 

Сондай-ақ Ұлан Нарынбек жаңалықтар бөлімінде жұмыс істеудің қиыншылықтарына тоқталып, неліктен «Хабар 24» телеарнасын таңдағанын айтты: Дәл осы арнаға келмес бұрын «Қазақ радиосында» бірнеше жыл қызметте болдым. Кейін 24 сағат хабар танытатын жаңа арна ашылып жатқанын естіп, мені қатты қызықтырды. Қазір арна көрерменді әр сағат сайын ақпаратпен қамтамасыз етіп отыратынымен көпшілікке белгілі. Өмірде әртүрлі нәрсе орын алуы мүмкін. Қай жерде, қай уақытта болмасын, ақпарат алып, онымен бөлісуге үнемі дайын болу керек. Сондай-ақ қазір мүмкіндіктер заманы, егер істеймін, үйренемін, іздеймін деген жандар болса әрдайым есік ашық.

 

Шеберлік кездесу тек журналистикадағы патриотизм жайлы ғана емес, практика жүзінеде байланысты болды. Марат Барманқұлов атындағы телерадиостудияда Ұлан Нарынбек қоғамдағы әлеуметтік мәселелер жайлы өз түсірген сюжетін талдады. Мысалы, Ютуб желісінде көп қаралым жинаған «Алматыда ағайынды кәсіпкерлер нанның қалдықтарын кәдеге жаратуды ойлап тапты», «Алматыда түн ортасында оқ атқан адам тұрғындардың үрейін алды», «16 жастағы қыз баланың арманы – әріп танып, сауат ашу» жайлы өзекті тақырыптарды қалай таңдау керектігіне тоқталды.

 

Айгерім ЕСІМХАН

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Журналистика факультетінің 1-курс студенті