Astana Media School - коммуникацияның тұрақты даму алаңы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультеті БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің, БҰҰ-ның ҚР Ақпараттық Бюросының өкілдігінің қолдауымен Астана медиа мектебін өткізді.
Жыл сайын студенттер асыға күтетін Астана медиа күндері биыл мәресіне жетті. Astana Media School – медиаиндустрия практиктері мен Қазақстан ЖОО студенттерін біріктіретін медиа және коммуникация алаңына айналып келеді.
Аталмыш шара елордада тың идеялар мен басым трендтерді талқылауды көздейді. 2018 жылдан бастап «Қазмедиа орталығы» редакциялары мен ньюсрумдарында журналистер, репортерлер, медиа және ақпарат агенттіктерінің мамандары мен журналистика кафедраларының білім алушылары коммуникацияны тұрақты дамыту мақсатында кездесіп келеді.
Медианың жаңа трендтерін дамытуға арналған шараны Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, "Хабар" АҚ, "Қазақстан" РТРК, "Қазақ радиолары" ЖШС, Бас редакторлар клубы басшылығы, PR мамандары қолдады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің түлектері Нартай Сәрсенғалиев мен Гүлназ Әлімгерейдің студияларда, ньюс румдарда өткізген шеберлік сыныптары мамандыққа адалдық пен сенім туралы ең тиімді практиканы танытты.
Balapan арнасының Бас продюсері Сандуғаш Баймаханқызы балаларға арналған телеаарнаның топ жетілік рейтингінде позициясы артуы кішкентай көрермендердің шынайы бағасы деп санаймыз.
Студенттер алған пайдалы ақпарат, жаңа білім мамадыққа деген сенім шегесін, адалдық қазығын мықтап қақты.
Astana Media Week журналистердің ғана емес, келешек әріптестер - бүгінгі журналистика факультеті студенттерінің де басын қосқан алаң болды. Шараның алғашқы күні Balapan арнасы басшылығы арнаның құрылуы жайлы жан-жақты мәлімет берді. Балаларға арналған телеарна тарихынан бастап, келешек жоспарлары жайлы әңгімеледі. Ең қызығы, студенттердің бәрі Balapan-мен өскен екен. Кезінде өздері сүйіп тамашалаған жобаларды ұмытпапты. Кеше көргендей қызығушылықпен, сағынышпен әңгімелеп отыр.
- Balapan арнасына дайындалатын контенттерден бастап, ретингте топ позициясына дейінгі ақпараттар мен деректермен біліміміз молайды. Ең талампаз көрермендеріңіз көп болсын. Баланың талғамынан шыққан арнаның арғы жағында жанқияр еңбектеріңізді құрметтейміз, - дейді 1 курс студенті Ақбота Жаңабаева.
Медиа мектеп қатысушылары "Хабар 24" арнасының жаңалықтар бөлімінің жүргізушісі Ботагөз Сарықұлованың, "Хабар" арнасының "Бізге хабарласқан" бағдарламасының жүргізушісі Нұрболат Үсеновтің, "Ел арна" Бас продюсері Әділ Сейфуллиннің шеберлік-сыныптарын тыңдады.
Студенттерді мазалған сұрақ: репортер кәсібінің қиындығы, эфир алдында толқу, қобалжу, журналистердің тікелей эфирдегі шеберлігі.
Ботагөз оқушы күндерінен телеарналарда балалар бағдарламасын жүргізген әрі мамандыққа дайын келген журналист. Журналист өзінің кәсіби өмірін жаңалықтармен ғана байланыстырады. Болашақта мүмкіндік болса, Euronews арнасының жаңалықтарын жүргізуді мақсат тұтады.
Нұрболаттың телеарнадағы жұмысын таңғы бағдарламаға қажетті декорация тасумен айналысқанын айтты. Кәсіпке деген адалдық оны мәтін жазуға, редакторлыққа жетелеген. Басында жазғаны ұзын-сонар, әдеби-көркем мәтін болса, сын мен шынның тезіне алған бас редактордың көмегімен кәсіби редакторлыққа машықтана бастайды. Оның уақыт өте, "Бізге хабарласқан" бағдарламасына жүргізуші болуы осындай еңбек пен ізденістің нәтижесі деп санайды.
"Ел арнаның" Бас продюсері болу және әрдайым сауатты, білікті менедмжентпен қатар білім, ізденіс, алғырлықты талап ететін айтқан ол, телевизиядағы авторлық жобаларды іздену, жазу, табысты қорғаудың қыр-сырымен бөлісті.
"Хабардағы" бір күннің басым бөлігін танымал журналист, жүргізуші Зейін Әліпбектің студияларда, жаңалықтар бөлмесінде, режиссерлік, видеомонтаж бөлмелерінде өткізген шеберханасына ұласты. Журналистика факультетінің түлегі, телевизияның майталманы, "Хабардың" брэнд тұлғасы Зейін Әліпбек кәсіби атмосферада шығармашылық шеберханасын өткізді.
Журналистика факультетінің студенттері бұл күнді кәсіби ғұмырларында ұмытпайды және алған әсерлері көп жылға азық болады, мамандыққа адалдықты үйретеді деп санайды.
Гүлмира СҰЛТАНБАЕВА
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультеті
Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі