2022 жылдың 5 қарашасында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның туғанына 90 жыл толуына арналған «Шерхан Мұртаза – замана шындығын айтқан заңғар тұлға» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Конференцияны Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Жансейіт Түймебаев ашып, сөз барысында Шерхан Мұртаза аудиториясында қаламгер, бас редакторлардың арнайы оқуларын өткізіп тұруды ұсынды.
Конференцияда ҚР Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтауын Бас редакторлар клубы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті, ҚР Парламенті Сенаты төрағасының кеңесшісі Бибігүл Жексенбай оқыды. Конференция ұйымдастырушылары мен қатысушыларына арнайы жолданған құттықтау хатта: «Шерхан Мұртаза ұлттық әдебиетіміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқан дара тұлға. Оның қаламынан туған шығармалар қазақ қара сөзінің қымбат қазынасына айналды. Елі үшін еселі еңбек еткен осындай ерен тұлғаның өнегелі өмірін дәріптеу – баршамыздың азаматтық парызымыз»,- деп жазылған.
Баяндамашылар ғалым Қансейіт Әбдезұлының, жазушы, публицист «Ана тілі» газетінің бас редакторы, публицист-жазушы Қали Сәрсенбайдың, Парламент мәжілісінің депутаттары Дархан Мыңбай, Жанарбек Әшімжанның Шерхан Мұртаза мұрасы туралы орамды ойлары мен толымды пікірлері, естеліктері жиналғандарға әсерлі болды. Публицист-жазушы Қали Сәрсенбай өз сөзінде: «Шерағаң атындағы халықаралық Бас редакторлар форумын өткізуді қолға алған жөн» деген пікір білдірді.
Шетел және қазақстандық қаламгер, жазушы, журналистер мен ғалымдардың, Парламент депутаттарының басын қосқан алқалы жиында ұлтымыздың біртуар тұлғасының шығармашылығы, қайраткерлігі, ұлтжандылығы кеңінен айтылды. Конференция аясында білім ордасында тұрақты түрде, Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым акалемиясының Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының директоры, академик Абдылажан Акматалиев Шерхан Мұртазаның қазақ-қырғыз бауырмалдастығын тереңдетуге қосқан еңбегін айта келіп, әлі де терең зерттеу қажеттігін атап өтті.
Конференция барысында көрсетілген шағын фильмде қаламгерлігі мен қайраткерлігі қатар өрілген ұлт жанашырының жарқын бейнесі айшықтала түсіп, шетел ғалымдарының онлайн құттықтауы әсерлі болды.
Шара барысында Журналистика факультетінде Шерхан Мұртаза аудиториясының ашылу салтанаты, тұсаукесер рәсімі өтті. Белігілі ақын Нұрлан Оразалин құттықтау сөз сөйлеп, оқу-шығармашылық зертханада білім алатын шәкірттерге ақ жол тіледі. Парламент Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай факультетке қазақтың Шерағасы бейнеленген кілемше сыйлады.
Жазушы-журналистің өмірі мен шығармашылығынан мол хабар беріп, заманауи техникамен жабдықталған оқу залы шәкірттердің шеберлігін шыңдап, жазу машығын қалыптастыруға үлкен көмегін тигізері сөзсіз. Бұл – өскелең ұрпақты тұлғалар арқылы, олардың іс-өнегесі мысалында тәрбиелеудің үлгісі.
Шараға қатысқан «Бас редакторлар клубы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті, ҚР Парламенті Сенаты төрағасының кеңесшісі Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай, «Қазақ газеттері» ЖШС басшысы Шәмшидин Пәттеев, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Қайнар Олжай, Нұржан Жалауқызы және т.б. танымал бас редакторлар жуырда күрделі жөндеуден өткен №5 жатақханаға арнайы барып, тыныс-тіршілігімен танысты.
Конференция модераторы, Журналистика факультетінің деканы Нұржан Қуантайұлы конференция соңында қонақтарды «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығында факультет жайған дастарханнан дәм татуға шақырды.
Шерхан Мұртаза – сүбелі шығармалар жазып, әдебиет пен қазақ журналистикасының дамуына өзіндік үлес қосқан, кез келген жанрда еркін көсіліп жаза алатын шеберлігін, өзіндік өрнегін айқындап берген жазушы-қаламгер. «Ана тілінсіз халық болмайды. Тілінен айрылған ұлт – тарихынан, тұп-тамырынан айрылған ұлт. Тілсізді ұлт деуге де келмейді. Тілінен айрылған халық – ата-бабасының, туған әкесі мен туған анасының атын ұмытқан халық...», - деп тіл тағдырына араша түсіп, ұлт жанашыры болған Шерағаңды ұлықтау бүгінгі ұрпақ еншісінде.
Римма ЖАҚСЫЛЫҚБАЕВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті,
филология ғылымдарының кандидаты,
Шерхантанушы