«Ұстазға тағзым: Ардақты Алма апай»Farabi University

«Ұстазға тағзым: Ардақты Алма апай»

23 қараша, 2022

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетіндегі «КӨКЖИЕК» ғылыми-шығармашылық клубының ұйымдастыруымен ежелгі әдебиет тарихын зерттеуші ғалым, ұлағаты зор тәлімгер-ұстаз Алма Мүтәліпқызы Қыраубаеваның туғанына 75 жыл толуына арналған «Ұстазға тағзым: ардақты Алма апай» атты әдеби-танымдық кеш өтті.Ең алдымен сөз алған филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірхан Әбдиманұлы Алма апай туралы естелігімен бөлісті. Келесі кезекте «Көкжиек» клубының жетекшісі Ләйла Мұсалы сөз алып, кештің мақсатын атап өтті. Кеш 3 бөлімнен тұрды: 1-бөлімде «Жаным садаға» кітабының мазмұны бойынша шағын сахналық көріністер қойылып, оған өзіндік түйін айтылды. 2-бөлімде ғалымның «Ғасырлар мұрасы» атты зерттеу еңбегінің бөлімдері бойынша презентация-викторина жүргізілді. 3-бөлімде «Қисса-дастандар» кітабы бойынша қойылымда студенттер қиссадан алған әсерлерін жеткізді. Филология факультетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 2 курс студенттері өз білімдері мен ұйымшылдығын танытты. «Сағындық сізді, Алма апай» атты электронды көрменің аясында ұстаздың ролін сомдаған .Динара Хайрулла Алма апайдың монологын оқып, шәкірттеріне әсерлі естелік сыйлады. Студент Әлихан Қосалы «Алма апайға арнауын» оқыды.

Кеште Алма Мүтәліпқызының ұстаздарға арналған 20 тоқтамы оқылып, қонақтарға сыйға тартылды. Кешке арнайы шақырылған Алма апайдың шәкірттері, әлеуметтік ғылымдар магистрі Айсұлу Қасымбек, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың доценті Гаухар Асқарова, Тұран университетінің қауымдастырылған профессоры Гүлжан Төлекова, өз шәкірттерімен бірге қатысты. Алма апайдың жолын қуып, қазіргі уақытта ҚазҰУ-да ұстаздық етіп жүрген Ш.Шортанбай, Н.Мәтбек, С.Дәрібаев Алма апай жөніндегі жылы лебіздерімен бөлісті.

Кеш соңында ұйымдастырушылар, филология факультетінің доцентттері Н.Сағындықов, Л.Мұсалы, педагог М.Мырзағұлова қорытынды сөз алып, студент жастарға алғысын білдірді. Ұстаз бен шәкірттің арасында адами байланыс орнатып, бар шәкіртінің жанына жақын болған Алма апайдай аяулы ұстаздың тағылымын жастарға үлгі етті.