- Басты бет
- Жаңалықтар
- Ислам ЖЕМЕНЕЙ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Тұран-Иран ғылыми-зерттеу орталығының директоры, ф.ғ.д., профессор: Ұлттық кадрлар даярлаудың ұстаханасы
Ислам ЖЕМЕНЕЙ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Тұран-Иран ғылыми-зерттеу орталығының директоры, ф.ғ.д., профессор: Ұлттық кадрлар даярлаудың ұстаханасы
– Ислам аға, тағдыр тәлейімен дүниежүзіне тарыдай шашылған қандастарымыздың Иран елінде туған ұрпағысыз. Шет мемлекетте тусаңыз да, сіздің әрбір әңгімеңізден атажұртқа деген сағыныш, махаббат аңғарылып тұрады. Бұл ұяда көрген тәрбиеден болар?
– 1929-33 жылдары Кеңес Одағының сталиндік саясаты «шаруашылықты ұжымдастыру керек» деген сылтаумен қазақтардың қолындағы бар төрт түлік малын күштеп тартып алды. Жалғыз мал шаруашылығына арқа сүйеп тіршілік етіп жүрген қазақтардың күнкөрісі қиындап қалды. Соның кесірінен қазақ даласында 3 миллион адам аштықтан қайтыс болып, миллионға жуық қазақ мәжбүрлі түрде шетелдерге қоныс аударды. Сол зұлмат саясаттың салдары алуан түрде бүгінге дейін жалғасып келеді. Өйткені егер аталған қырғын болмағанда, қазіргі тәуелсіз Қазақстан Республикасында халық саны 70 миллион шамасында болар еді.
Сол жасанды ашаршылық жылдары бір топ қазақ Маңғыстаудың Бозашы өңірінен елден тысқары жерлерге қоныс аударуға мәжбүр болды. Олар өздерінің әлеуетіне қарап және топ бастаған ақсақалдардың кеңесіне сүйеніп, Қарақалпақстан, Түрікменстан мен Иран еліне көшті. Иран жеріне бет алған олар Небиттағдың арғы жағына өтіп, су бұлағына жеткен. Содан кейін Каспий жағалауларынан өтіп, Иран жеріне қадам басқан аймағы «Мазандаран провинциясы» деп аталатын. Қазақтардың Иран жеріне көшінің ашылмаған сыры көп. Оның бірі – көшкен мыңдаған қазақтан он шақты жыл өткен соң, бар-жоғы бес жүз адам тірі қалып, ұрпағын жалғастыруға мүмкіндік алған. Оның көбі арықтан ағып жатқан, мөлдір көрінсе де, байқалмай у араласқан, Горган қаласының гарнизонынан бастау алатын суды ішудің кесірінен көз жұмғанын үлкендерден естігенбіз. Иранға көштің қай бағытқа қай жерден басталып, жалғасқанын мен кейін елге оралғанымда жақын ағайын қариялардан естіп хатқа түсірдім.
Атажұрттан алшақ кетіп, ұзақ жылдар бойы шет мемлекеттерде тағдыр тәлкегіне түскен қазақтар әлемнің әр түкпірінде кездеседі. Олардың ортақ құндылық пен арманы атажұртқа оралу болды. Әсіресе диаспораның алғашқы көшкен буыны елге деген сағынышын өздерінен кейінгі буынға аманат етті. Мен елге деген сағынышты аталардан аманатқа алған буынның өкілімін және өзімді сол аманатқа қызмет жасауға мүмкіндік алған бақытты жан екенімді сеземін.
– Сіздің елге келу тарихыңыздың өзі қызық. Еліміз тәуелсіздік алмай тұрып, көштің бетін бері қарай бұрған қазақтың бірісіз. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да (ол кезде С.М.Киров атында болатын) шығыстану факультетінің ашылуы сіздің атажұртқа оралсам деген тәтті арманыңыздың іске асуына себеп болды. Сол бір кезді еске алсақ.
– 1990 жылы аталарым армандаған елге қызмет ету бағы бұйырды. 1989 жылы ҚазҰУ-да қазақтың қайраткер шығыстанушы ғалымы Әбсаттар Дербісәлінің ерен еңбегі мен табандылығының нәтижесінде шығыстану факультеті ашылып, алғаш рет Қазақстанның жоғары оқу орындарында мұсылман шығыс тілдері оқытыла бастады. Оның басында араб тілі болды. Сонымен бірге парсы тілі бөлімі ашылған болатын. Факультеттің тұңғыш деканы Әбсаттар Дербісәлі парсы тілінен оқытушының тапшы болуына байланысты керекті кадрын жан-жақтан іздей бастайды. Сондай ізденістің арқасында жеребе менің атыма түсіпті. Сол кезде университеттің таңдауына қуандым. Өйткені атажұртыма әскери міндетімді атқару керек деген ойдан басқа түсінік менің санамда жоқ болатын.
1990 жылдың қыркүйек айынан оқытушылық міндетімді атқаруға кірістім. Бұл қызмет біржылдық келісімшарт бойынша атқарылуға тиіс, мерзімі шектеулі болды. Бірақ 1991 жылы тағдыр кітабы мүлдем өзгеше мазмұнмен жазыла бастады. Жаңа оқу жылы басталар шақта қазақ қоғамына тәуелсіздіктің жарқын көкжиегін ашып бергендей халық азаттық қанатына отырып самғай түсті. Сол жылдың 28 қыркүйегінде Ыстамбұл қаласында дүниежүзі қазақтарының өкілдерін еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауына ұласты. Аталған кездесуден соң, қазақ диаспорасына жаңа дүниенің есігі ашылды. Өйткені президент «бүкіл әлемдегі қазақ бауырларымызға құшағымыз айқара ашық» деп әлемге жар салды. Сол жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі жарияланды.
– Еліміз тәуелсіздік алған жылдары көзі ашық, көкірегі ояу әрбір азамат мемлекетіміздің дамуы, аяғынан тік тұруы үшін қолынан келгенін аянып қалмады. Атажұртты аңсап келген және отандастарыңызбен бірге тәуелсіздіктің ақ таңын қарсы алу бақыты бұйырған сіз сол жылдары оқытушылықтан бөлек, қандай іспен айналыстыңыз?
– Менің тағдырым да осы жылдың аясында жаңа сатыға аяқ басқан еді. Себебі университетпен жұмыс бабындағы біржылдық келісімшартым бұрынғы кеңестік шеңберінен шығып, азат еліміздің еркіне өтті. Сол жылы барлық ынта-жігерім қазақ қоғамының бүгінгі тыныс-тіршілігі мен бітім-болмысына ауды. «Жетпіс жыл бойы рухы тапталған елдің еңсесі қашан және қалай көтеріле бастар екен?» деген ой сана-сезімімді билеп жүрді. Сонда елін сүйген әр қазақтай мен де елімнің дамуы мен өркендеуіне қандай, қаншалықты үлес қоса аламын деген ниетпен өмір кештім. Тіпті сағат бойы автобус аялдамаларында отырып, көлікте бара жатқан жүргіншілердің түріне қарап санақ жүргізіп, статистикалық қорытынды бойынша саяси-психологиялық және әлеуметтік психологияның ғылыми қорытындысын жасауға тырысатын едім. Бұл жұмысты бірнеше жыл бойы тұрақты көздеп, тиісті нәтижелерге қол жеткізіп отырдым. Мұндай бақылау менің қоғамның таптық жай-күйін білуіме үлкен негіз қалады. Екінші жағынан, шығыстану факультетінде оқып жүрген білімгерлер тәуелсіз еліміздің келешекте шетелдерде қызмет ететін елшілері болар деген үмітпен қиял құсымды азат елдің жарқын келешегіне қанат қаққызатын едім. Бұл қиялым да кейінгі жылдары ақиқаттың бейнесіне айналды.
Бүгінде шығыстану факультетінің түлектерінен көптеген мұсылман, араб, парсы, түркі елдерінде небір ысылған, тәжірибелі дипломаттар еліміздің саяси кеңістігіне елеулі үлес қосып, әлемнің саяси аренасында еңселі ел болып жүруімізді қамтамасыз етіп келе жатқанына куәміз. Сондай-ақ осы тұста айтуға тиіс бір жайт – сол 1990-92 жылдары мемлекеттік және мемлекеттік емес, әрі қоғамдық-мәдени, коммерциялық-экономикалық салалардың іскерлік ортасында бірде-бір тілші болмаған еді. Сол жылдары мен де қол қусырып отырмай, парсы тілінің сөздіктерін жазып, түрік тілінің курстарын ашып, үлгергенімше, уақыт пен қуатым мұрша бергенше, мүдделі мемлекеттік шенеуніктер мен саудагерлер арасында ақысыз, аянбай жүгіріспен тілмаш һәм ұйымдастырушы міндетін міндетсінбей атқарып жүрдім. Сонымен қатар Иран мен Түркияның қоғамдық-мәдени, саяси-экономикалық байланыстарына барынша атсалыстым. Көптеген жастардың аталған екі елде жоғары білім алуларына мұрындық болдым. Бұл жайттарды айтып отырған себебім «мен керемет дүние жасағанмын» деу емес. Бұның бәрі тәуелсіздік киесінің арқасында жүзеге асып жатқан игіліктер болды.
Сол жылдардың маман тапшылығы бізді көптеген шаруалардың баяу алға жылжуына тап қылған еді. Соның кесірінен қазақ тілінің қолданылу аясы да тар болған. Міне, бүгін шығыс тілдеріне қатысты сол жылдардағы тапшылықтың ізі қалған жоқ. Бұл шығыстану факультетінің негізін қалаушы әрі тұңғыш дәнегі, мемлекет және қоғам қайраткері, танымал ғалым Әбсаттар Дербісәлі еңбегінің нәтижесі екенін айту керек. Өйткені оған талай рет «шығыстану факультетінде орыс тілінің топтарын ашсаңыз табысты және ұтымды болады» деген уәждер айтылып келді. Сонда Әбеке: «Орыс тілінде оқитындарға жол ашық. Мәскеуге барса, мықты университеттерден кез келген шығыс тіліне түсіп, маман бола алады һәм оның жұмысқа сұранысы көп болады. Ал біздің маңдайға бұйырған жалғыз шығыстану факультетінің міндеті – қазақ балаларын оқытып жетілдіру», – деп ойын ашық айтатын. Мен осы күні Әбсаттар ағамыздың түпкі ойы еліміздің келешек ұлттық кадрларын даярлау болған екен ғой деп ойлаймын. Себебі бүгінгі азат елімізде жүздеген шығыстанушы қазақтілді мамандар дипломатия, сауда-саттық және ғылымда айтарлықтай қомақты табыспен қызмет атқарып келеді. Бұның бәрі – ел тәуелсіздігінің жемісі.
– Ислам аға, қазіргі таңда сіз ҚазҰУ-да Тұран-Иран ғылыми-зерттеу орталығының директоры қызметін атқарасыз. Осы институт қызметіне тоқталсаңыз. Парсы тіліндегі қазақ тарихына қатысты ежелгі және ортағасырлық жазба деректерді қаншалықты зерттеп-зерделей алдық?
– Өте орынды сұрақ. Бұл орталық қазақ тарихын, мәдениетін, тілін, этнографиясын біртұтас түркі халықтарының тарихи бағытымен қарастыруды мақсат еткен. Бұл мақсат үшін біз үш дерек көзіне сүйенеміз. Олар: біріншіден, заттық материалдар. Ол үшін археолог ғалымдардың зерттеу қорытындылары маңызға ие. Екіншіден, фольклорлық зерттеулерге сүйену, оның ішінде ауыз әдебиетінің орны айрықша. Үшінші – жазба дерек. Жазба деректер дегенде, араб, парсы, түркі, қытай және Еуропа халықтары тілдерінде жазылған жазба деректер бар. Қазақстан тәуелсіз ел болғанша қазақ тарихын, мәдениетін түпнұсқалық деректерден зерттеу, зерделеу мүмкін емес еді. Өйткені кеңестік дәуірде әдейі саналы түрде қазақ ғылымына шығыстану дүниесінің есігі тұтастай жабық болды. Сол үшін қазақ ғалымдары амалсыз шығыс тілдерінен орыс тіліне аударма жасалған материалдарды пайдалануға мәжбүр болды. Мәселен, ұлы шығыстанушы, түркітанушы Радлов, Бартолдтың зерттеулері солардың қатарында болды. Олар әлемнің аса ірі ғалымдары қатарында болғанмен, еңбектері қазақ тарихы мен мәдениетін түгендеуге жеткіліксіз еді. Сол үшін де Әбсаттар Дербісәлі ағаның шығыстану факультетін ашуының мән-маңызы ерекше.
Тұран-Иран ғылыми-зерттеу орталығы кенже қалған саланы жетілдіріп, жазба деректер бойынша парсы, түркі тілдеріндегі қазақ және түркі тарихына, мәдениетіне, тіліне, діліне қатысты мол мұраны тікелей түпнұсқаларынан зерттеп, зерделеуді мұрат тұтқан. Бұл бағытта ұшан-теңіз жұмыстар атқардық. Мәселен, түркі тарихымен бірге, қазақ тарихына қатысты парсы тілінде жазылған «Тарих-и-Рашиди» кітабының екі дәптері толықтай парсы және қазақ тілдерінде Иран мен Қазақстанда жарық көрді. Мұндай толық аударма дүниежүзілік тарихи-әдеби зерттеуде тұңғыш рет жүзеге асып отыр. Анығын айтқанда, «Тарих-и-Рашиди» еңбегінің текстологиясын парсы тілінде жасап, парсы тілінде қазақтың тарихына, мәдениетіне, діні мен тіліне қатысты тараулар жазып, Тегерандағы «Оғызхан» баспасынан Иран Ислам Республикасының Мәдениет және исламды дәріптеу министрлігінің менің атыма берілген рұқсатнамасымен парсы тілінде үш том болып жарық көрді. Сондай-ақ қазақ тілінде толық нұсқасы тағы бір рет шығаруға, баспаға беруге дайын.
Біздің орталық тек аударма жасамайды. Түпнұсқадан тәржіма жасай отырып жан-жақты талдайды, артықшылықтар мен кемшіліктеріне тоқталады. Қазақ үшін қай тұсы маңызды екенін айтады. Қысқасы, түркі және қазақ тарихына қатысты жайттарды ұлттық түркілік мүддеге сай қарап, айналымға салып отырады.
Кемеңгер патша, ақын, ғалым Зәһиреддин Мұхаммед Бабырдың түркі тілінде жазылған 550 беттік «Бабырнама» кітабын түпнұсқалық түркі тілінен қазақшаға аудардым. Басылымға дайын. Бұл кітап қазақ тарихы мен мәдениеті, тіліне тікелей қатысы бар өте құнды шығарма.
Тұран-Иран ғылыми-зерттеу орталығы Қазақстанның шығыстану саласы бойынша деректану және түпнұсқамен жұмыс істеу жөнінде әлемдік деңгейде өзін мойындатты. Нақты айтқанда, осы уақытқа дейін Британия, Германия, Үндістан, Канада, тағы басқа елдер бізбен жұмыс істеуге ниет білдірді. Қазіргі таңда орталықта көмекшім Гүлжанат Дүйсенбайқызы екеуміз ғана жұмыс істеп келеміз. Бізге шығыстық, түркілік тарих пен мәдениетті білетін, ағылшын тіліне жүйрік кадр керек. Сонда біздің орталық әлемде танымал ғылыми орталыққа айналады.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ