«Егемен Қазақстан» республикалық жалпыұлттық газет

13 қаңтар, 2012

Кемел елдің келешегі – білім, білік, тәрбие

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ: дәстүр және инновация

Біз ҚазҰУ бастаған тоғыз ұлттық уни­верситетке үлкен үмітпен қараймыз. Олар отандық жоғары білім берудің негізгі жон арқасы болулары тиіс.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Еліміздегі ордалы оқу орны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің негізі 1934 жылы 15 қаңтарда қаланды. Ол кезде биологиялық және физика-математика факультеттері қана жұмыс істеді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін университеттің тынысы ашылып, жаңа бағытқа бет бұрды. 1991 жылы университетке ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби есімі беріліп және ұлттық университет деген атқа ие болды.
1970 жылдың желтоқсанында ҚазКСР Министрлер Кеңесі ҚазҰУ қалашығы құрылысын бастау туралы шешім қабылдап, құрылыс 1971 жылы сәуір айынан басталды. Студенттер қалашығының құрылысына университет жастары белсене атсалысты. Жаз мезгілінде Болгария мен Германия елдерінен келген құрылыс отрядтары көмектесті. 80- жылдардың басына қарай бірнеше оқу ғимараттары мен студенттік жатақханалар, тамақтандыру комбинаты мен сауда орталықтары, өндірістік-шаруашылық орындары қолданысқа енді.
Іле Алатауы бөктерінде орналасқан ҚазҰУ қалашығының көз тартатын бірегей мекенге айналуына ректор Өмірбек Жолдасбековтің сіңірген еңбегі зор. Айтулы тұлғаның есімі отандық ғылым дамуындағы тарихқа алтын әріптермен жазылған. 2011 жылдың ақпан айында Студенттер сарайы жанынан Ө.Жолдасбековке арнап ескерткіш қойылды.
ҚазҰУ – БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның бастамасы бойынша Қазақстан жоғары оқу орындары арасында Біріккен ұлттар ұйымының «Академиялық ықпал» бағдарламасына қатысатын тұңғыш әрі жалғыз университет. Жыл сайын университетке келіп 150-ден аса шетелдік ғалымдар дәріс оқып, кеңес береді, ғылыми тәжірибелерімен бөліседі. ҚазҰУ ғалымдары өзге елдегі әріптестерімен бірлескен жобаларды жүзеге асыруда. Мәселен, Колумбия университетінің (АҚШ) Integrated Approaches to Sustainable Development Practice курсы бойынша Global Сlassroom ашылса, география және табиғатты пайдалану факультетінде энергия экология халықаралық кафедрасы құрылды. Оңтүстіккореялық компаниямен бірлесіп көпфункционалды интерактивті электронды тақта шығару жобасы жүзеге асуда. Коре университетімен бірге (Оңтүстік Корея) медициналық-биологиялық кластер құрылмақ, меди­ци­налық орталықтың жалпы көлемі 56 мың шаршы метрден асады деп жоспарлануда. Жобаны іске асыру үшін шетелдік инвестициядан 152 млн. АҚШ доллары жұмсалмақ.
2011 жылдың қазан айында ҚазҰУ-да зерттеу универ­си­теттерін дамытуға бағытталған халықаралық форум ұйым­дас­тырылып, оған әлемнің 30 елінен 100-ден аса көрнекті ғалымдар мен жоғары мектептің қайраткерлері қатысты. Сол кезде «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ достары» халық­ара­лық клубы құрылды. Отанымыздағы білім мен білікті кадрлар дайындап жатқан білім ордасындағы ғылыми-зерттеу институттарының орны ерекше. Бұл мекемелерде ғылыми жұмыстардың 50%-ы атқарылады.
Университет қалашығы аумағында заманауи оқу ғимарат­тары, кітапханалар, мұражай, интернет-орталық, тамақтан­ды­ру комбинаты, спорт кешені және стадион, Студенттер сарайы мен кинотеатр, жайлы жатақханалар бар. Сондай-ақ, Ыстықкөл жағажайында спорттық-сауықтыру лагері жұмыс істейді. Болашақта гуманитарлы-қолданбалы ғылымдар орта­лы­ғының ғимараты, инженерлік және көп ғылымды технология кластері, жас ғалымдар үйі, студенттерге қызмет көр­сету орталығы, жүзу бассейні және жатақханалар бой көтермек.
ҚазҰУ бүгінде – жаңа білім, тың идеялар мен технологиялар орын алып жатқан ірі ғылым-білім және инновация орталығы. Университеттің басты мақсаты Елбасы Жолдауында көрсетілгендей, әлемдегі үздік университеттер рейтингісіне ену болып табылады.

Дерек пен дәйек
* ҚазҰУ-да еліміздің әр аймағынан және алыс, жақын шет елдерден келген 19 мыңнан астам студент оқиды.
* Университет халықаралық стан­дар­т­тарға сай білім бағдарламасына толы­ғымен көшіп, 14 факультет негізінде 180 мамандық бойынша бакалавр, магистратура және докторантура сатысында кадр дайындайды.
* QS агенттігінің мәліметі бойынша, ҚазҰУ 2011 жылы әлемдегі үздік 700 жоғары оқу орындары арасында 402-ші орын­ды иеленді.
* ҚазҰУ әлемдегі 400-ден аса ірі университеттермен тығыз әріптестік орнатқан.
* 2003 жылы ҚазҰУ елімізде бірінші болып еуропалық университеттердің Ұлы хартиясына қол қойды (Болонья қала­сы, Италия).
* Университетте 2000-нан аса жоғары білікті профессор-оқытушы еңбек етеді. Оның ішінде ҚР ҰҒА-ның 11 акаде­ми­гі, 300 ғылым докторы, 700 доцент және ғылым кандидаты, 40 РhD докторы бар.
* Университеттің инфрақұрылымы 24 ғылыми-зерттеу институтынан тұрады.
* Білім ордасында 100-ден аса студенттік бірлестіктер мен ұйымдар жұмыс істейді.