ҚазҰУ-да Түркия Президенті Әкімшілігінің басшысы көшбасшылық дәріс оқыды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Түркия Республикасының Президенті Әкімшілігінің басшысы Метин Кыратлы бастаған делегация арнайы келді. Құрметті меймандар алдымен «Әл-Фараби» кітапханасында болып, университет ғалымдары әзірлеген инновациялық жобалармен және ҚазҰУ қалашығының ІІ даму жоспарымен танысты.
Кейін заңгер, тәжірибелі дипломат Метин Кыратлы оқытушы-профессорлар мен студенттер алдында көшбасшылық дәріс оқыды.
Жиынды ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев ашып, бауырлас мемлекеттер қарым-қатынасының маңызына мән беріп, оқу орнының түркиялық әріптестермен тығыз ықпалдастықта екенін жеткізді.
«Қазіргі уақытта ҚазҰУ – жаһандық QS рейтингінде 150-орында және түркі әлемінен үздік топ-150 университет қатарына енген жалғыз жоғары оқу орны. Негізі 1934 жылы қаланған қарашаңырақ бүгінде әлемнің 500-ден астам жетекші университетімен ынтымақтасады. Оның ішінде Түркияның Ыстамбұл, Анкара, Едитепе, Мармар, Хаджеттепе сынды 31 білім беру және ғылыми мекемесімен тығыз байланыста. Өзара мәдени және ғылыми алмасуды жүзеге асырады», – деп атап өтті ректор.
Соңғы екі жылда ҚазҰУ-дан академиялық ұтқырлық аясында 500-ден астам білім алушы түрік университеттеріне барды. Білім ордасының 88 оқытушысы ғылыми зерттеулер мен тағылымдамалар өткізу үшін Түркия университеттерінде өткен түрлі іс-шараларға қатысты. Бүгінде 67 түрік студенті ҚазҰУ-да білім алуда. Өткен оқу жылы түркиялық сегіз академик университетте сабақ берді. Биыл Ыстамбұл мен Бішкекте ҚазҰУ филиалы ашылды.
Содан соң Жансейіт Түймебаев мәртебелі мейманның өмірі мен қызмет жолына тоқталды.
«Белгілі заңгер, тәжірибелі дипломат Метин Кыратлы Анкара университетінің заң факультетін бітірген. Бірнеше жоғарғы оқу орнында білім алған. Еңбек жолын Анкара сотында тағылымдамадан бастаған. Әртүрлі Жоғары Соттарда сот төрағасы қызметтерін атқарған. 2014 жылы Түркияның 12-ші Президенті Режеп Тайып Ердоғанның сайлануымен Президенттің Бас хатшысының орынбасары болып тағайындалды. Метин мырза Түркия Президенті Әкімшілігінің басшысы қызметін 2018 жылдан бері атқарып келеді», – деді ректор.
Өз кезегінде құрметті қонақ ҚазҰУ басшылығына ерекше қонақжайлығы үшін алғыс білдірді. Ол: «Атажұртқа келгеніме қуаныштымын. Көптеген ғылым саласында жоғары дәрежеде көрінген Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биік мәртебесін сезініп тұрмын. Мен Түркия университеттері қауымдастығының мүшесімін. Сондықтан университетке атқарылар үлкен жауапкершілікті білемін», – деп ыстық лебізін жеткізді.
Дәріскер өз сөзінде Қазақстанның Тәуелсіздік алғаннан кейінгі қалыптасу жолына жоғары баға берді. Ұлы дала еліндегі күллі түркі жұртына ортақ тарихи ескерткіштердің маңызын ерекше бағамдады. Оларға ие болған қазақ жұртының бүкіл түркі әлемінің мәдени мұрасын жаңғыртып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар құнды мұраларды оқып үйрену, ұлттық бірегейлікті сақтау төңірегіндегі ой-толғамдарын ортаға салды.
Метин Кыратлы екі ел арасындағы қарым-қатынастың бауырластық негізде жалғасарына сенім білдіріп, әсіресе ғылым мен білім саласындағы байланыстарды одан әрі нығайтуға шақырды. Осыған дейін Түркияда Қазақстаннан білім алған 25 мың жастың екі ел арасындағы алтын көпір боларын алға тартты.
Сондай-ақ қайраткер оқытушылар мен студент-жастарды қызықтырған сұрақтарға жауап беріп, өз тәжірибесімен бөлісті.
Кездесу соңында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ғылыми кеңесі шешімімен Жансейіт Түймебаев Метин Кыратлыға «Құрметті профессор» атағын табыстады.
Жиыннан кейін Түркия Республикасынан келген меймандар ҚазҰУ мұражайын, жаңарған аудиторияларды аралады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі