ҚазҰУ-да ғылымды дамытудың жаңа бағыттары талқыланды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Университет ғылымының дамуы – Қазақстанның инновациялық дамуының қажетті алғышарты» атты ғылыми-практикалық конференциясы «Wotld-Class University жолында: шетелдік университеттер тәжірибесі» және «Инновациялық экожүйе мәселелері бойынша жас ғалымдардың нетворкингі» тақырыбындағы дөңгелек үстелдермен жалғасты.
Іс-шараға белгілі ғалымдар мен профессорлар, оқытушылар мен білім алушы жастар қатысты.
«Wotld-Class University жолында: шетелдік университеттердің тәжірибесі» дөңгелек үстелінің спикерлері өз баяндамаларын білім беруді интернационалдандырудың өзекті бағытына, шетелдік әріптестермен бірлескен зерттеулер мен жұмыстарды ұйымдастыруға арнады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Биофизика және биомедицина кафедрасының меңгерушісі, профессор Әлмира Құстыбаева өз сөзінде АҚШ және Ұлыбритания университеттерінде ғылым мен білімнің интеграциясы туралы (нейроғылым мысалында) айтып, зерттеулердің жоғары технологиялық деңгейін қамтамасыз ететін біртұтас жүйе ретінде ғылыми және білім беру құрылымдарының өзара іс-қимылының шетелдік тәжірибесін ұсынды.
«Ғылыми тағылымдаманы ұйымдастыру бойынша АҚШ-тың топ-университеттерімен жұмыс тәжірибесі туралы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доцентінің м.а., «500 ғалым» ғылыми тағылымдамалар бағдарламасының стипендиаты Гүлнар Бөрібаева баяндады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Дипломатиялық аударма кафедрасының меңгерушісі, профессор А.Сейдикенованың баяндамасы «Бирмингем университеті (UK) мен Женева университеті Switzerland мысалында жаһандану контексіндегі білім беруді интернационалдандыру» тақырыбына арналды. «Инновациялық экожүйе мәселелері бойынша жас ғалымдардың Networking» дөңгелек үстелін ҚазҰУ Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы, PhD, техника ғылымдарының кандидаты, Жылуфизика және техникалық физика кафедрасының аға оқытушысы Дархан Ережеп ашты. Өз сөзінде ол: «ҚазҰУ-дың Жас ғалымдар кеңесі қызметінің негізгі мақсаты және жас ғалымдардың кәсіби өсуін жандандыру, өзекті ғылыми проблемаларды әзірлеу және басым ғылыми міндеттерді шешу үшін олардың күш-жігерін біріктіру, инновациялық қызметті дамыту болып табылады», – деп атап өтті.
Зерттеушілердің сапасы мен санын арттыру және докторлық дәрежесін алу тәсілі ретінде спикер докторантура бағдарламасын аяқтаған «Жас ғалым» ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыруға тартуды ұсынды. Ғылыми тағылымдамалар мен ғалымның кәсіби дамуы туралы ҚазҰУ профессорының м.а., «Болашақ» шәкіртақы иегері Меруерт Нәжіпқызы баяндап берді. Ол Рединг университетінің білім беру институтында (Ұлыбритания) «Педагогикалық диагностика, бағалау және білім сапасын басқару» мамандығы бойынша тағылымдамадан өтіп, өзін нанотехнология саласындағы зерттеулерге арнауға шешім қабылдады. «ХХІ ғасырдың басы – нанотехнологиялар мен наноматериалдардың революциялық дамуының бастамасы. Қазіргі уақытта олар әлемнің барлық дамыған мемлекеттерінде адам қызметінің маңызды салаларында қолданылады», – деп атап өтті жас ғалым. «Осыған байланысты мен Рединг университетінде нанотехнология саласында өз еркіммен ғылыми жұмыстар жүргіздім, одан әрі тағылымдамадан өткеннен кейін шетелдік ғалымдармен еркін сөйлесемін. Менің ойымша, бұл докторанттар мен магистранттар үшін мотивация», – деді ол.
Өткен іс-шара елдегі ғылымды жаңа деңгейге көтеріп, аса перспективалы жобаларды іске асырумен айналысатын Қазақстанның жас ғалымдарының әлеуетін көрсетті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі