Қазақстан имиджін қалыптастырудағы отандық және шетелдік БАҚ-тың рөлі
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінде "Қазақстан имиджін қалыптастырудағы отандық және шетелдік БАҚ-тың рөлі" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференцияның мақсаты - қазіргі заманғы паблик рилейшнз саласындағы маңызды да перспективалық ғылыми зерттеулерді жүзеге асыруға, Қазақстанның жағымды имиджін қалыптасуына арналған ғылыми және әдіснамалық әзірлемер жасауға, отандық және шетелдік БАҚ-тың елдегі ақпарат таратудағы үлесін сараптауға, Орталық Азия және шетел журналист-ғалымдарының кәсіби ынтымақтастығына үлес қосу.
Конференция тақырыбының өзектілігі шетелдік және отандық БАҚ-тың Қазақстан имиджін қалыптастырудағы рөлін зерттеуде, ғылыми негізделген әдістерді әзірлеуде қажеттілігімен айқындалады. Әлемдік нарықта жетекші орынды иеленуге ұмтылыс, жағымды қоғамдық пікір, елдің жағымды имиджін қалыптастыру - мемлекеттің күн тәртібінде тұрған басты приоритеттердің бірі.
Сейдахмет Құттықадамының айтуынша, ақпараттық қоғам дәуірінде кез-келген субъект пен объекттің имиджі қазір бұрынғыдан көрі үлкен роль ойнайды. Мұнда билік пен қоғам арасындағы дәнекер, халықаралық әріптестіктің бірден-бір жолы болып табылатын БАҚ-тың орны зор. «Қазақстандық БАҚ Орта Азияда, сонымен қатар ТМД-да жетекші орындардың бірінде тұр. Міне, соны біз барынша пайдалана білуіміз қажет», - деп тәмамдады сөзін сарапшы.
Ұлттық баспасөз клубының президенті Әсел Қарауылова тақырыпты имидж және бедел тұрғысынан қарастырды, егер де имиджді мемлекеттің өзі жасаса, бедел тек өзгелердің мойындауымен қалыптасады. Имидж тек құрғақ сөзбен ғана жасалмай, негізді және жан-жақты болуы тиіс. Оның айтуынша, мемелекет ел имиджін қалыптастыруға қыруар қаражат жұмсауда. Алайда имидждік саясатта ортақ стратегияняң болмауы қиындық туғызады. Бастама тек мемлекет тарапынан ғана туындайды. Дамыған туристік база, қызмет көрсету, визалық тәртіп және т.б. қарапайым нәрселер өте маңызды. Осы тұрғыда әлем мемлекеттің белгісі ретінде танитын бренд мәселесі де бой көтерді.
ҚМЭБИ-дің әлеуметтік ғылымдар факультет деканы Хал Фостер туристерді тарту мақсатында елдің саяси имиджі мен образы деген түсініктерді бөліп қарастыру екендігіне сенімді. «Туризм мен дамыған сервис оң имидж қалыптастыру жолдарының бірі», - дейді ол.
Осы және т.б. мәселелерді конференцияға қытысушылар қызу талқылады. Конференцияға ҚР дипломатиялық қызметінің негізін қалағандардың бірі - Сәлім Құрманғожин, ҚР дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қайраткері - Қайрат Исағалиев, «Ақиқат», «Мысль» журналдарының бас редакторы - Сейдахмет Құттықадам, Алматы қаласындағы «Казахстанская правда» газетінің бас редакторы - Елена Брусиловская, Қазақстан баспасөз клубының президенті - Әсел Қарауылова, ҚМЭБИ-дің (КИМЭП) әлеуметтік ғылымдар факультет деканы - Хал Фостер (АҚШ) және т.б. белгілі ғалымдар, имидждік саясат және паблик рилейшнз саласындағы мамандар, отандық және шетелдік БАҚ қызметкерлері, халықаралық және республикалық ғылыми білім беру қорлары мен ұйымдарының өкілдері қатысты.
Қазақстандық мамандар Ресейдің «Советник» журналының жеке тілшісі Владимир Павленконың да көрші мемлекеттің азаматы мен бақылаушысы ретінде пікірінен құлағдар болды.
ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі