Жарас Таубаев – жас ғалым, лингвист, филолог. Қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің Түркітану және тіл теориясы кафедрасының доценті, PhD докторы.
Жарас Тұрысбекұлы 2011 жылы Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің «Шетел тілі: екі шет тілі» мамандығы бойынша бакалавр академиялық дәрежесін алды. 2012 жылы Қазақ ұлттық университетінің филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің Жалпы тіл білімі және шетел филологиясы кафедрасының «Шетел филологиясы» мамандығының 1-курс магистратурасына қабылданып, 2014 жылы үздік тамамдады. 2014-2017 жылдары «Шетел филологиясы» мамандығы бойынша PhD докторантураны аяқтаған.
Жас ғалымның ҚР білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетіне кіретін ғылыми журналдарда 10 мақаласы, Scopus базасында үш ғылыми мақаласы жарияланған.
Бүгінде Жарас Таубаев шетел тілінің әдебиетін зерттеу (америкалық, британиялық), мәдениаралық қарым-қатынас теориясы мен практикасы, саяси дискурс семантикасы мен прагматикасы, ағылшын тілінің жазба стилистикасы, ағылшын тілінің фразеологиясы, шетел тілін оқыту прагматикасы бағытында ғылыми зерттеулерін жүргізуде.
Әсіресе негізгі бағыт ретінде ономастика мен терминологияның жаңа зерттеу нысаны болып саналатын эпонимдерді, олардың саяси дискурстағы прагматикалық қызметі мен әлеуетін, манипулятивті ықпалын жан-жақты зерттеуде. Өйткені қазір отандық ғылымда эпонимдер тыңғылықты зерттелмеуде және ғылыми жұмыстар (докторлық диссертация) жоқтың қасы, эпонимдердің саяси мерзімді басылымдардағы (ағылшын, орыс, қазақ тілдерінде) прагматикасы, олардың салғастырмалы талдауы сирек қарастырылуда. Яғни жаңа әрі өзекті бағыт және зерттеуді талап етеді. Болашақта саяси дискурстағы эпонимдердің прагматикасы бағытында монография шығаруды және саяси эпонимдердің қысқаша сөздігін құрастыруды жоспарлауда.
Ғылыми бағытпен қатар, оқу-әдістемелік бағытта да зерттеулер жүргізуде. Атап айтқанда, халықаралық стандартталған тестілерді оқыту (IELTS), шетел тілін оқытудың және сыни ойлауды қалыптастырудың прагматикалық тәсілдері, мәдениаралық қарым-қатынас теориясын прагматикалық компоненттермен тиімді оқыту, шетел тілін мәдениаралық мәнмәтінде оқыту секілді бағыттарда семинарлар ұйымдастырып, ғылыми мақалалар жариялауда.
Қытай Халық Республикасы
2012 жылы Пекин қаласында «Шетел мұғалімдеріне қытай тілін оқыту» әдістемелік семинарына қатысып, сертификат алды. Тағылымдама барысында шетел тілін оқыту әдістемесімен, әдіснамасымен тереңірек танысып, мол тәжірибе жинақтады.
Америка Құрама Штаттары
2013 жылы Нью-Йоркта Campus Education ғылыми-зерттеу орталығы мен Колумбия университетінде тағылымдамадан өтіп, кәсіби білігін арттырды. Әлемнің үздік 10 университетінің қатарына кіретін Колумбия университетінде The significance of Academic and Scientific writings in Scientific articles тақырыбында тағылымдамадан өтті. Докторантура бағдарламасы аясында 2015-16 жылдары шетелдік ғылыми кеңесшісі У.Риверстің жетекшілігімен «Біріккен ұлттық тілдер комитеті және тілдер, халықаралық білім консулында» (Вашингтон, АҚШ) ғылыми тағылымдамадан өтіп, сертификат алды. Сондай-ақ диссертация тақырыбына байланысты Мэриленд университетінде 2020 жылы (Колледж Парк) шақырылған ғалым ретінде ғылыми жоба аясында жұмыс істеді. Жарас ағылшын тіліндегі қанатты сөздердің, идиомалардың және тұрақты сөз тіркестерінің қазақ тіліндегі баламаларын ұсынып, қазақ тілінің Америка лингомәдениетіне кеңінен таралуына, қазақтілді контенттің көбеюіне өз үлесін қосты.
Ресей Федерациясы
Жас ғалым Мәскеу қаласындағы «Жоғары экономика мектебі» ғылыми-зерттеу университетінде «Шетел тілдері және мәдениаралық қарым-қатынас» тақырыбы бойынша тағылымдамадан өтті.
«Үздік жас ғалым – 2022» ТМД
Жарас Тұрысбекұлы 2022 жылы ТМД елдерінің оқу және ғылым мекемелерінің жас ғалымдары арасында ұйымдастырылған байқауға ғылыми жұмысын ұсынып, І дәрежелі дипломмен, «Үздік жас ғалым – 2022» медалімен марапатталды.
Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ