Ғылыми-әдістемелік семинар

27 қаңтар, 2023

Семинарда төрт спикердің тұшымды баяндамалары тыңдалды.

Педагогика және білім берудегі менеджмент кафедрасының 2 курс докторанты Шапамбаева Айдана «Формирование исследовательской культуры будущих учителей через Action reseach в системе высшего образования Казахстана» тақырыбында жүргізген тың зерттеу нәтижесімен бөлісті. Жоғары білім беру жүйесінде Action reseach арқылы зерттеу мәдениетін жүзеге асыратын парадигманың болашақ мұғалімдерді дамытудағы үлесі, жалпы зерттеудегі инновациялық реформаларды жүзеге асыру, білім беру саласындағы түбегейлі өзгерістер, оку-тәрбие үдерісінде ақпараттык, коммуникациялық технологияларды кеңінен пайдалану және т.б. басшылыққа алынады. Зерттеуші диссертациялық тақырыбы аясында жүргізілген тәжірибе нәтижесін ұсынып, Action reseach арқылы зерттеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған авторлық бағдарлама мазмұнымен таныстырды. Қызығушылық танытқан докторанттардың тарапынан бағдарламамен тереңірек танысып, зерттеу әдістемелерін қолдану мүмкіндіктерін қарастыру үшін ашық платформа құру туралы ұсыныстар тасталды. 

Философия кафедрасының 3 курс докторанты Байжұма Самет «әл-Фарабидің дін философиясындағы адам мәселесі» тақырыбындағы баяндамасы тыңдалды. Арқау болған тақырыптың аясында Фарабидің дүниетанымы мен пәлсапасы, адам туралы ой-толғаулары баян етілді. Докторанттың диссертация тақырыбының негізінде жарық көрген басылымдарының көшірмелері көрсетілді.

Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасынан Бейсенова П. «Өндіруші саладағы еңбек қақтығыстары: Қазақстан мен Қырғызстан елдеріне салыстырмалы талдау» тақырыбына дайындаған баяндамасы мазмұнды болды. Зерттеуші тақырып негізінде салыстырмалы талдау жұмысын графикалық модель арқылы ұсынды. Тәжірибелік жұмыс барысында туындаған мәселелерді қозғап, оларды шешу жолдарын қарастыру жоспарымен бөлісті.

«Қазақстан моноқалаларындағы көші-қон процестері: даму тенденциялары мен факторларына әлеуметтік талдау» тақырыбында әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының 3 курс докторанты Азнабакиева Мәрия баяндамасын ұсынды. Қазақстан моноқалаларындағы көші-қон процестеріне сипаттама бере отырып, ағымдағы жағдайға байланысты бірқатар түйткілді мәселелерді тарқатты. Атап айтқанда: шетелдік жұмыс күшін іріктеу мен қолданудың сараланған тетіктерін түзу; ішкі көші-қонды дамыту мен халықтың ұтымды орын ауыстыруын қолдау; заңсыз көші-қонға қарсы тұру жолдары; ішкі-сыртқы қатерлерді болжау. Сонымен қатар, көші-қон процестерін реттеудің халықаралық тәжірибесі мысалға келтірілді.

Жалпы семинарға ұсынылған тақырыптардың негізінде сұрақтар қойылып, қатысушылар пікір алмасты.

Ғылыми-әдістемелік семинарды факультет деканы Б.Б. Мейрбаев қорытындылай келе, тұшымды нәтижелі бандамаларлы жариялымға беруді ұсынды.