ҚазҰУ делегациясы Рединг және Уорик университеттерінде болды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев бастаған делегация Лондонға жұмыс сапары аясында Рединг университетіне барды.
Қазақстан делегациясын вице-канцлер, Рединг университетінің профессоры Роберт Ван де Ноорт қарсы алып, университет қызметі және ондағы зерттеулердің негізгі бағыттары туралы баяндады. Сонымен қатар Жаһандық серіктестік бөлімінің басшысы Стив Томас интернационалдандыру, трансұлттық білім беру және жоғары оқу орындарымен серіктестік туралы ақпаратпен таныстырды.
Рединг 1926 жылы университет мәртебесін алды және 1984 жылы Булмерше атындағы жоғары білім колледжімен біріктірілді. Қазіргі уақытта университет үш – өнер, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар, жаратылыстану ғылымдары және қолданбалы ғылымдар факультеттерінен тұрады. Университет QS World басты рейтингінде 229-орында.
Кездесу барысында тараптар білім мен ғылымды дамыту, академиялық ұтқырлық және жас ғалымдар мен оқытушыларды ғылыми зерттеулерге тарту жөнінде пікір алмасты. ҚазҰУ мен Ұлыбританияның жоғары оқу орындары арасында ынтымақтастық туралы 10 келісімге қол қойылғаны атап өтілді.
Шетелдік мамандарды тарту бағдарламасы аясында PhD докторанттарға дәрістер оқу және ғылыми жетекшілік ету үшін Ұлыбританиядан үш профессор шақырылды. ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану, химия және химиялық технология факультеттері Британдық кеңес және Рединг университетімен бірлесіп Қазақстан экологиясы мәселелеріне қатысты халықаралық семинарлар өткізді.
Қазіргі таңда ҚазҰУ-да Брайтон және Рединг университеттерімен «Гемоперфузияға арналған наноқұрылымды көміртекті адсорбенттер» атты ҚР БҒМ (ҚР ҒЖБМ) қаржыландыратын бірлескен ғылыми жоба іске асырылуда. Рединг университетінің профессоры Виталий Хуторянский – жоба жетекшілерінің бірі.
Сондай-ақ ҚазҰУ делегациясы Уорик университетінің қызметімен танысты. ЖООпрофессоры, проректор Кристин Эннью 1965 жылы негізі қаланған оқу орны жайлы әңгімеледі. Ол мұндағы негізгі білім беру бағыттары туралы айтып, университеттің ғылыми әзірлемелерін коммерцияландырудың кейбір жоспарлары туралы мәлімет берді. Уорик университеті M5 Universities білім беру мекемелері тобының құрамына кіреді және Еуропалық университеттер қауымдастығының мүшесі болып табылады.
Кездесулер ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен жүзеге асты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі