Мен Ағабек Айсұлу 2022-2023 оқу жылының күзгі семестрінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Корея Республикасы, Канның қаласындағы Канның-Вонджу университетінде 4 ай көлемінде оқу сапарында болдым. Оқу барысында Канның-Вонджу университетінің кәсіби, білікті оқытушыларының дәрістерін тыңдап, практика жүзінде өзімнің де білімділігімді арттырып қана қоймай, шетелдік студенттермен таныс болып, әр түрлі кездесулер ұйымдастырып, шетелдік студенттермен де студенттік өмірімнің қызықты кездерін өткіздім.
Әрине, әуел баста Корей мемлекетіне барған сәтте оңайға соқпады. Қаншама биік ғимараттар, қаншама бейтаныс дүниелер, қаншама жаңа адамдар. Барлығы көз тартарлық сұлу және қызықты болып көрінгенімен, әлі көп нәрсе бізге таныс болмағандықтан қорқынышты болып та көрінді. Алайда уақыт өте келе бізге суық, қорқынышты болып көрінген Корей мемлекеті қызықты естеліктермен есімізде қалған болатын.
Ең алғаш рет Канның қаласына келген кезде бізді университетіміздің оқытушылары мен шетелдік студенттер үшін жауапты мамандар күтіп алып, бізге алғашқы апталарда шетелдік өмірге тез бейімделуімізге көмектесті, сондай-ақ, университеттің оқытушыларымен таныстыра отырып, университетке қатысты бірқатар құнды ақпараттармен бөлісті. Оқытушылар, расымен де біздің еш қорықпай, тез бейімделуімізге көп көмектерін тигізді.
Канның-Вонджу университетінің оқытушыларының студенттерге деген үлкен түсіністік пен жылы көзқарастарының арқасында студенттер мен оқытушылар арасында жақсы байланыс орнады. Осылайша сабақтарымыздың тез әрі өте қызықты өткенін байқамай да қалатынбыз. Сондай-ақ, Корей мемлекетінде оқу барысы кезінде байқағаным – оқытушылар теориядан гөрі практикаға көп мән беретіндігі. Бұл әдіс студенттердің білімін ғана емес, көпшіліктің алдында сөйлеу қабылеті мен топтық жұмыстарды жасау қабылетін арттырып, әрбір студенттерде сенімділікті нығайта түсуге көмектесті.
Оқудан бөлек, Канның-Вонджу университеті шетелдік студенттер үшін ұйымдастырған әр түрлі қызықты бағдарламалары да сабақтан бір сәт ойымыз бөлініп, әсем жерлерді тамашалап, демалуымызға мүмкіндік берді. Мәселен, Канның қаласындағы атақты арт-музей, әсем таулары мен ағаштарымен көздің жауын алатын табиғатқа серуен, сұлулығымен баурайтын Донхэ теңізі, Оңтүстік Корея мен Солтүстік Кореяның шекарасында орналасқан зона - DMZ секілді жерлерге университеттің бөлген қаражатына барып, көп ақпараттармен танысып, қызықты уақыт өткізіп қайтқан болатынбыз. Сондай-ақ, “Global 1:1 Buddy” бағдарламасы арқылы біз корей достарымызбен айына бірнеше рет кездесулер ұйымдастырып, корей жастарының өмірімен таныс болып әрі сөйлеу дағдымызды да дамыттық.
Қорытындылай келе, қысқа уақыт ішінде біз жаңа эмоцияларды сезініп, қаншама жаңа тәжірибелерді басымыздан өткізіп және әрине, жаңа білім алдық. Бұл оқу сапарым мен үшін ешқашан өшпейтін өмірімнің бір бөлшегі ретінде әрі үлкен өмірлік тәжірибе ретінде есте қалды. Осындай естен кетпес мүмкіндіктерге жол ашқан Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің оқытушылар құрамына алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да Қиыр Шығыс кафедрасының үмітін ақтауға тырысамын.
Басқа жаңалықтар


