ҚазҰУ-да Күләш Шәмшиденова көшбасшылық дәріс оқыды

24 ақпан, 2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрайымы Күләш Ноғатайқызы Шәмшидинова көшбасшылық дәріс оқыды.

 

Іс-шараға көрнекті ғалымдар, қоғам қайраткерлері, университеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастар қатысты.

Көшбасшылық дәрісті университет басшысы Жансейіт Түймебаев құттықтау сөзбен ашып, Күләш Ноғатайқызының табысты еңбек жолына тоқталды.

«Күләш Ноғатайқызы Шәмшидинова университетіміздің химия факультетінің түлегі. Ол қарапайым мектеп мұғалімінен Білім және ғылым министріне дейін көтерілген тұлға. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап білім беру саласында жауапты қызметтер атқарды. Білікті маман, іскер ұйымдастырушы ретінде еліміздегі білім, ғылым саласындағы реформаларды іске асыруға атсалысты», – деді университет ректоры.

Күләш Ноғатайқызының басшылығымен жүргізілген зерттеулер негізінде Ұлыбритания және Сингапур сияқты т.б. беделді халықаралық білім беру мекемелерінің тәжірибесіне негізделген зияткерлік мектептердің білім беру бағдарламалары әзірленіп, қолданысқа енгізілген.

Осы орайда, білім беру саласына сіңірген ерен еңбегін ескеріп, университет ректоры Күләш Ноғатайқызын мерейлі 65 жасымен құттықтап, «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Құрметті профессоры» атағымен марапаттады.

Спикер өз сөзінде ҚазҰУ үлкен білім, ғылым жолына бастаған алғашқы баспалдақ болғанын, сол үшін қара шаңырақ оқу ордасы қашанда ыстық екенін атап өтті.

Күләш Шәмшидинова бала тәрбиесі ең өзекті мәселелердің бірі екеніне назар аудартып, «Ой толғау нүктесі: орта білім мазмұны, мұғалім, қазіргі замандағы білім беру архитектурасы» тақырыбында дәріс оқыды.

«Бүгінгі күннің ұстазы – оқу-зерттеу тәжірибесін үздіксіз зерттейтін маман. Мұғалім – уақытты тиімді пайдаланатын, алдына қойылған міндеттерді дұрыс бағалап, оңтайлы шешу жолдарын тез табатын, қоғамға қызмет ететін және ол үшін толық жауапкершілікті мойнына ала білетін көшбасшы. Мұғалім болу – ең абыройлы әрі жауапты қызмет», – деп атап өтіп, өз тәжірибесімен бөлісті.

Спикер өз сөзінде білім экономикасын, жасанды интеллектіні дамыту жағдайында студенттердің білімдерімен қатар, сыни, шығармашылық, жүйелі ойлауын дамыту өте маңызды екенін атап өтті.

Дәріс соңында тыңдаушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ой-пікірлерін ортаға салды.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі