- Басты бет
- Жаңалықтар
- Мохсен ФАҒАНИ, Алматыдағы Иран Ислам Республикасының бас консулы: ӘРІПТЕСТІГІМІЗ КҮН САЙЫН ҰЛҒАЙЫП КЕЛЕДІ
Мохсен ФАҒАНИ, Алматыдағы Иран Ислам Республикасының бас консулы: ӘРІПТЕСТІГІМІЗ КҮН САЙЫН ҰЛҒАЙЫП КЕЛЕДІ
Қазақстан мен Иран Ислам Республикасы арасында саяси қатынастар орнағаннан бері Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Иранның бірнеше университеті арасында ғылыми және әріптестік байланыстар орнады. Осы уақыт аралығында ҚазҰУ мен Иран университеттері басшылығы екіжақты бірнеше сапар ұйымдастырды. Әріптестік оқытушы мен студент алмасу бойынша да жалғасып жатыр. Қазақстандық студенттер Иранда, ирандық студенттер ҚазҰУ-да білім алды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – Қазақстанның көне университеттерінің бірі. Орталық Азия аймағындағы аса іргелі оқу ордасы ретінде Иран Ислам Республикасымен байланыста маңызды орынға ие. Университеттің жоғары ғылыми деңгейге жетуі және QS рейтингінде 150-орынға көтерілуі білім ошағының мәнін арттырды. Мен Алматыға келгелі бері ҚазҰУ-дың басшылығымен, аса құрметті Жансейіт Түймебаев мырзамен бірнеше рет жүздестім. Бұл кездесулерде екі ел арасындағы ғылыми және университеттік байланыстарды кеңейту, әсіресе ҚазҰУ-да парсы тілін оқыту жолын күшейту, оқытушы мен студент алмасу, Иранда оқуға қызығушылығы бар қазақстандық студенттерге грант беру, екі тараптың әріптестігімен әртүрлі ғылыми және мәдени шараларды өткізу туралы әңгіме қозғалды. Қазір ҚазҰУ ұйымдастырған көптеген іс-шараларға қатысып жүрміз, екі тарап арасында байланыс пен өзара түсіністік қалыптасты. Иран Ислам Республикасының Бас консулдығы Наурыз мерекесінде бірінші рет Наурыз бутигі мен «Жеті син» дастарханын ұйымдастырды.
ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың 2022 жылдың маусым айында Иранға сапары барысында екі ел арасындағы Фарабитану жұмыс тобының құрылуы туралы ұсыныс жасалды және бұл мәселе Қазақстан Президенті тарапынан қолдауға ие болды. Содан кейін бастапқы жұмыс тобы құрылып, екі тарап өз өкілдерін ұсынды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Қазақстандағы ислам әлемінің ұлы ғалымы әл-Фарабиды екі елге ортақ ғалым ретінде зерттеу орталығы болуы әріптестік ауқымын ұлғайтты.
Иран Ислам Республикасы Бас консулдығының ҚазҰУ-мен әріптестігінің маңызды бағытының бірі – ирантану саласы және парсы тілін оқыту. Қазақ халқы парсы тілі және әдебиетімен бұрыннан таныс. 1930 жылдардың аяғына дейін қазақ ақын-жазушылары арасында парсы тілін жақсы меңгергендер аз болмаған. Қазақтың ұлы ақыны, дана Абай өзінің алғашқы шығармаларында парсының ұлы ақындарының рухынан қолдау іздейді. Ол алғашында парсының классик ақындарына еліктеді және шабыт алды. Тіпті бір өлеңінде «Фзули, Шәмси, Сәйхали, Науаи, Сағди, Фирдауси, Хожа Хафиз – бу һәммәси Мәдәт бер я шағири фәрияд» деп жазды.
Еліміздің тәуелсіздік алуымен қазақ халқы арасында парсы тілін оқу қайтадан жанданды әрі көптеген қазақ жастары парсы тілін оқуға қызығушылық танытты. Қазір ҚазҰУ оқытушылары да сол парсы тілі мен мәдениетіне қызығушылық танытқан алғашқы қарлығаштардың қатарынан. Оқу ордасында Ирантану кафедрасының құрылуы және бұл тілді оқытуға мүмкіндіктің берілуі студенттердің парсы тілін меңгеруге жол ашты әрі ирантану саласындағы зерттеулерге қолайлы жағдай туғызды. Соңғы жылдары парсы тілін оқытатын мамандықтарда студенттер саны азайып кетті, алайда Бас консулдықтың ҚазҰУ-мен, әсіресе шығыстану факультетінің деканы Наталья Ем ханыммен тығыз әріптестік байланысы арқасында алдағы жылдары парсы тілін оқитын студенттер саны мен ирантану мамандығына баулу көрсеткіші ұлғаяды деп үміттенемін.
Бас консулдықтың қолдауымен таяу арада консулдықтың мәдени бөлімі жұмысқа кіріседі. Сондай-ақ Иран мемлекеті парсы тілін оқуға қызығушылығы бар студенттерге бакалавриат, магистратура, докторантура деңгейінде Иранда оқуға грант бөлетінін мәлімдеді және студенттерді парсы тілі мен техникалық, басқа да кәсіби салалық арнайы бағдарламаларға магистратура мен докторантураға қабылдауға әзір. Әрине, парсы тілі мен ирантануда студенттерді көбейту Иран мен Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрліктерінің өзара әріптестігіне байланысты шешіледі. Меніңше, осы мәселе бойынша өзара түсіністік қалыптасу үстінде.
Жазып алған Айман БОРАНБАЕВА,
шығыстану факультеті ирантану бөлімінің меңгерушісі