ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ – АҚЫЛ-ОЙ ОЙЫНЫ

19 сәуір, 2023

Терең ойды талап ететін ұлттық ойындардың бірі – тоғызқұмалақ. Тоғызқұмалақ – қазақтың ұлттық дәстүрлі ойындарының бірі, ақыл-ой ойыны. Ойын танымдық, эстетикалық, спорттық, тіпті ғылыми аспектілерге ие. Тоғызқұмалақтың емдік қасиеті де бар, ол жасөспірімдер миын дамытады. Сондықтан ол жергілікті, ұлттық деңгейден асып, әлемдік маңызға ие. Бұл ойын ақыл-ойды дамытып қана қоймайды, ол тәртіпке үйретеді. Тоғызқұмалақ ойнаған бала өскен соң күнделікті жоспарын оңай құра алады, кез келген жағдайда өзін тұлға ретінде көрсетеді, белгілі бір оқиғаға байланысты өзіндік ұстанымы, көзқарасы болады. Ойын халықтың мінезін танытады.

   Тоғызқұмалақ ережелерінен қазаққа тән мінез-құлық ерекшеліктерін көруге болады. Отау саны мен құмалақ санының аталған ойындардан көптігі де ұлтымыздың жомарт, еркін болмысын сипаттайды, қазақ даласына тән кеңдігін көрсетеді.

    Ұлттық ойынымыз тоғызқұмалақты бүгінгі тарих бетінен өшірмей, келер өскелең ұрпаққа жеткізу – біздің басты парызымыз. Өзін қазақпын деп санайтын әрбір азамат тоғызқұмалақ ойынының ережесін біліп қана қоймай, оны жұртшылыққа насихаттауы тиіс. Таяуда ақпараттық технологиялар факультетінің Компьютерлік ғылымдар кафедрасы «Информатика» мамандығының 1-курс магистранттары мен «8D01502 – Информатика» мамандығының 1-курс докторанттары арасында «Халық ойыны – тәрбиенің бастауы» тақырыбында тәрбие сағатын ұйымдастырды. Бұл тәрбие сағатынан әр студент ұлттық ойындардың тұлғаны қалыптастырудағы рөлін түсінді. Тарихымыздың өткені мен бүгіні және өзекті мәселелері туралы ой қозғап қана қоймай, ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалған мәдениет үлгілерінің бірі – тоғызқұмалақ ойынының маңыздылығын ұғынды.

Қазақтың белгілі ағартушылары А.Құнанбаев, Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин халық ойындарының жас ұрпаққа білім берудегі тәрбиелік мәнін жоғары бағалап, адамның ойы мен іс-әрекетін танып-түсінуде жастардың эстетикалық, адамгершілік ой талабының өсуіне атқаратын қызметін жоғары бағаласа, М.Жұмабаев ойындарды халық мәдениетінің қайнар көзі, ойлау қабілетінің өсу қажеттілігі, тілдің, денешынықтыру тәрбиесінің негізгі элементі деп тұжырымдайды.

                                                                              Тиыштық ХАКІМОВА,

п.ғ.к., доцент

 Ләззат РАҚЫМЖАНОВА,

п.ғ.к., доцент, 

       ақпараттық технологиялар факультеті