Жасыл әлемнің қыр-сырын зерттеуші
Көшбасшы университетімізде білікті мамандар аз емес. Солардың арасында көпшілікке үлгі болатын өз ісінің майталмандары жетіп-артылады. Сондай кәсіби маманның бірегейі – биология және биотехнология факультеті Биоалуантүрлілік және биоресурстар кафедрасының ұлағатты ұстазы, көрнекті ғалым, тек ботаника саласында ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның білім беру ісінде де танымал, биология ғылымының кандидаты, доцент Әбибулла Әметов.
XX ғасырдың 60-жылдары сол кездегі елдегі жалғыз университетте терең білім алуға талпынған қазақ жастары көп болды. Әбибулла Әметұлы жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанып оқуға қабылданды. 1967 жылы «Ботаника» мамандығы бойынша оқу ордасын аяқтады. Ауылдан келген жас жігітке алғашқы кезде сабақ біраз қиыншылық туғызғаны да анық. Өйткені ол кезде көптеген пәндерден қазақтілді мамандар жоқтың қасы еді. Алдына үлкен мақсат қойған Әбибулла барлық ауыртпашылықты жеңіп оқу озаты атанды, тіпті сабақтан қолы бос кезде ғылыми жұмыстармен де айналысып, жасыл әлемнің қыры мен сырын зерттеуге бел буды.
Болашақ академик ҰҒА-ның вице-президенті болған, Одақ көлемінде ризология ғылымын дамытуға үлкен үлес қосқан Иса Байтулиннің ұсынысымен өсімдіктің маңызды органдарының бірі – тамыр жүйесін зерттеуді қолға алды. Осы салада Әбибулла Әметұлы Қазақстанның ботаника ғылымының дамуына ерекше үлес қосты. Кәсіби маман болып шығуына өзі білім алған университеттегі ұстаздарының еңбегі, өзінің жаңалыққа деген талпынысы зор болды. 1968-1971 жж. Ботаника кафедрасының аспиранты атанды. 1974 жылы кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғады.
Әбибулла Әметұлын 1981 жылы факультет басшылығы педагогикалық жұмысқа шақырды. Ұзақ уақыт биология факультетінің Ботаника кафедрасында ассистент, аға оқытушы, доцент, профессор міндетін атқарушы ретінде қызмет атқарып келеді.
Көрнекті ғалымның қаламынан туған жүздеген ғылыми еңбегі бір төбе де, орта мектепке және жоғары оқу орындарына арнап жазған «Ботаника» оқулықтарының өзі бір төбе. Оған дәлел – ЖОО-ға арнап жазған оқулықтың бірнеше мәрте баспадан шығуы. Сонымен қатар Әбибулла ағамыздың әрі әріптесіміздің жетекшілігімен қаншама бакалавр, магистранттар дипломдық жұмыстарын, диссертацияларын ойдағыдай қорғап, өмірден өз орнын тауып жатқанына куәміз. «Білімі көп адам құралы сай ұста секілді: не істесе де, келістіріп істейді», – деген Ахмет Байтұрсыновтың сөзі әріптесімізге арналғандай сезінеміз. Ә.Әметұлы өз ісіне қатал талап қоя білетін, сексеуілдің тамырындай терең білімін (өйткені ризолог-ғалым ғой) жастарға толықтай беруге шаршамайтын ғалым-ұстаз. Мәселен, студенттерді түрлі табиғи биотоптарға экскурсияға шығарып қана қоймай, онда жинаған өсімдіктерді анықтап, ретке келтіру, гербарий жасау, білімдерін тексеру, ақыл-кеңес беру және т.б. өте маңызды іс екені белгілі. Осы салада да Ә.Әметұлы тынымсыз еңбек еткені бәрімізге аян. Десе де, оқу-далалық практикасына баратын 300-ден астам студентке өсімдіктерді анықтау кезінде күні бойы жәрдем беруі де, бір өзі 3-4 ботаниктің атқаратын жұмысын атқаруы да оның өз ісіне шын берілгенін көрсетпей ме?
Әбибулла Әметұлы кафедрада 40 жылдан астам еңбек етуде. Көрнекті ғалым әрі ұлағатты ұстаз 200-ден астам ғылыми жұмыстың авторы, оның ішінде 2 монография, 7 оқулық, 10 оқу құралы, «Өсімдіктер систематикасы» бойынша (қазақ және орыс тілдерінде) екі тест тапсырма жиынтығы жарық көрді.
Ол әріптестеріне, шәкірттеріне, білім алушыларға көмегін еш уақытта аямайтын, ақыл-кеңес беруден жалықпайтын, кез келген жағдайда қол ұшын беруге дайын тұратын нағыз азамат. Осы кезде Уильям Уордтың «Жай мұғалім айтады, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады» деген сөзі еріксіз еске түседі. Осы сөздің соңғы екеуі әріптесіміздің табиғатын ашып тұр десек, артық болмайды. Өйткені осы екі қасиеттің екеуін де Ә.Әметұлының бойынан әр уақытта табуға болады.
Зерделі ғалымның жетекшілігімен бір кандидаттық, бір РhD ғылыми дәреже алуға арналған диссертация қорғалды. Қазір «8D051808 – Геоботаника» мамандығы бойынша 4 РhD докторант дайындау үстінде. Ұлағатты ұстаз докторанттарға «Жергілікті флора», «Өсімдіктер интродукциясы», «Геоботаниканың өзекті мәселелері», «Өсімдіктер географиясы», «Индикациялық геоботаника» және т.б. курстардан дәріс оқиды. Әбибулла Әметұлы ботаника және геоботаника саласындағы өзекті мәселелерді шешуде «Биологические особенности, современное состояние и охрана ценопопуляций некоторых редких видов растений Алматинской области» (2011-2014 жж.), «Ботанические исследования некоторых перспективных видов из семейства Polygonaceae Juss. (род Polygonum L.) местной флоры» (2012-2014 жж.), «Оценка состояния ценопопуляций некоторых редких, лекарственных видов растений Заилийского Алатау с использованием ботанических и молекулярно-генетических методов» (2015-2017 жж.) ғылыми жобаларына жетекшілік етті.
Әбибулла Әметұлы – адамгершілігі мол, білімпаз, отаншыл, ұлтжанды, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін, қазақша айтқанда: «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат. Өте әңгімешіл. Елдің тарихы мен дәстүрін терең білуші, көсемсөздің қас шебері, шежіреші.
Бірлікбай ЕСЖАНОВ,
б.ғ.к., доцент
Әсел ЧИЛДИБАЕВА,
PhD, аға оқытушы