Ұлттық рух пен сананың жаңғыру күні
Кез келген мемлекеттің қазіргі заманға сай дамуы мен тарихи тәжірибелері тек экономикалық және саяси жағдайымен ғана емес, сондай-ақ мәдени құрылыс тәжірибесімен танылады. Осы орайда, ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы әкімшіл-әміршіл жүйенің қыспағына ұшырап жазықсыз жапа шеккен ел азаматтарының есімін естен шығармағанымыз абзал. Олардың әрқайсысы сол тұста Қазақ елінің болашағы мен ұлт ретінде қалыптасуы үшін қалтқысыз қызмет жасап және сол жолда құрбан болды.
Олардың есімін халық жадында сақтау мақсатында тұңғыш президент Н.Назарбаевтың тікелей жарлығымен 1997 жыл «Жалпыұлттық келісім мен саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды еске алу жылы» болып бекітілсе, ал саяси қуғын-сүргінге жазықсыз ұшыраған тұлғаларды жас ұрпақ мәңгілік есте сақтау үшін 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп белгіленгені баршамызға мәлім.
Шынында да, кеңестік қоғам тұсындағы қазақ тарихының қайғысы мол, қасіреті ауыр парақтары жеткілікті. Қазақстанның халық жазушысы Ә.Кекілбаев айтқандай, «Адам да, қоғам да ешқашан өз тағдырына өзі енжар қарап көрген емес». Сондықтан тарихи құбылыстардың ел санасында мәңгілік сақталуының сыры осында жатса керек. 1920 жылдардың басында елдегі репрессиялық саясаттың күшті жазалаушы механизмі қалыптасып, 1930 жылдар бойына «халық жауларымен» үзіліссіз күрес жетілдіріліп отырды. Әсіресе бұл механизм 1937-38 жылдары үлкен террор кезінде қарқынды жұмыс атқарды. Олардың басынушылық әрекеттері, сот істерін жаппай өңдеп, оларды «жоспарлы» түрде соттауға дейін жеткізуі репрессияның жаппай етек алуына түрткі болды. Егер де 1930 жылдың ортасында саяси репрессия орталықтағы және жергілікті жердегі сталиндік жетекшілікке қарсы белгілі және айқын әлеуетті тобына жүргізілсе, 1937 жылдары террор жаппай сипат алды.
1920 жылдардың аяғы мен 1930 жылдардың бастауында қарқынды қалыптаса бастаған Кеңес елінің өз халқына қарсы жүргізген бұл саясаты 1937 жылы берік әрі күшті заңдық күшке ие болды. Үкімет қаулылары мен партия директивалары КСРО-ның ОГПУ (Біріккен мемлекеттік саяси басқарма), ІІХК (Ішкі істер халық комиссариаты) тікелей бұйрықтарымен бекітіліп отырды. Бұл құжаттар өзінің өте қатаң жазалау шараларымен, шексіз жасандылығымен, кінәлау, кінәсіздерді негізсіз айыптауларымен, контрреволюциялық қылмыстарға қатысты баптардың нақты еместігімен ерекшеленгенін білеміз.
Кеңестік тоталитарлық қоғам билік тармақтарын бір-бірімен сабақтастыра байланыстырып, сот билігін саясатқа бағындырды. Сот билігі өзіндік мәртебесінен айырылған тұста өрескел заңсыздықтар етек алып, адам құқықтары аяққа басылды. Бұл негізінен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағаттарындағы құжаттарға қол жеткізу қиындығы, жасалынған қылмыстың ауқымды әрі қатерлігінде болса керек. Мысалы, 1920-30 жылдардағы қазақ қоғамының дәстүрлі әрі табиғи дамуына жат саяси-экономикалық науқандардың қазақ қоғамына үйлесімсіздігін айтқан қазақ зиялылары жаппай қудаланды.
Бұл 1925 жылдың күзінде Қазақстан басшылығына Ф.Голощекиннің келуімен одан бетер ушығып, өлкені кеңестік өзгерістерден тыс қалған деген желеумен «Кіші Қазан» төңкерісіне ұласты. Оның жүргізген саясаты ұлт зиялыларын жаппай қудалаумен бірге, «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен астасып, ұжымдастыру, бай қожалықтарын тәркілеумен жалғасты. Тікелей үкіметтің ықпалымен жүрген бұл саясат 1932-33 жылдардағы аштық, 1937-38 жылдардағы репрессияға ұласты.
Ал 1954 жылы ел басшылығы үшін жасалған айрықша баяндамаға сүйенсек, революцияға қарсы қызмет дегенді білдіретін РКФСР Қылмысты істер кодексінің 58-бабы бойынша, Кеңес Одағында сотталғандардың жалпы саны 3 миллион 770 мыңнан астам екен. Соның 642 980-і атылған. Тарихшылардың есебі бойынша, 1927 жыл мен 1953 жылдар арасында 40 миллион адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Ал Қазақстан бойынша бұл сан 100 мыңнан асып жығылып, оның 25 мыңнан астамы атылды. Мұндай озбыр саясат тек ел азаматтарына ғана емес, олардың бүкіл отбасы мүшелеріне де қолданылды.
Кеңестік жүйе назарына іліккен отбасы мүшелері мұқият тексеруден өткізіліп, олар туралы толық мәліметтер жинақталған. Мәліметтерге сүйене отырып, отбасының сотталған мүшесінің аты, тегі, фамилиясы, қылмыс түрі және оның қай кезде жасалғаны туралы анықтама жазылатын болған. Сондай-ақ отбасы құрамының тізімі (айыпкермен бірге тұратын және оның қарамағындағы) және әрбір отбасы мүшесіне толық мәліметтер жинақталған. Мәселен, айыпкер азаматтың әйелі туралы мәлімет бірінші кезекте, содан соң оның 15 жастан асқан балалары тіркелген. Отбасында жасы келген қарттар мен кіші жастағы балалардың күтімі турасында мәлімет топтастырылған. Егер 15 жастан асқан баланың еңбекке жарамдылық бейімділігі болса, оларды арнайы жұмыстарға жіберу үшін мақсатты анықтама жасаған. Ал кіші жастағы балалар арнайы есепке алынған. Толық анықтамалар жасалып болған соң, оларды тұтқындау мен жазалау шаралары орын алған.
Cаяси қуғынға түскен азаматтардың әйелдерінің басым бөлігін сотталушыны жасырған, сотталушының контрреволюциялық іс-әрекетін білсе де, тиісті билік органдарына хабарламаған әйелдер ретінде жауапқа тарту жиі кездескен. Мұндай санаттағы айыптаулар санаты өте көптеп кездеседі. Бәрімізге белгілі болғандай, қазақ зиялылары жарларының көпшілігі осындай айыптауларға ұшырап, тіпті олардың соңы ату жазасын арқалағандары да кездеседі. Ұлы Отан соғысы жылдары АЛЖИР-де 8 мыңнан астам әйел қамауда отырған. Олардың ішінде маршал М.Тухачевскийдің қарындасы, А.Енукидзенің қызы мен әйелі болса, ал қазақтың беткеұстар азаматтары Бейімбет Майлин, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Темірбек Жүргенов, Нығмет Нұрмақов, Санжар Асфендияров, Телжан Шонанов сынды азаматтардың жарлары жоғарыда аталған дәлелсіз айыптармен жапа шекті.
Әрине, олардың біраз бөлігі Н.Хрущевтың тұсындағы «жылымық жылдарында» жанашыр туыстарының бірнеше мәрте Жоғарғы сотқа жазған өтініштерінен кейін ақталғанымен, басым бөлігінің есімін толығымен жариялауға тек соңғы жылдары ғана мүмкіндік туды.
«Халық жауларының» отбасы, оның ішінде әйел-аналарды қуғындау шараларының ең сорақысы – оларды ату жазасына кесу болды. Олардың қатарынан қазақ әйел-аналарының да есімдерін көре аламыз. Мәселен, Шахзада Шонанова, Торғай Сүлейменова және Мәмилә Таңатова. Үшеуі де өте жас және саяси айыптаудың құрбаны болды.
Десек те, еліміздің еңсесі түзеліп, егемендік алған тұста өткен тарихтан сабақ ала отырып, жаңа көшке жаңа бағыт, тың идеялармен қадам бастық. Бүгінгі қалыптасқан Қазақстан мемлекеті де өткеннен сабақ алып, жас ұрпақ санасын ұлты үшін күрескен қайраткерлер, оның көш басында тұрған Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, Т.Рысқұлов, Т.Шонанов және т.б. қазақ зиялы қауымын еске алу арқылы қайта жаңғыртып жатыр. Осыған орай, 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық азабын тартқан жандарды еске алу күні ұлттық рух пен саяси сананы жаңғырту мақсатындағы ерекше күн ретінде жадымызда ұстау екенін ұғынуымыз керек.
Гүлжазира ӘБІКЕНОВА,
Қазақстан тарихы кафедрасының қауымд. профессоры, т.ғ.к.
Мәдина БАЙДӘУЛЕТОВА,
аға оқытушы, PhD