Егер, дүние шіркіннің дидарында адам көңілін жұбататын, жүрегін жылытатын, санасын сергітетін бір құбылыс болса, ол – Дәулеткерейдің күйлеріндей-ақ болар. Ұлы күйші қиын заманның қасірет қамауына тап болған бейбақ халқын домбырасымен жұбатқан.
29 ақпанда механика-математика факультетінде қазақтың әйгілі күйші-композиторы Дәулеткерей Шығайұлының кешінде Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген өнертанушысы, ҚР композиторлар Одағының мүшесі Юрий Аравин осылай деді. «Менің қазақ күйіне деген қызығушылығымды оятқан бірден-бір тұлға Дәулеткерей. Күйдің құдіреті сонда әуен мені өзіне еріксіз елітіп алып кететін», - дейді ол. Оның әкесі Алматы концерваториясы музыка тарихы кафедрасының меңгерушісі әрі Дәулеткерейдің ұстазы болған. Міне, сондықтан да бала кезінен күй құдіретін құлағына құйып өскен. Ол «Дәулеткерейдей күйшісі бар қазақ халқы бақытты» деп, қазақтың ұлттық мәдениетін жоғары екендігін айтты.
Кеште «Арнау» фольклорлық-этнографиялық балалар ансамблі өнер көрсетіп, университет студенттері күйтартыс болды.
XIX ғасырда өмір сүрген талант иесі ғұмырын қазақтың киелі аспаттарына арнап, ұлттық музыканы қалыптастырып, Александр II тұсында Ресей сахнасында орындап, өнеріне бас идірген. Дәулеткерей, ұзақ уақыт өмір сүрмесе де артына өлмес, өшпес мұра қалдырып кеткен ұлы күйшілердің бірі. Оның "Қоңыр", "Желдірме", "Керілме", "Ысқырма", "Қосішек" атты күйлері тіршілік-тұрмыстағы әр алуан көріністерді бейнелейді.
Дәулеткерей төре күйлерінің дәстүрін біржолата орнықтырып, төре тартысты тұтас бір мектеп ете алған. Сондықтан да болар, Дәулеткерейді академик А. Жұбанов "төре күйлерінің атасы" деген.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі