Жас мұрағатшылардың VI жазғы мектебі өз жұмысын бастады

7 маусым, 2023

Алматыда «Архивтердің ашықтығы мен қолжетімділігі: дамудың жаңа трендтері» атты жас мұрағатшылардың VI жазғы мектебінің ашылуы өтті. Оның жұмысына Ресей, Әзірбайжан, БАӘ, Өзбекстан, Беларусь, Қазақстанның университеттері мен мұрағаттарының басшылары мен өкілдері, сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар, ҚазҰУ оқытушы-профессорлары, магистранттар, докторанттар қатысты.

Шараның ашылуында ҚР Президенті Әкімшілігінің жалпы бөлімінің меңгерушісі Нұрдәулет Төлеев құттықтау сөз сөйлеп, жыл сайын өткізілетін жазғы мектеп жас мұрағатшылар үшін халықаралық пікірталас алаңына айналғанын және оның негізгі міндеті архивтану, құжаттану және археографияның өзекті мәселелерін талқылау болып табылатынын атап өтті.

Сондай-ақ ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат, Біріккен Араб Әмірліктерінің Ұлттық кітапханасы мен мұрағаттарының бас директоры Абдулла Маджид әл-Әли, Беларусь құжаттану және мұрағат жұмыстарының ғылыми-зерттеу институтының директоры Андрей Рыбаков және т.б. сөз сөйлеп, жазғы мектеп қатысушыларының жаңа білім алуына тілектестік білдірді.

Жазғы мектепте архив ғылымы, археографияны цифрландыру саласындағы соңғы жетістіктер, мамандар және тәжірибе алмасу, цифрлық экономиканы қалыптастыру жағдайында құжат айналымын жетілдіру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.

Жазғы мектеп мұрағат мекемелерінің жас қызметкерлеріне, студенттерге, магистранттарға, докторанттарға тәжірибе алмасуға, біліктілікті арттыруға, мұрағат ісі саласындағы жетекші шетелдік сарапшылардың шеберлік-сағаттарында жаңа білім алуға мүмкіндік береді.

Айта кету керек, жазғы мектеп дәстүр бойынша Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында мұрағат саласындағы Қазақстандағы ғылыми-әдістемелік орталық болып табылатын ҚР Президентінің архивімен және құжаттанушылар мен мұрағатшыларды даярлау жөніндегі ірі жетекші оқу орталығы – Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің тарихи-архивтік институтымен (Мәскеу қ., Ресей) бірлесіп өткізіледі.

Жазғы мектептің екінші күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жалғасады. Мектеп бағдарламасы аясында Иордания, Моңғолия, Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей, Өзбекстан ғалымдары мен мамандар дәрістер мен шеберлік сабақтарын өткізеді. Білікті мамандардың баяндамалары тыңдалып, сала бойынша өзекті мәселелер талқыланып, қорытынды шығарылады.


 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі