Метеоролог студенттер өндірістік тәжірибеден өтті
Өндірістік тәжірибе – студенттің дайындық кезеңіндегі ең маңызды кездің бірі. Бұл өндіріс процесін іштей танып білетін, оқу барысында алған білімді тиянақтайтын және қолданатын уақыт. Сондай-ақ студенттер өндірістік тәжірибе кезінде кәсіпорынның қызмет ету ерекшеліктерін көреді әрі бұл теориялық білімнен жан-жақты ерекшеленетін тәжірибелік жұмыс дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Студенттер оқуды аяқтағаннан кейін жұмысқа орналасатыны анық. Ал бұл кез келген кәсіпорын үшін өз қатарын жас, дарынды, білімді, білікті мамандармен толықтыру мүмкіндігі екені айдан анық. Осы орайда, география және табиғатты пайдалану факультеті Метеорология және гидрология кафедрасының 4-курс студенттері де жаңа білім алуға және өздерінің тәжірибелік мүмкіндіктерін кеңейтуге ұмтыла отырып, «Қазгидромет» РМК-ның республика бойынша филиалдарында өндірістік тәжірибеден өтті.
Тәжірибе барысында «Қазгидромет» РМК филиалының жалпы жұмыс режимі, ондағы атқарылатын жұмыс түрлері және қызметкерлер туралы танысу жұмыстары жүргізілді.
Синоптик маман қысқа мерзімді болжау бөлімінде жер картасымен қатар, биіктік карталарын да өңдеп, талдау жасайды. Арнайы әдістемелерді қолдану арқылы ауа райына болжау жүргізеді. Ауа ластануының мәліметтері бойынша айлық бюллетеньдер жасалады.
Алматы қаласындағы филиал Алматы қаласы, Алматы облысы және жалпы ҚР территориясындағы таулы өңірлерге ауа райы болжамын жасайды. Ол метеорологиялық болжам ғана емес, сонымен қатар қар көшкіні, сел қаупі, су тасқыны болу қауіптері және т.б. ауа райының қауіпті құбылыстары жөніндегі мәліметтермен төтенше жағдайлар мекемесін қамтамасыз етеді.
Синоптиктер филиалда тәулік бойы кезекшілікпен жұмыс істейді (таңғы 08:00-ден 08:00-ге дейін). Таңғы 06:00-де бақылау жасалатын күн туралы мәліметтерді жіберіп, бақыланған тәулікте байқалған ерекше құбылыстарды, синоптикалық жағдайлар туралы және қауіпті метеорологиялық құбылыстар байқалған уақытта келесі келетін кезекші синоптикке баяндап береді.
Синоптик өзінің жұмыс күнін сол тәулікке арналған жер картасын, абсолюттік топография (850, 700, 500 гПа) және салыстырмалы топография (ОТ 500/1000) карталарын өңдеуден бастайды. Синоптикалық карталарды өңдеу барысында жалпы болжам жасалып, арнайы бланк қағаз жүзінде толтырылады және бұл әрекеттерді орындау барысында Алматы қаласының бланкісін толтыру Өзбекстан Гидромет орталығының бланкісімен салыстыру арқылы жүзеге асады. Дәл осылай Батыс Қазақстан аудандары Түркия елінің Гидромет орталығы мәліметтерімен қарастырылады. Себебі Түркияда Қазақстанның батыс территорияларына қажет мәліметтердің өңделу және толтыру уақыттары сәйкес келеді.
Болжам жасалатын күнге жасалатын бланк қолайсыз метеорологиялық жағдай жоспарында электронды түрде де толтырылып, бір күндік дайын болжам алынады. Яғни синоптик өзінің жұмыс күнін ауа райы болжамдарын толықтыру және қауіпті штормдық жағдайлар байқалуы мүмкін болса, сол жайында ақпаратты Төтенше жағдайлар министрлігіне хабарлаумен бастайды. Қауіпті метеорологиялық құбылыстар байқалуы мүмкін болған жағдайда сол аудан тұрғындарына 112-ден хабарламалар жолданады.
Гидрометеорологиялық болжамдардан басқа, ауаның ластану деңгейі анықталады, яғни Р параметрінің мөлшері анықталады және ауаның ластануына, оның таралуына әсер ететін метеопараметрлерді толтырады (3-сурет). Оларға жер беті мен 850 мб деңгейіндегі ауа температурасы (12-48 сағат), жел жылдамдығы мен бағыты, минималды және максималды ауа температурасы, жауын-шашын көрсеткіштері жатады. Сонымен қатар ауаның ластануына әсер ететін элементтер туралы мәліметтер де қарастырылады. Бұл мәліметтерді арнайы химик мамандары сағат 12:00-де жібереді. Алынған барлық мәліметтер біріктіріліп, «Қазгидромет» РМК сайтына жүктеледі. Тәжірибеден өту күндері төрт күн қатарынан Алматы қаласы қызыл аймақта болған жағдайлар да кездесті.
Метеорология мамандығының 4-курс студенттеріне «Қазгидромет» РМК республика бойынша филиалдарында өткен өндірістік тәжірибе болашақ жұмыс барысын игеруге, олардың өз мамандығына деген қызығушылығын арттыруға түрткі болды. Сонымен қатар жұмыстың реттілігімен, зерттеу түрлерімен танысуда зор тәжірибе жинақтады.
Гүлнұр МУСРАЛИНОВА,
Метеорология және гидрология кафедрасының
аға оқытушысы