Топтық жұмыстың тиімділігі

1 шілде, 2023

Бүгінгі жаһандану дәуірінде білім беру  жүйесін жетілдіру арқылы әрбір азаматтың потенциалы жоғары, эрудициясы кең тұлға ретінде танылуында деңгейлік оқыту бағдар­ла­ма­сының маңызы орасан зор. Жаңа бағдарлама білім алушыларға оқытудың жеті модулін пайдалану арқылы оқыту мен оқудағы қазіргі заманауи әдіс-тәсілдерін қол­да­нуға, бағалауға, өзін-өзі реттеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ өздерінің арасындағы және оқытушы мен оқушы арасындағы ынтымақтастықты орнатуға үйретеді, сын тұрғы­сынан ойлау қабілеттерінің жетілуіне, дарынды ба­ла­лардың қалыптасуына, оқу үдерісі кезінде және келешекте көшбасшылық қасиеттерінің артуына ықпал етеді.

Жаңа әрі жылдам құбылмалы өмір жағдайында өзгермелі педа­го­гикалық парадигма білімді де бі­лікті, тың серпіліске, өзгеруге дайын және жаңа талап меже­сі­нен көріне алатын шығармашыл, кәсіби шебер мұғалімдерді қажет етіп отырғанына көзіміз жетті.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауында айтыл­ған­дай, өркениетті елдердің қата­рына қосылу үшін еліміздің білім беру жүйесін дамыту – басты мақ­сат. Бұл мақсатты жүзеге асы­ру жолында еліміздің дамуы­на өзіндік үлес қоса алатын, жаңашыл идеямен қаруланған білімді азаматтарды тәрбиелеу міндеті ұстаздардың жауапкер­шілі­гіне жүктеледі. Ұстаздарға қойы­латын талаптардың бірі һәм бірегейі – білім алушыларға өз бетінше білімді зор ынтамен иге­руге және шығармашылық қа­сиет­терін арттыруға ықпал ету. Ол үшін оқу-тәрбие үрдісінде жаңа әдіс-тәсілдерді қолдануды, соның ішінде топтық жұмыстарды тиімді ұйымдастыруды жүзеге асыру керек.

Бірлескен топтық жұмыс, диа­лог­тік оқыту, сын тұрғысынан ой­лау стратегиясы, дарынды ба­ла­­лар­­дың қажеттілігін ескеру мақ­­­са­тында оқуды саралау стра­тегиясы және оқытудың жаңа мо­дулі туралы жалпы түйіндеген қоры­тын­ды ойларымды оқыр­ман­дармен бөліскенді жөн көр­дім. Жаңашылдыққа жаны құштар білімгерлерге жаңа әдіс-тәсілдер арқылы білім беру олардың тұлғалық қасиеттерінің жетілуіне, заман ағымына сай болашақ маман ретінде қалыпта­суы­на зор мүмкіндік бере алаты­нын үнемі жадында ұстайтын ұс­таз ретінде оқытудың жаңа бағ­дарламасын бүгінгі күнде тиімді қолдануға тырысамын.

Топтық жұмыс әрекетін орын­­­дау кезінде көптеген тиім­ді тұс­та­рын байқауға болады: білім­гер­лер арасында өзара ын­­ты­мақ­тастық атмосферасының қалыптасуы, белсенділік пен білім алуға деген құлшыныстың одан ары артуы, тұлғалық дара­ла­нуы, білімнің сапалы игерілуіне жол ашылуы. Топқа бөлу әдісі сабақтың жүйелі, тиянақты түрде өтуіне мүмкіндік береді. Сабақты ұйымдастыру барысында топтық жұмыстың дәстүрлі оқыту жүйе­сіне қарағанда маңыз­ды­лы­ғы ерекше екенін айтқым келеді.

Топтық жұмысты жүзеге асыру барысында білімгерлер сабаққа белсене қатысады, ой-пікірді шы­дам­дылықпен тыңдайды, беріл­ген тапсырманы орындау кезінде өз­ге білімгерлердің қате жауа­бына бірден кемшіліктерін айта салмай, сыйластықпен, түсініс­тік­пен жауап қатып отырады. Яғни өз-өздеріне сыни тұрғыдан қа­рауға алғашқы қадам жаса­лы­на­ды, басқа топтан ерекшелену үшін әрқайсысы өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарап, бәсе­ке­ге қабілеттілігін көрсете алады. Бі­лім алушылар өздерін еркін ұс­тай отырып, өз ойын еркін жет­кізе біледі, ал еркіндік қашанда әр адамға қажетті қабілет. Сон­дай-ақ кейбір студенттер өздерін басқа қырынан да танытты, мы­салы: постер қорғау кезінде көр­кем­дік безендірудегі белсенділік, түйін сөз жасауда ақындық қа­сиет, шығармашылыққа жол ашы­лады. Сондықтан да мен шә­кірт­терімнің келешегіне жауапты оқытушы ретінде топтық жұ­мыс­тарды жүргізу кезінде жоғарыда аталған әдіс-тәсілдерді ескеріп, әр білімгердің тұлғалық қа­сиет­терін арттыруға баса назар аударамын.

Инновациялық технологияны тереңінен меңгерген, жаңа әдіс-тәсілдерді оқу үдерісінде тиімді қолдана білетін ұстаздар шәкірт­те­рінің ойлау, пайымдау қабілет­те­рін арттырып, өмірлік ұста­ны­мының қалыптасуына ықпал ете білуі тиіс. Ол үшін білім алу­шы­лардың шығармашылық қабілет­те­рін дамытып, кез келген жағ­дайға өзіндік көзқарасын білдіру үшін білім беруде сын тұрғысынан ойлауды енгізу қажет. Сын тұр­ғы­сынан ойлау дегеніміз – елімізде қазіргі таңда білім беру жүйесінде өзіндік орнын алып үлгерген оқы­тудың модулі. Кез келген жағ­дай­дан, әсіресе тығырыққа тірелген жағдайдан жылдам әрі сәтті шығу үшін сын тұрғысынан қарап, тал­дау жасап, анализ ұсыну қашанда өзекті. Бұл қасиеттерді тұлға бо­йы­­на жастайынан қалып­тас­тыру барысында оқытушылар ана­литик ретінде сындарлы оқыту бағ­дарламасымен жұмыс жүргізе алуы керек.

Дәстүрлі оқыту жүйесінде бас­ты рөлді оқытушы «сомдаса», қа­зір­гі жаһандану заманында білім алушыға деген танымдық көз­қа­рас өзгеріп, «білімгер үні» қағи­да­­­сы қалыптасып, білім алушы­лар да «өзіндік рөлдерін» көр­­сетіп, бел­­сенділік танытуда. Білімгер­лер­­дің ойлау деңгейі мен зерттеу­ші­лік қабілетін арт­тыруда, пәнді игеруге деген қы­зы­ғушы­лы­ғы­ның жоғарылауына сын тұр­ғы­сынан ойлаудың орны ерекше. Бұл тех­но­­логияның даму тарихы, қол­да­нылу аясы тереңде жатыр. Көп­теген атақты педагог ға­­­­­лым­дардың зерттеуі нәти­же­сін­де оқу процесіне енгізілген атал­ған модуль бүгінде өз же­місін бе­руде.

Сын тұрғысынан ойлау не­гі­зінде білім алушылардың моти­ва­циясының артуы, тәуелсіз әрекет етудегі белсенділіктің қалып­та­суы, әрбір мәселені пайымдай алуы, тек пәнге қатысты емес, жан-жақты ойлана алуы, яғни басқа ғылымдармен сабақ­тас­ты­ра білуі, логикалық тұрғыда жүйе­лі­ліктің пайда болуы, біліктілік пен дағдыларының қалыптасуы оқу-тәрбие үрдісінде әрқашан маңызды болмақ.

Қазіргі заман талабына сай, әр оқытушы өзінің кәсіби білімін үнемі шыңдап, қалыптасқан бір сарынды сабақтан гөрі заман ағымына сәйкес жаңа иннова­ция­лық технологияларды күн­де­лікті пайдаланса, сабақ қызықты, көңілге қонымды әрі тиімді бола­тыны сөзсіз.

 Болатхан СЕРҒАЗЫҰЛЫ,

филология ғылымының кандидаты