Қазақ диаспорасының тарихын зерттеген ғалым
Халқымызды ілім-білімге бағыттауға шексіз еңбек сіңірген Алаш арыстарының бірі, ағартушы әрі педагог Ахмет Байтұрсынов атамыз: «Балам дейтін елі болмаса, елім дейтін бала қайдан шығар», – дегенді бекер айтпаған болар. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Қазақстандағы ең алғашқы университеттердің бірі, қара шаңырақ аталып келген Қазақ ұлттық университеті тарих факультетінің ұстаздары университеттегі барлық факультеттер мен мамандықтарға сабақ беріп, бәсекеге қабілетті білімді жастарды тәрбиелеп, олардың алға қарай ұмтылуына, ғылым мен білімге бейім болуына қосқан үлесі зор.
Тарихын білмей, алға қарай даму мүмкін емес. Төл тарихымызды оқыту арқылы біз білімді, болашағын болжай алатын, саналы әрі Отанын сүйе білетін, рухы жоғары жаңа буын жастарды қалыптастыра аламыз.
Бүгінгі жас буынды тәрбиелеу, білім беру саласында үздік педагогтердің ішінде ерекше оқытушылардың бірі, ұлағатты ұстаз, шебер ұйымдастырушы, зерттеуші ғалым, білімді кадрлар даярлауға өзінің үлесін қосып келген тарихшы-ғалым Гүлнар Қозғамбаеваның орны бөлек. Үлгі-өнеге болатын ұлағатты ұстаздардың өмірі – ғибрат, қалдырған ғылыми мұрасы – өшпес қазына Гүлнар Бестібайқызының өмірі мен қызметіне тоқталып өтуді жөн деп таптым.
Гүлнар Бестібайқызы 1990 жылы М.Әуезов атындағы педагогикалық институтының тарих факультетін «Тарих және педагогика» мамандығы бойынша үздік дипломмен бітіріп, 1994-98 жылдар аралығында Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ аспирантурасын оқып, 1999 жылы «Моңғолиядағы қазақ диаспорасының тарихы: бүгіні мен ертеңі» тақырыбында диссертация қорғап, Отан тарихы (Қазақстан Республикасының тарихы) мамандығы бойынша тарих ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін алады. 2000-09 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы, 2009-12 жж. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасында аға оқытушы, доцент (2011 ж.) қызметтерін атқарды. Сөйтіп, қызметтің барлық баспалдақтарынан өтіп, 2013 оқу жылынан бастап Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих факультеті Қазақстан тарихы кафедрасына доцент қызметіне орналасып, бүгінгі күнге дейін сәтті жалғастырып келеді.
Гүлнар Бестібайқызы 2022 жылы желтоқсанда тарих мамандығы бойынша профессор атағын иеленді. Әрі 2022 жылғы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының иегері болуына орай, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің төсбелгісімен және стипендиясымен марапатталды.
Ғылым жолын педагогикалық қызметпен ұштастыра білген ұстаздың педагогикалық еңбек өтілі 33 жыл ішінде үш ғылыми монография, 12 оқу құралын жазды. Бес оқу-әдістемелік құрал мен бір электронды оқу құралы, үш электронды оқулық (авторлық бірлестікте) және «Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы» пәні бойынша дайындалған МООК авторы (авторлық бірлестікте) кеңінен танымал болды. Сонымен қатар 165-тен аса ғылыми мақалалары мен баяндамалары бар, оның ішінде ККСОН басылымдарында 51 мақала және шетелдерде өткен конференцияларда жасаған баяндамалары негізінде 15-і жарық көрген. Scopus мәліметтер базасына енген журналда жеті мақаласы жарияланған, оның ішінде төрт мақаланың процентилі 50-ден жоғары.
Гүлнар Бестібайқызының педагогикалық шеберлігі шыңдалған, кәсіби біліктілігі жоғары ұстаз деуге толық негіз бар. Ұстаздың жетекшілігімен бакалавриат пен магистратурада көптеген шәкірттері диплом, диссертациялық жұмыстарын жоғары деңгейде қорғап, кәсіби маман ретінде түлеп ұшып жатыр. Ал 2020 жылы ҚР ЖОО студенттерінің ХІ республикалық студенттік пәндік олимпиадасында (Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ) және 2021 жылы ҚР ЖОО студенттерінің ХІІ республикалық студенттік пәндік олимпиадасында (Л.Гумилев атындағы ЕҰУ) Гүлнар Бестібайқызының жетекшілігіндегі тарих мамандығының студенттері олимпиада жеңімпаздары атанып, жүлделі орындарға ие болды. Профессор Г.Қозғамбаева жылда өтетін «Фараби әлемі» атты халықаралық студенттер мен жас ғалымдардың ғылыми конференциясында магистранттар мен студенттердің ғылыми жұмысына жетекшілік жасап, үздік баяндамалары үшін марапатқа ие болып жүр. Биыл, мәселен, 1-курс магистранты Е.Байдәулет жүлделі 2-орынды иеленді.
Бірінші курс магистранттарының ғылыми тарих-география тобының эдвайзер-кураторы ретінде қызмет атқарып жүрген профессор Г.Қозғамбаева тарих факультеті мен университеттегі басқа факультеттерде «Қазақстан тарихы», «Қазақстанның қазіргі заман тарихы», «Жаңа заман тарихы» пәндерінен бакалавриат студенттеріне және 1-2 курс магистрлеріне «Оқытушы-тарихшының методикалық құзыреттіліктері», «ХІХ ғасырдағы Орталық Азияның картографиялық зерттеулері», «Тарихты оқытудағы инновациялық әдістер» пәндерінен сабақ беріп, жас ұрпақты білімге баулып, рухани тәрбие беруде.
Ғылым жолында Гүлнар Бестібайқызы сырттағы қазақ диаспорасының тарихын зерттеген білікті маман. Сонымен қатар тарихты оқыту әдістемесі мен технологиялары бойынша көптеген еңбектердің авторы. Зерттеуші ретінде тарих саласында өзекті тақырыптар бойынша алыс және жақын шетелдерде өтетін конференциялар мен симпозиумдарға қатысып, баяндамалар жасайды. Мәселен, Түркия, Әзірбайжан және т.б. елдерде өткен конференцияларға қатысып, кәсіби шеберлігін шыңдап, авторлық патенттер мен әртүрлі деңгейдегі дипломдар, сертификаттар, алғыс хаттармен марапатталған.
Гүлнар Бестібайқызы Ұлттық бірыңғай тестілеуге арналған «Қазақстан тарихы», «Дүниежүзі тарихы», «Құқық негіздері» пәндері бойынша тест тапсырмаларын құрастырушы және сарапшысы ретінде 2019 жылдан бері қызмет етеді. Бұл ғалымның жауапкершілігі мол, білімі терең, кәсіби машықтанғанын көрсетеді.
Профессор Гүлнар Бестібайқызы кафедрада, ұжымда білікті маман, адамгершілік қасиеті жоғары, өз жұмысын жауапкершілікпен істейтін адал да қарапайым және шәкірттері алдында беделді тұлға.
Ұлағатты ұстаз, ғалым, шебер ұйымдастырушы ретінде Г.Қозғамбаева әлі бірнеше буын ұрпақты тәрбиелеп, елімізде білімді педагог кадрлар даярлауда өзіндік үлес қосатынына сенеміз.
Нәзия ТАСИЛОВА,
Қазақстан тарихы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, т.ғ.к.