- Басты бет
- Жаңалықтар
- Дәстүрлі «Бекмаханов оқулары» аясында ұйымдастырылған конференция өз жұмысын бастады
Дәстүрлі «Бекмаханов оқулары» аясында ұйымдастырылған конференция өз жұмысын бастады
6-7 сәуір аралығында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих, археология және этнология факультетінде дәстүрлі «Бекмаханов оқулары» аясында «Әлеуметтік-экономикалық және саяси келеңсіздіктер тарихы: теориялық-методологиялық қайта ойлау» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өз жұмысын бастады.
Конференцияның басты мақсаты: қазақстандық және дүниежүзілік тарихтағы ұлттық көлемдегі дағдарыстық оқиғалардың зерттелуіндегі теориялық және методологиялық әдістерді дамыту.
Алғы сөз алған профессор Талас Омарбекұлы дәстүрлі түрде өтетін «Бекмаханов оқулары» тарихымыздағы қайшылықты қиыншылыққа толы дерттерін талқылау болып табылады. Қазақ тарихындағы әлеуметтік экономикалық тұрғыда келеңсіздіктер көп болғаны белгілі. Мәселен, жоңғар шапқыншылығы кезінде, ұлт-азаттық қозғалысты басқарған азаматтар жазықсыздан-жазықсыз қасіретті жағдайға ұшырады. Тарихтағы міне осындай келеңсіздіктерге объективті түрде баға беру, тарихтың шынайы бет бейнесін білдіру және ертеңгі жастарға тарихты қалай жазу керектігін түсіндіру.
Сондай-ақ, конференцияда сонау түрік қағанатынан тәуелсіздігімізге дейінгі қазақ халқының қиын қалтарыстарды бастан өткерген кезеңдері жайында баяндамалар жасалды. Түркиядан арнайы келген Мимара Синан университетінің профессоры Ташағыл Ахмет «Түрік қағанаты құрылғаннан бұрын Орталық Азияда өмір сүрген тайпалар» жайында айтса, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Қойгелдиев Мәмбет «Ахмет Байтұрсынов кеңес үкіметінің Қазақстандағы ұстанымдарының негізсіздігі жөнінде» айтты. «Ортағасырлық Қазақстан тарихындағы миф және шындық» атты баяндама жасаған Абусеитова Меруерт, баяндамасы барысында сол кезеңдегі өмір сүрген мемлекеттермен ежелгі түріктер VI ғасырда дипломатиялық қарым-қатынас жасағандығы туралы да ақпараттарды келтіре кетті. Ал бүгінгі заманда біздің жастарымыз тарихымызды тереңірек білу үшін шығыс және батыс тілін меңгеруі керек. Сонда ғана әлемнің архивтерінен біз өзіміз жайлы толыққанды ақпарат ала аламыз дейді.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі