Тарихтың тың деректерін оқырманмен қауыштырды

18 мамыр, 2012

Қазақ тарихындағы тың деректер көпшілікке ұсынылды. 18 мамырда Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих, археология және этнология факультетінің Е. Бекмаханов атындағы дәрісханасында Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің құрметті профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты, тарих ғылымдарының докторы Болатбек Нәсеновтың қазақ тарихының өзекті мәселелеріне қатысты 23 кітаптан тұратын ХVІІІ томдығының тұсаукесері өтті.


Тұсаукесерге әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих, археология және этнология факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жәкен Таймағамбетов, осы университеттің дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының меңгерушісі, профессор Қалқаман Жұмағұлов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қамбар Атабаев, жазушы, медицина және педагогика ғылымдарының докторы, профессор Советхан Ғаббасов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, саясаттану ғылымдарының кандидаты Нығмет Жотабаев және қазақтың белгілі демограф ғалымы, саясаттану ғылымдарының докторы Мақаш Тәтімов, сонымен қатар басқа да елімізге танымал тарихшылар, жазушылар және жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. «Әр томды таныстыру үшін үш жылға жуық уақыт кетеді» деп астарлы сөз бастаған Болатбек Нәсенов жиылған қауымға әр кітаптағы тарихи деректерді баяндап, мұрағаттардан алынған тың деректерді сөз етті. Профессордың еңбектеріне архив қойнауындағы, әлі ешбір тарихшының қолына түспеген, бір де бір оқулықтарда кездеспеген деректер келтірілген екен. Мәселен Кенесары ханға қатысты және сол тұстағы тарихқа қатысты мұрағаттармен бұл уақытқа дейін Е. Бекмаханов пен Ә. Марғұлан ғана танысқан екен. Содан арада жылдар салып ол құжаттармен Б. Нәсенов танысып көпшілікке ұсынып отыр. Әрине қанша жыл бұрынғы тарихи деректерге қол жеткізу оңай емес. Онымен қоса мұрағаттар өз Отаныңда емес көрші елдердің төрінде орналасуы да зерттеулердің күрделі жүретіндігін тағы бір аңғартады. Осы ретте Болатбек Нәсенов: «Архивке баратын адам – қайратты, жігерлі, айтқан сөзінен қайтпайтын, кешігуді білмейтін, уақытты бағалайтын жан болу керек. Әр минутта жарты беттен, күніне 20-25 бет материал көшірдім», - дейді. Сондай тынымсыз еңбектің, табандылықтың нәтижесінде осындай құнды деректерге қол жеткізген оның бұл ісіне сенімсіздік танытқандар да көп болған екен.

«Қорғалып жатқан еңбектерге жиналатын мағлұматтар интернет желілерінен, дайын еңбектерден оңай көшіріліп жататындығын да көріп жүр көзі қарақты ғалымдар. Ал мына жаңа кітапта нағыз деректанушының ізденісі, табандылығы, жаңалығы», - деген Ж. Таймағамбетов бұл еңбектерді бүгінде оқытушылар оқу пәніне пайдаланып жатқандығын да айтып өтті.

Б. Нәсеновтың кітаптары 2002-2012 жылдар аралығында Алматы-Новосибирск баспаларында жарық көрді. І том - «Абыралы – Сарыарқаның кіндігі» (Алматы-Новосибирск, 2005), ІІ том - «Абыралы – қанды жылдары» (Алматы-Новосибирск, 2006), ІІІ том - «Абыралы сұңқарлары» (Алматы-Новосибирск, 2002), V том - «Абыралы саңлақтары», «Абыралы Тарлындары» (Алматы-Новосибирск, 2006), V том, «Қазақтың тарихы бай», «Қазақтың 200 жылғы тарихы» (Новосибирск, 2005), VІ том - «Бізде Абыралыданбыз» (Алматы-Новосибирск, 2005), VІІ том -«Халық жаулары», «Кең даланың күйреуі» (Алматы-Новосибирск, 2005), VІІІ том - «Тәттімбет», «Мәди» (Алматы-Новосибирск, 2005), ІХ том, «Абыралы көтерілістері» (Алматы-Новосибирск, 2005), Х том - «Кенесары – дала маршалы» (Алматы-Новосибирск, 2005), ХІ-ХІІІ том - «Абылай хан» (Алматы-Новосибирск, 2005, 2011), ХV том - «Қазақтардың тарихы. Хандар» (Алматы-Новосибирск, 2012), ХVІ-ХVІІІ том - «Әбілхайыр хан» (Алматы-Новосибирск, 2011).

Б. Нәсеновтың бұрын белгісіз болып келген деректерді ғылыми айналымға қосуы бұл кітаптардың орта ғасырлық және жаңа замандағы Қазақстан тарихының өзекті мәселелерін зерттеуде ғылыми құндылығын арттыра түседі. Болатбек Насеновтың тарихқа арналған кітаптар тізбегі тек тарихшылар мен әдебиетшілер үшін ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның өткеніне қызығатын барша көпшілік үшін де арналған.