"Адырна" ұлттық-этнографиялық порталы

21 мамыр, 2012

Тарихтың тың деректерін оқырманмен қауыштырды

Қазақ тарихындағы тың деректер көпшілікке ұсынылды. 18 мамырда Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих, археология және этнология факультетінің Е. Бекмаханов атындағы дәрісханасында Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің құрметті профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты, тарих ғылымдарының докторы Болатбек Нәсеновтың қазақ тарихының өзекті мәселелеріне қатысты 23 кітаптан тұратын ХVІІІ томдығының тұсаукесері өтті.

Тұсаукесерге әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих, археология және этнология факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жәкен Таймағамбетов, осы университеттің дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының меңгерушісі, профессор Қалқаман Жұмағұлов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қамбар Атабаев, жазушы, медицина және педагогика ғылымдарының докторы, профессор Советхан Ғаббасов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, саясаттану ғылымдарының кандидаты Нығмет Жотабаев және қазақтың белгілі демограф ғалымы, саясаттану ғылымдарының докторы Мақаш Тәтімов, сонымен қатар басқа да елімізге танымал тарихшылар, жазушылар және жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. «Әр томды таныстыру үшін үш жылға жуық уақыт кетеді» деп астарлы сөз бастаған Болатбек Нәсенов жиылған қауымға әр кітаптағы тарихи деректерді баяндап, мұрағаттардан алынған тың деректерді сөз етті. Профессордың еңбектеріне архив қойнауындағы, әлі ешбір тарихшының қолына түспеген, бір де бір оқулықтарда кездеспеген деректер келтірілген екен. Мәселен Кенесары ханға қатысты және сол тұстағы тарихқа қатысты мұрағаттармен бұл уақытқа дейін Е. Бекмаханов пен Ә. Марғұлан ғана танысқан екен. Содан арада жылдар салып ол құжаттармен Б. Нәсенов танысып көпшілікке ұсынып отыр. Әрине қанша жыл бұрынғы тарихи деректерге қол жеткізу оңай емес. Онымен қоса мұрағаттар өз Отаныңда емес көрші елдердің төрінде орналасуы да зерттеулердің күрделі жүретіндігін тағы бір аңғартады. Осы ретте Болатбек Нәсенов: «Архивке баратын адам – қайратты, жігерлі, айтқан сөзінен қайтпайтын, кешігуді білмейтін, уақытты бағалайтын жан болу керек. Әр минутта жарты беттен, күніне 20-25 бет материал көшірдім», – дейді. Сондай тынымсыз еңбектің, табандылықтың нәтижесінде осындай құнды деректерге қол жеткізген оның бұл ісіне сенімсіздік танытқандар да көп болған екен. Алайда он жылдам астам уақыт тарихи зерттеуге кіріскен ол сенімсіздіктерді сейілтуге Омбы, Мәскеу қалаларында табылған деректердің көшірмесінің қолда болғандығы, әр барған мұрағаттарға атын қалдырып отыруы себеп болғандығын айтады. Сондай-ақ, профессорлар Т. Кәкішев, Х. Шәлекенов және марқұм академик С. Зиманов сияқты басқа да тұлғалар еңбегінің шынайы бағасын беріп, зор сенім танытқандығын тілге тиек етті. Әрине, кітаптардағы бұрын сонды естілмеген, айтылмаған тың деректер кімді де болсын таң қалдырмай қоймасы анық. Тіпті, осындай тарихи шындыққа қол жеткізу мүмкін еместей көрінеді. Алайда, архивке жетудегі, мұрағат сөрелеріндегі жасырын да, құпия жатқан құжаттарды оқып, танысып оны қазақ еліне жеткізе білу бұл үлкен еңбек.

Тұсаукесер барысында тарихшы әр томның жай-жапсарына егжей-тегжей тоқталды. Мұндай том-том кітап шығаруға негіз болған деректерге жету жолында кездескен қиын да күрделі жолда қолды бір сілтей салуға да болар еді бірақ мақсатқа жету үшін аянбаған. Кітаптарда келтірілген қазақ тарихына қатысты мәселелердің бәрі де ҚР Орталық мемлекеттік мұрағат қорларынан, Семей қаласының ҰҚК мен полиция мұрағаттарынан, Ресей мұрағаттарынан алынған деректерге және куәгерлердің деректеріне негізделген. Мұнда Абылай хан мен Әбілқайыр ханға қатысты зерттеулер, Абай мен Ділдәға қатысты деректер тағысын тағы тарихи деректер айтылған. Ділдәнің шын есімі «Тілді» екен. Ал Абай 1843 жылы туған екен де, Ділдә 1848 жылы дүниеге келген. Міне осындай деректерді зерттеген Болатбек Нәсенов сонымен бірге «жүз» деген ұғымның қазаққа жат екендігін де түйіндейді. Қанша көне хаттармен танысса да онда жүз деген сөздің кездеспегенін орнына қазақта «орда» деген сөз қолданғанын айтады. Ал жүз деген ұғым Бөкей Ордасынан кейін ғана қолданысқа енген екен. Негізі қазақта үш мемлекет болғанын, жүз болмағандығын алға тартты тарихшы. Ендеше, жүз деген ұғым ұрысқа әскерді «жүзден» жіберу деген саннан шыққан. Сондай-ақ кітаптарда Тәуекел хан мен Тәуке ханның хаттары, Абай жасаған кодекс сияқты тың тарихи деректер бар. Осы ретте Б. Нәсенов заңгерлерге Абайдың кодексін табуды, зерттеуді құлаққағыс етті.

Жиындағы тарихшылар айтқандай, Б. Нәсенов бір өзі бір институттың жұмысын атқарған. Ал бұл ретте автордың өзі айтпақшы, «ақша жоқ деп кітап шығармау – тек жалқаулық» болмақ. Ол үшін жігерлі де қайратты болсаңыз шешілмейтін күрмеу жоқ. Деректану және тарихнама кафедрасының меңгерушісі, профессор Қамбар Атабаев бұл ретте «жаңа томдықтар деректанушыларға берілген дап-дайын азық» деп, «Болат Нәсенов – қазақ тарихы ғылымындағы сирек кездесетін құбылыс. Адам айтқысыз үлкен іс тыңдырылған. Бұл өлшеусіз еңбек – ұлтқа деген сүйіспеншіліктің, шынайы тарихқа деген жауапкершіліктің нәтижесі» екендігін жеткізіп, жоғары бағалады. Ал жазушы, Советхан Ғаббасов: «Жалпы ұлт болу үшін халықтық педагогика және тарих басты маңызға ие десек, бұл еңбек ұлт болып ұю үшін құнды. Өз тарихымызды өзіміз жазып жеткізбеу – үлкен қасірет. Ал мына жаңа кітаптар сол қасіреттің алдын алады», – деп тұжырымдады. Өз кезегінде пікір білдірген Мақаш Тәтімов Б. Нәсеновке «нағыз деректенушы» деп баға беріп, «автордың еңбегі қазақ тарихын зерттеудің үлгісі, осы еңбектер арқылы да үлкен тарихпен танысуға болады» дейді. Осылайша, қазақ тарихының өзекті мәселелеріне арналған томдықтар тарихшылардың, жас ғалымдардың, зерттеушілердің, саясаттанушылардың зор қолдауына ие болды. Қанша соқтықпалы, соқпақсыз жолдардың еңбегі ұлттың ұлт болуына үлкен азық деп құрметтелді. Тарихшы Жәкен Таймағамбетов қорытындылағандай, бүгінде ізденушілердің бәрі мұндай күрделілікке тәуекел етпейді. «Қорғалып жатқан еңбектерге жиналатын мағлұматтар интернет желілерінен, дайын еңбектерден оңай көшіріліп жататындығын да көріп жүр көзі қарақты ғалымдар. Ал мына жаңа кітапта нағыз деректанушының ізденісі, табандылығы, жаңалығы», – деген Ж. Таймағамбетов бұл еңбектерді бүгінде оқытушылар оқу пәніне пайдаланып жатқандығын да айтып өтті.

Б. Нәсеновтың кітаптары 2002-2012 жылдар аралығында Алматы-Новосибирск баспаларында жарық көрді. І том – «Абыралы – Сарыарқаның кіндігі» (Алматы-Новосибирск, 2005), ІІ том – «Абыралы – қанды жылдары» (Алматы-Новосибирск, 2006), ІІІ том – «Абыралы сұңқарлары» (Алматы-Новосибирск, 2002), V том – «Абыралы саңлақтары», «Абыралы Тарландары» (Алматы-Новосибирск, 2006), V том, «Қазақтың тарихы бай», «Қазақтың 200 жылғы тарихы» (Новосибирск, 2005), VІ том – «Біз де Абыралыданбыз» (Алматы-Новосибирск, 2005), VІІ том -«Халық жаулары», «Кең даланың күйреуі» (Алматы-Новосибирск, 2005), VІІІ том – «Тәттімбет», «Мәди» (Алматы-Новосибирск, 2005), ІХ том, «Абыралы көтерілістері» (Алматы-Новосибирск, 2005), Х том – «Кенесары – дала маршалы» (Алматы-Новосибирск, 2005), ХІ-ХІІІ том – «Абылай хан» (Алматы-Новосибирск, 2005, 2011), ХV том – «Қазақтардың тарихы. Хандар» (Алматы-Новосибирск, 2012), ХVІ-ХVІІІ том – «Әбілхайыр хан» (Алматы-Новосибирск, 2011).

Б. Нәсеновтың бұрын белгісіз болып келген деректерді ғылыми айналымға қосуы бұл кітаптардың орта ғасырлық және жаңа замандағы Қазақстан тарихының өзекті мәселелерін зерттеуде ғылыми құндылығын арттыра түседі. Болатбек Насеновтың тарихқа арналған кітаптар тізбегі тек тарихшылар мен әдебиетшілер үшін ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның өткеніне қызығатын барша көпшілік үшін де арналған.

Саягүл ӘЛІМБЕКОВА,

«Қазақ университеті» газетінің бас редакторы