"Президент және халық" республикалық саяси-қоғамдық газет
Білімнің шыңын бағындырғың келсе…
25-Мамыр, 2012 | 2 рет оқылған
Қазақ ежелден атақ пен данқ қумаған, жері қандай дархан болса, жүрегі де сондай дархан халық. Ғасырлар бойы тарихтың тұңғиық қатпарынан бойына ізгі қасиеттерді жинап, тереңге тамырланған баба дәстүрін ұрпағына аманаттап келеді. ХХ ғасырдың басында Алматы қаласында құрылған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бүгінде ғылым-білімнің киелі қара шаңырағына айналған.
Елбасы өзінің кезекті жолдауында: «Болашақ жастардікі», – деп мәлімдеген болатын. Сондықтан болар ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов университеттегі үздік, белсенді жастарға қолдау таныту мақсатында студенттердің ғылыми-зерттеу жобалары үшін гранттар бөлінетінін, оқуда озат, әлеуметтік жағдайы төмен студенттерге қолдау ретінде атаулы шәкіртақылар тағайындау саны артып келе жатқанын айтқан.
Ақылы бөлімде үздік оқып жүрген студенттердің төлем ақысына 25 пайыз жеңілдік қарастырылған. Көшбасшы университет еліміздегі ЖОО арасында бірінші болып компетентті оқытуды қолға алды. Сонымен бірге, білім ордасында жастарды ғылымға баулып қана қоймай, тәрбиелеуге де ерекше назар аударылған. Университетіміз студенттерді ғылым мен білімге ғана сусындатып қоймай, эстетикалық тәрбие жұмысына да зор көңіл бөледі.
Ұлы бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген екен. «Ел болам десең, бесігінді түзе», – деп Мұхтар Әуезов айтқандай өскелең ұрпақтың сапалы түрде білім алып, оның тұлғалық жағынан толық қалыптасуына ата-анасы, қоршаған ортасы және білім ордасы әсер етеді. Осыған орай, әр факультетте жүйелі түрде белгілі тұлғалармен өткізіліп тұратын кездесулер, студенттердің басқару ұйымдары өткізетін интеллектуалды іс-шаралар және тағы да басқа эстетикалық бағыттағы атқарылатын жұмыстар студент жастардың эстетикалық тәрбиесін арттырады.
Жылма-жыл дәстүрлі ҚазҰУ-да өткізілетін «Ана тілі – сұлтаны», «Ана тілі – аруы», «Жас Дарын», «Студенттік көктем», «Әз-Наурыз» байқаулары студенттерге патриоттық тәлім-тәрбие беріп, оларды ұлтжандылыққа тәрбиелеп келеді. Сонымен қатар, әр факультеттерде түрлі тақырыптарда, әсіресе әдеп, тәрбие, этика тұрғысында ой-жарыстар, пікірсайыстар болып тұрады. Осы өткізілетін игі шаралардың барлығы сайып келгенде студент жастардың әдепті, тәрбиелі болуына зор көмегін тигізетіні даусыз.
Зәулім ректораты аспанмен таласып, ауласы жасыл бақ пен ағашқа толы, төңірегіне 13 факультетті біріктірген алып ҚазҰУ-дың қалашығы мен Студенттер сарайы шет аймақтан келетін қонақтарға әсер етпей қоймайды. Жалғызаяқ жолдарымен ере берсеңіз, асқар тауларды көріп, табиғат пен адам сәулет өнеріне еріксіз бас иесіз. Тереңірек қалашыққа ене берсеңіз ағаш саясында тынығып отырған жастарды көре аласыз. Бұл – табиғат философиясын, яғни адам баласы мен табиғаттың арасындағы байланысты айтады.
ҚазҰУ-ға арнап өлең шығарған ақындар да аз емес. Солардың бірі өзімнің талапты студентім, жас ақын Оралбек Ысқақ. Ол өзінің бір өлеңінде:
Артта қалған балғын шақтың бәрі аңыз,
Соны ойласақ жадыраушы еді санамыз.
11-сыныпты аяқтап,
Енді міне, Алматыға барамыз.
Күйдіргенде тірлік тағдыр отына,
Өткен күндер бастады ойға тоқыла.
Бала кезден құштар едік түсуге,
әл-Фараби атындағы оқуға.
Елестейді ескі Алматы бұрынғы,
Жырларыма шабыт берші ғұмырлы.
Ақындардың құты болған Алатау,
Құшақ жая қабылдай гөр ұлынды, – деп келтірген ҚазҰУ қашанда студенттерді алыстан баурап, кең құшағына тартады.
Е.О. АРТЫҚОВА,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
гуманитарлық факультеттерге арналған шет тілдері кафедрасының
оқытушысы.