"Айқын" республикалық қоғамдық-саяси күнделікті газет
Баян ЖҰБАТОВА, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор: Уақыттағы нақтылық - табыс пен жетістікке жетудің кепілі
- Баян Нұрсұлтанқызы, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында білім беру жүйесін жаңғырту мәселесінің маңыздылығын айрықша атап, оқыту үдерісіне қазіргі заманғы әдістемелер мен технологияларды енгізу арқылы халықаралық стандарттар негізінде жұмыс істеу қажеттігін ескертті. Елбасы жүктеген бұл міндет қара шаңырақта қалай жүзеге асырылып жатыр?
- Уақыттың өзі талап етіп, Елбасы жүктеген міндеттерге орай қазақ білімі мен ғылымының қара шаңырағы саналатын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті зерттеу университетіне айналуды мақсат етіп отыр. Әрине, жаңа міндеттерді жүзеге асыру жолдары да жаңа болатыны табиғи заңдылық. Осыған орай ендігі жерде университет қызметінің басым бағыты - ғылымды дамыту екендігін Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мырза ерекше атап жүр. Өйткені PhD докторларын дайындау, инновациялық қызметтерді жандандыру жоғары оқу орындарында жүзеге асады, сондықтан ғылымның деңгейі мен оған жастарды тарту жоғары оқу орны жұмысын бағалаудағы негізгі өлшемдердің біріне айналып отыр. Биылдан бастап университетте кәсіби шеберлікті шыңдауды ынталандыру, шығармашылық бастаманы дамыту, еңбек нәтижелілігін қамтамасыз ету мақсатында рейтинг жүйесі енгізілді. Бұл жүйенің тұжырымдамасы оқытушылар мен студенттердің оқыту үдерісіндегі жұмысын бағалай отырып, материалдық ынталандыру арқылы олардың өз қызметінің сапасын арттыруға мүдделі болуына әкеліп саяды. Мұнда ерекше орын оқытушы-профессорлар құрамының рейтингісіне беріледі. Нәтижесінде мұның бәрі университеттің халықаралық ғылыми және білім беру кеңістігіне енуіне жол ашады.
- Білім беру қай кезде де тәрбие жұмыстарымен қоса-қабат жүргізілетіні белгілі. Бүгінгі күні бұл өзекті болып тұр. Өйткені ақпараттар тасқынының молдығы кей жағдайларда жастарға кері ықпал етіп жатқаны да сыр емес. Осындай ұнамсыз әсерлерді қалай азайтуға болады?
- Иә, кез келген білім беру мекемесі жұмысының басты бағыттарының бірі - жастарды тәрбиелеу. Қазіргі уақытта жастарға кері ақпараттық ықпалдың күшейіп отырғаны алаңдатады. Білім беру мекемелері бүгін интернет, компьютер клубтары, бейресми ұйымдар, діни экстремистік пиғылдағы бірлестіктер, түрлі әлеуметтік желілер секілді арналар арқылы келіп жатқан ақпараттар тасқынына төтеп бере алатындай көзқарасы, ұстанымы берік тұлғаны тәрбиелеуі қажет. Ал ондай деструктивті әрекеттерге қарсы тұрудың ең тиімді жолы - жастарды біліммен қаруландыру, тәрбие жұмысын күшейту. Елбасымыз биылғы Қазақстан халқына Жолдауында да оқыту үдерісінің тәрбиелік құрамдасын күшейту қажеттігін, патриотизм, мораль мен парасаттылық нормалары, ұлтаралық келісім мен толеранттылық, тәннің де, жанның да дамуы, заңға мойынұсынушылық секілді құндылықтардың меншіктің қандай түріне жататынына қарамастан, барлық оқу орындарында сіңірілу қажеттігіне тоқталды. Осыған орай Білім және ғылым министрі бұл істе басты жауапкершілік білім беру қызметкерлеріне - министрден бастап, әрбір педагогқа жүктелетінін ескертіп, тәрбие жұмысының жаңа әдістері мен нысандары арқылы алдын ала жұмыс жүргізу қажеттігін қатаң ескертті. Батыстағы білім беру доктринасы оқыту мен тәрбие жұмысын бір-бірінен дербес, бөлек қарастырады. Бұл, бір жағынан, қазіргі білім беру жүйесінің утилитарлы болуымен байланысты: ол, ең алдымен мамандық, ақша, табыс, пайда секілді құндылықтарға бағытталған. Ал Шығыс елдерінде білім беру ісі мен тәрбие екеуі егіз, бұл екеуі ұлттық дәстүрлерге негізделеді. Қытай, Жапония, Үндістан секілді елдердің оқыту жүйесін алып қарайтын болсақ, төменнен бастап жоғары сыныпқа дейін «Рухани тәрбие» деп аталатын пән міндетті түрде оқытылатынын байқаймыз. Бұл пән тұлғаны жан-жақты ашуға, мінезді тәрбиелеуге ден қойып, оқушыларды ойлауға, ой қорытындысын жасауға, шешім қабылдауға үйретеді, олардың бойына сабырлылық, төзімділік, еңбекқорлық секілді қасиеттерді дарытуды мақсат етеді. Жапониядағы мектеп мұғалімдері оқушының сабағы, тәртібімен қатар, олардың бос уақытын дұрыс пайдалануына да жауап береді. Шығыс мәдениеттерінде мұғалім тек білім беруші ғана емес, сонымен бірге тәрбиеші де. Сондықтан тәрбие жұмысын сауатты ұйымдастыру, оның жаңа үлгілерін іздеу шығармашылықты қажет етеді. Бұл тұста студент пен педагог арасындағы қарым-қатынас сенімге, әріптестікке, шынайылыққа құрылуы керек.
- Мұның бәрі жалпыға бірдей міндеттер дейік. Олар сіз басқаратын факультетте нақты қалай орындалып жатыр?
- Біздің шығыстану факультеті, онда қазір атқарылып жатқан істер, болашақ жоспарларға ойысатын болсақ, айтатын нәрселер жеткілікті. Шығыстану факультеті Шығыс халықтарының тарихы, мәдениеті, философиясы, ойлау ерекшелігі, тілі, рухани дүниесі секілді мәселелерді зерттеумен, оқытумен айналысатындықтан, мұнда өзге мәдениетті білу арқылы өз халқыңның ұлттық ерекшеліктерін тануға айрықша көңіл бөлінеді. Шығыстанушы-студент ең алдымен өз елін тануы керек, себебі ол болашақта Қазақстанды өзге елдерге танытатын болады. Бірақ біртұтас оқу орнының бір бөлшегі ретінде факультеттің негізгі бағыты университет саясатымен анықталады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басты мақсаты - үздіксіз өзгеріп жатқан әлемде бәсекеге төтеп бере алатын мамандардың сапасын анықтайтын өлшемдердің бірі - кәсіби шеберлік пен қай кезде сұранысқа сай болу болып қала бермек. Біздің факультетте де өзге факультеттердегідей, куратор-эдвайзерлер кеңесі жұмыс істейді, студенттерге арналған он үйірме мен клуб бар. Бұл тұста түрлі іс-шаралардың ерікті түрде орындалуы маңызды және бұл басты шарт. Әсіресе, бірінші курс студенттерімен жұмыс жүргізуде олардың бойындағы қызығушылығын, шығармашылық әлеуетін тану, оның көзін ашу эдвайзердің міндеті болып табылады. Жастарды кітап оқымайды, театрға бармайды деп көп жазғыратындар бар, алайда іс жүзінде мүлде олай емес. Факультетімізде талантты студенттер көп-ақ. Солардың бірі - қытайтану бөлімінің бірінші курс студенті Михаил Чурсин мектепті «Алтын белгімен» үздік бітірген. Қазақ тілін жақсы біледі, қытай тілін меңгеруде, сонымен бірге жазушылық, ақындық таланты да бар, бір кітабы жарық көрген. Оған сенім артып, әдеби клуб ашуды ұсынған болатынбыз, клубтың атын қазақша «Жүрек әні» деп атады, оның алғашқы жиыны поэзияға арналып, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері қазақша оқылды, орысша аудармаларын тыңдадық. Поэзияны сүйетін студенттер саны біз ойлағаннан әлдеқайда көп болып шықты.
Студенттер әлеуметтік жобаларға да көп атсалысады. Мейірім, жанашырлық, қамқорлық секілді рухани құндылықтардың жастар бойынан табылуы - болашаққа үлкен үмітпен қарауға мүмкіндік береді. Бұл, әрине, қуантады. Бүгінгі студенттер арқылы болашақ шығыстанушы мамандардың моделін тануға болады: олар өз елінің және оқитын елінің тарихын, мәдениетін жақсы білетін, кемінде бес тілді меңгерген (қазақ, орыс, ағылшын, негізгі шығыс тілін, екінші шығыс тілін), тез өзгеріп жатқан дүниеде өз бағытын айқын тани білетін, ақпараттар тасқыны заманында өзіне қажетті ақпаратты тауып ала білетін, логикасы мықты, терең ойлайтын жастар болмақ. Сондықтан жастарды кінәлай бермей, олардың жақсы жақтарын көбірек көріп, ақыл-кеңес беріп, жөн сілтеу, оқытушының қасиетті парызы болып қала бермек.
- Біз жастарды отаншыл, ел мүддесі үшін әрқандай қиын істерге дайын болуы және оларды абыроймен атқара білуі тиіс дейміз. Ал ондай елжандылық, Отан мүддесін өз мүддесінен жоғары қою қасиеті өз-өзінен қалыптаспайтыны белгілі. Осы тұрғыдан жастар арасында патриоттық тәрбиені нәтижелі жүргізу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
- Кез келген жас өз елін, ата-анасын сүюі үшін ең алдымен олардың қамқорлығын сезінуі қажет. Мұндай қамқорлық университет тарапынан үнемі көрсетіліп келе жатқанын айтуым керек және ол бос сөз емес. Биылғы жыл шығыстану факультеті үшін жақсы басталды деп айта аламын: ең алдымен бұрынғыға қарағанда кең жаңа ғимаратқа көшіп келдік, аудиториялар, кабинеттер толық жабдықталып, жұмыс істеуге ыңғайлы жағдай жасалғаны бізді қуантады. Университеттің әкімшілігінен жырақтау, дегенмен бұл мәселе де қазір шешілді: университет ректоратымен екі ортаға автобус қатынайтын болды. Интернет те өміріміздің ажырамас бөлігіне, күнделікті нормаға айналғаны бірінші жыл емес. Университет басшылығы академиялық саясатты тиімді жүзеге асыру үшін барлық жағдайды жасады деуге болады. Әрине, адам баласына өзі жоқ жердің бәрі жақсы секілді көрінетіні рас, америкалықтарға қарап тамсанамыз, еуропалықтарға еліктейміз, алайда жақсы өмірді құратын өзіміз екенімізді ұмытпауымыз керек. Ол елдердің де өз проблемалары жетеді. Бізге дәріс оқуға шақырылған америкалық ғалымның айтуынша, АҚШ университеттерінің оқытушыларына карьера жасау, ғылым саласында жетістіктерге жетіп, өзін таныту өте қиын. Тіпті суицидпен аяқталатын жағдайлар да жиі кездеседі екен. Мұның өзі бәсекенің үлкендігін, оған төтеп берудің қиындығын көрсетеді. Осы әңгімеден кейін қолыңда барды қадірлеу қажеттігін мойындайсың.
2011-2012 оқу жылынан бастап біздің университетте индикативтік жоспармен жұмыс істеу жолға қойылды. Әрине, жаңа нәрсенің бәрін тосырқап қабылдаймыз ғой. Алайда бұл адамдардың санасына, жұмысқа деген қатынасына үлкен өзгеріс енгізгенін айту керек. Әркім еңбегіне қарай ақша алатын болса, көрсеткіштеріне қарай ақы төленетін болса, ол үлкен ынталандырушы рөл атқаратыны анық. Жалпы, шығыс халықтары (қиыр- шығыстықтарды есептемегенде) жалпылама ойлауға бейім. Кеңістік пен уақыттағы нақтылық - белгілі бір табыс пен жетістіктерге жетудің кепілі. Жаңаша ойлау дегеніміз де - осы. Мәселен, корейлер мен жапондықтардан көп үлгі алуға болады. Ойлаудағы нақтылық істегі нақтылыққа жетелейді. Көп сөзден нақты істі жоғары қояды. Индикативті жоспар дегеніміз - осы. Нақты межені белгілегеннен кейін мақсат айқындалып, адам соны орындауға ұмтылады. Ал ойдағы бұлыңғырлық жақсы нәтиже бермейді.
- Қазір қоғам өмірінің қай саласында болсын, инновация жайлы көбірек айтылатын болды. Мұның білім беруге, ғылыми жұмыстарды дамытуға ықпалы қандай? Сіздерде оның қандай нақты мысалы бар?
- Бұл бағытта да жаңалықтар аз емес. Мысалы, ғылыми-инновациялық және халықаралық байланыстарымыз кеңейіп, нығайып жатыр. Ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыру байқауының нәтижесінде биылғы жылы көлемі 30 миллион теңгені құрайтын бес ғылыми жобаны гранттық қаржыландыру байқауында жеңіп алдық. Бұлардан басқа халықаралық байқауларға әлеуметтік-гуманитарлық саладағы жобаларды ұсынып отырмыз. Ал қолданбалы жобаларға келетін болсақ, халықаралық қатынастар, кино, әдебиет, туризм саласындағы түрлі аудармалар біздің мамандарымыздың қатысуымен жүзеге асып жатқанын айтуға болады.
Университет оқытушылары үшін оқытудың жаңа технологиялары мен әдістерін оқу үдерісіне үнемі және жүйелі түрде енгізу ең басты ұстаным болып қала бермек. Әсіресе, шығыс тілдерін үйретудің озық әдістерін меңгеру біздің факультет үшін ерекше маңызды. Академиялық мобильділік шығыстанушы студенттерге де, оқытушыларға да үлкен мүмкіндік береді. Жыл сайын факультет оқытушылары мен студенттері Жапония, Оңтүстік Корея, Иран, Қытай, Түркия, Египет, Кувейт, Үндістан секілді шығыс елдерінде болып, өз біліктіліктерін көтереді, студенттер өзге білім беру жүйесімен танысады, тілді нақты тәжірибеде меңгеру арқылы оны жаңа білім алудың құралы ретінде пайдалануға қол жеткізеді. Халықаралық стандарттарға сай жұмыс істеу - біздің көздеген мақсаттарымыздың ең бастысы. Факультетте шетелдік волонтерлердің оқуы, тіл мен мәдениеттің өкілдері жұмыс істеуі жақсы жолға қойылған. Шетелдік ғалымдар жиі келіп, дәрістер, шеберлік сыныптарын, семинарлар өткізу дәстүрлі түрде жолға қойылып, жұмысымыздың ажырамас бөлігіне айналуда. Әртүрлі қорлар, мәдениет, оқу, білім беру саласындағы халықаралық ұйымдармен тығыз байланыс бар. Алайда бұл саладағы бір кемшілігіміз - осы тәжірибені әрі қарай насихаттау, көпшілікке тарату жағы кемшін түсіп жатады. Жапония, Қытай, Корея секілді технологиясы дамыған елдерден алып келген жаңалықтарын оқытушылар өздері ғана пайдаланады, ал оны университет, республика көлемінде тарату жағы жетіспейді. Жапон тілін оқыту, жапон оқулықтарын құрастырудың ғылыми-теориялық негіздері секілді мәселелерде Жапония секілді елдің тәжірибесін зерттеу қажеттігі бар. Осы секілді инновацияларды тар шеңберден шығарып, ауқымын кеңейтсек дейміз.
- Бұл педагогтар құрамының сапасын көтеруді де талап етеді ғой?
- Иә, Елбасы өз Жолдауында мұны да атап өтті. Тез, шапшаң өзгеріп жатқан әлемде, ақпараттар тасқыны заманында университет ұстаздарына жыл сайын өз біліктілігін көтеріп отырған артық болмас еді. Әсіресе, тіл мамандары үшін бұл аса маңызды. Тілді шыңдап отыру үшін сол тілдік ортада болып отыру - қажеттілік. Қоғам өзгереді, соған сай тіл де үздіксіз өзгерісте болып отыратын әлеуметтік құбылыс. Ал тіл - тек қана қарым-қатынас құралы болудан қалды. Тіл - сол халықтың мәдениеті, ойлау ерекшелігі, саяси, мәдени өзгерістердің, ақпараттардың бәрі тілден орын тебеді, тіпті халықтың рухы да тілінде. Өзге тілді үйрену кеудеңе өз тіліңді құрметтеу сезімін ұялатады. Шет тілін меңгеру үшін адам ең алдымен өзінің ана тілін меңгеруі керек. Шығыстанушылар үшін бұл ерекше маңызды. Себебі қос тілділік, көп тілділік мәселелері Шығыста қашанда өзекті болды. Бұл - жаңа құбылыс емес, тарихы тереңнен келе жатқан әлеуметтік құбылыс. Толеранттық, өзге мәдениетке деген төзімділіктің сыры да осында жатса керек. Жоғары оқу орны жастарды тек қана біліммен қамтамасыз етпеуі керек, сонымен бірге оларды осы білімді әлеуметтік бейімделуде пайдаланып, нақты тәжірибеде қолдана білуді үйретуі тиіс. Егер осы уақытқа дейін студенттердің білім алуы ең басты мәселе болып келді де қалғанын олар өз бетінше үйренуі қажет еді десек, енді бүгінгі өмір тудырған қажеттіліктерді ескеру, оларға құлақ түре білу керек.
- Солардың ішіндегі ең бастыларын атап кетсеңіз.
- Қазіргі Шығыс елдерімен байланыс күшейіп келе жатқан уақытта, меніңше, сол елдердің бизнес құру мәдениетін де үйрену қажет. Осы тұрғыдан бүгінгі күні Түркия және Оңтүстік Корея компанияларымен байланысты нығайтудың қажеттілігі артып отыр. Осы елдердің компаниялары өкілдерінен тұратын жұмыс берушілер кеңесі құрылып, бизнес тапсырыстарымен жұмыс істеу, кәсіпкерлік мәдениетін үйрену де біздің студенттерімізге пайдалы болмақ. «Білім тек білім үшін» болмауы керек, сондықтан ендігі жерде білім, ғылым және бизнес байланысын жолға қоюды жоспарлап отырмыз. Бұл бір жағынан әлеуметтік-гуманитарлық саладағылар үшін онша жеңіл де болмас, себебі коммерцияландыру оңай дүние емес, қолмен ұстап, көзбен көруге болмайтын абстракт дүниелер адамның рухани жағынан баю, адамгершілік, моральдық ұстанымдарын нығайтады, ал материалдық дүние мен рухани байлықты бір-бірінен оқшау өмір сүретін екі бөлек дүние ретінде қабылдайтын түсінік қалыптасқан. Бірақ біздің мақсатымыз, Президентіміз атап көрсеткендей, жастардың бойына патриоттық сезім, ұлтаралық келісім, толеранттық, рухани және физикалық даму, заңды құрметтеу секілді құндылықтарды сіңдіру болмақ. Бұл мәселелер қазіргі тұста өте өзекті болып тұр. Себебі 20 жыл бойы еліміздің экономикалық қуатын, әлеуетін көтеру алдыңғы орында тұрса, тәуелсіздігіміздің үшінші он жылдығына аяқ басқан ендігі жерде дамудың келесі кезеңіндегі басымдылыққа ие бағыт осы рухани тәрбие беру мәселесі екені айқын. Осы тұрғыда Шығыс халықтарының мәдениетінен үйренетін тұстар көп. Технологиялар туралы айтқанда, Батысты, ал руханият мәселесінде Шығысты ауызға алатынымыз бекер емес. Шығыстың рухани құндылықтарын бойына сіңірген ұрпақ жаман болмас деп ойлаймын. Ал Шығыс елдері бүкіл адам баласын бей-жай қалдыра алмайтын жақсы дәстүрлерге өте бай. Мысалы, Наурыз мейрамы мен мұсылмандардың ұлы мерекесі - Құрбан айт күні әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдар өздерінің ұшқан ұясы - ата-анасының үйіне ұмтылады, осы күні туған-туысқандарымен бірге болу парыз болып есептеледі. Шығыс халықтарының ұжымдық санасының бірегей көрінісі, меніңше, мейірім, шапағат, бауырмалдық, көпшілдік секілді қасиетті құндылықтар осылайша тәрбиеленуі керек.
- Құндылықтар демекші, олар әр дәуірде әрқалай қалыптасып келді ғой. Бүгінгі күні бұл бағытта қандай өзгерістер бар?
- Әрине, дәуір, заман, уақыт алға қойған талаптар құндылықтар жүйесін өзгертпей қоймайды. Бүгінгі күні бұл бағытта да жақсы өзгерістер болып жатқаны соның бір дәлелі. Мысалы, қазір спортпен, дене шынықтырумен айналысу барған сайын кең етек жайып келе жатқанын спорт залдарынан байқайсың. Қазіргі ұстаздар үшін де, жастар үшін де ауыру - жақсы нәрсе емес, бұрынғыдай өз ауруын айтып, көпшілік отырған жерде тамсана әңгімелеудің ұят нәрсе екенін барған сайын жақсы түсінудеміз. Саламатты өмір ұстаздардың да, студенттердің де салтына айналуы қажет. Осы тұрғыдан университетімізде спортпен айналысуды міндетті пәндер қатарына шығарып, оның клубтық үлгіге көшірілуі өте орынды. Кез келген студент өзінің қалаған спорт түрімен қалаған уақытта барып айналыса алады. Мұндай таңдауға саналы дайындықпен баруды қамтамасыз ету үшін факультетте дәрігерлердің, психологтардың қатысуымен арнайы дәрістер тыңдау өз нәтижесін береді деп ойлаймыз. Мәселен, тілді үйренудегі мидың, есте сақтау қабілетінің жақсы жұмыс істеуі - спортпен байланысты екенін түсіндіру немесе Шығыстағы спорт түрлерінің тек дене жаттығуы емес, сонымен бірге философиямен, тыныс алумен байланысты екенін түсіндіретін мамандардың дәрістерін ұйымдастыру болашақта өз нәтижесін беретіндігі сөзсіз.
- Мұны өз мамандарымыз толық іске асыра ала ма?
- Біздің факультетте тек өз оқытушыларымыз ғана емес, шетелдік мамандар да дәріс береді. Олар өздерінің елдеріндегі білім беру мен ғылым саласындағы жаңалықтарды айтқан кезде, біздің еліміздің де әлемдік үдерістерден тыс қалмағанын байқаймыз. Академиялық мобильділік, ғылыми ізденістердің нәтижелерін коммерцияландыру, студенттік бизнес-инкубатор жұмысын жолға қою, қос диплом алу (шетелдік және отандық ЖОО-ның) мүмкіндігіне қол жеткізу, қашықтықтан оқыту, рейтингі жоғары басылымдарда жарияланған мақалалар санын арттыру, т.т. тек біздер үшін ғана емес, әлем университеттері үшін де өзекті.
Жаңа ғимаратқа келгеннен кейін шетелдік әріптестерімізден де көптеген ұсыныстар түсе бастады. Қазіргі кезде Жапонияның Цукуба университетімен бірлесе отырып, ақпараттық-ресурстық орталық ашудағы алғашқы нақты қадамдар жасалуда. Жалпы, жапондықтар «тоғыз рет өлшеп, бір пішетін» халық, олар әрбір ісін салмақтап, барлық детальдарын пысықтап барып қана шешім қабылдайды. Бұл орталықты ашу жұмыстарында да көрінді. Жуырда ғана жапонтану кафедрасының меңгерушісі Л.Балақаева Жапониядан оралды. Жапондықтар әр қадамын жоспарлы түрде жан-жақты салмақтап барып жұмыс жасайды. Орталықтың аты жазылған маңдайшаны, оны бекітетін шегеге дейін, тіпті оны қалай ілу туралы нұсқаулықты жібергені олардың іске қаншалықты салмақты, ыждаһатты қарайтынын көрсетеді. Сондай-ақ Қазақстандағы Иран елшілігі жанындағы Мәдени өкілдік өз қызметін жандандырып, өз орталығын ашу туралы ұсыныс жасап, бұл бағытта да нақты жұмыстар атқарылуда. Биылғы оқу жылында Үндістан Республикасының елшісі факультетімізде бірнеше рет болып, «Елші сағаты» атты шара аясында студенттерге дәріс оқыды. Жуырда ғана Қытай Халық Республикасының Алматыдағы Бас консулы қонақта болып, бірлесе атқаратын іс-шаралар жоспары жасалды. Егер факультетте сегіз шығыс тілі оқытылатын болса, сол елдердің елшіліктерімен тығыз байланыс орнатылған. Әрине, әрбір ел өз тілін, мәдениетін таратуға мүдделі, алайда оның біздің студенттер үшін пайдалы жағы болса, білім беру сапасын жақсартуға септігін тигізетін болса, құба-құп.
- Факультет тарихында оның дамуына ықпал еткен, бүгінгі жастарымызға үлгі боларлықтай қандай танымал тұлғаларды атар едіңіз?
- Біздің факультет басқа факультеттермен салыстырғанда жас, алайда ол жоқтан пайда болған жоқ қой. Факультеттің ашылуына, дамуына қызмет еткен ағаларымыз бен апаларымыз бар. Мысалы, арабтанудың негізін салған профессор Әбсаттар қажы Дербісәлі, ирантанушы Лениншіл Рүстемов, қазақ әйелдері арасынан шыққан алғашқы арабист апамыз Мәрзия Мәженова, осында ұзақ жылдар қызмет еткен, қазір демалыстағы Гүлжан Рамазанова, қатарымызда жүрген профессор Өтеген Күмісбаев және басқа есімдерді атауға болады. Осы тұста кейінгі толқын алдыңғыларын ұмытпау үшін, ұрпақтар байланысын үзіп алмау үшін кездесулер, еске алу кештерін өткізіп отыру маңызды екенін айта кеткен жөн. Егер көзі тірі болса, биыл Лениншіл ағамыз сексенге толар еді. Осыған орайластырып, қазан айында конференция өткізуді жоспарлап отырмыз. Лениншіл Зиябекұлы өзінің еңбек жолын аспиранттықтан бастап, министрдің орынбасарына дейінгі үлкен лауазымдарда қызмет атқарған. Біздің университетімізде оқу ісі бойынша проректор, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды, ұзақ жылдар ұстаздық етті, ирантану кафедрасының негізін қалаған да сол кісі, сонымен бірге ол ғылыммен айналысты, қазақ студенттеріне арналған алғашқы парсы тілінің оқулығының авторы. Қазіргі жастар осындай тұлғалардың еңбегін үйреніп, олардан өнеге алуы керек.
- Келешекте қандай жұмыстар атқаруды жоспарлап отырсыздар?
- Қазір бізде талантты жас ғалымдар өсіп келеді, факультеттің келешегі зор. Оның үстіне, болашақта Шығыстың рөлі артпаса, кемімейтінін статистика да көрсетіп отыр. Сондықтан ең алдымен еліміздегі, тіпті Орталық Азиядағы білім беру, ғылыми, ақпараттық-талдау қызметтерімен айналысатын бірден-бір Шығыстану орталығы болуға ұмтыламыз. 2011 жылдан бастап шетелдердегі академиялық мобильдікті дамытуға мемлекет қаржылай қолдау көрсете бастады. Бұл біздің жас ғалымдарымызға, докторанттарымыз бен магистранттарымызға тек қана Шығыс елдерімен емес, сонымен қатар Батыстағы шығыстану орталықтарында тағлымдамадан өтуге мүмкіндік ашты. Осы бағдарлама аясында биылғы оқу жылында 19 магистрантымыз Нидерландыдағы Лейден университетіне барып қайтты. Мұны «Еуропаға ашылған терезе» десек те болады. Яғни ендігі жерде Батыстағы шығыстанушылармен байланысты кеңейтеміз деген сөз. ҚР БҒМ-ның шетелдік мамандарды тарту бағдарламасы да бұл бағытта үлкен мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Биылғы оқу жылында ондаған шетелдік ғалым келіп дәріс оқыды. Бірлесе атқаратын жобалар жасалды, оқытудағы жаңа әдістерімен танысу мүмкін болды. Осының бәрі болашақтағы бұдан да маңызды жобаларға мұрындық болатынына сеніміміз мол.
Жалпы, біздің басты мақсатымыз - Шығыс пен Батыстың озық үлгілерінің синтезіне құрылған зерттеу орталығы болу. Бұл - қазіргі жаһандану дәуіріндегі заңды ұмтылыс деп ойлаймын. Жаһандану үдерісінде өмір сүрудің жаңа салты, жаңа құндылықтар, уақыт пен кеңістік туралы жаңа түсініктер қалыптасуда. Біз игі нәрселерді бойымызға сіңіре отырып, Батыстың озық технологиясына құрылған білімді Шығыстың бай мәдениетімен ұштастыруға міндеттіміз. Ал мұның бәрі - жоғарыда айтқанымдай, бүгінгі өмір тудырған қажеттіліктер. Біз соларды ескеруіміз, оларға құлақ түруіміз және күнделікті өмірде нақты жүзеге асыруымыз қажет.
- Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ