"Айқын" республикалық қоғамдық-саяси күнделікті газет
«82-нің түлектері» қара шаңырақта кездесті
Қара шаңырақ әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің де байлығы - ұрпағы. Ол яғни кешегі күні қабырғасында дәріс оқып, үлкен өмірге жолдама алған - бірнеше мыңдаған түлегі. Қимай-қимай, жүрек лүпілінің үні мен сағыныш жасының тамшысына ерік берген кешегі студенттердің жүрегінде де алтын ұя есімі бойтұмар іспеттес. Бес жылды қойып, он, жиырма, тіпті, отыз жыл өтсе де олардың ойында алғашқы студенттік дәрісі, студенттік аудиториясы, тұңғыш куратор, студенттік кезеңі күні кешегідей сайрап жатыр.
Оны әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне «университетім, армысың, курстастарым бармысың!» деп отыз жылды артқа тастап, кездесе келген, сағынышпен қауыша көріскен журналистика факультеті түлектерінің естеліктерінен айқын аңғардық.
Журналистиканың абызы Әбілфайыз Ыдырысовша айтсақ, олар бүгінде егде тартқан, бірі - президент, бірі - мемлекеттік хатшы, қаптаған ақын-жазушылар, ең бастысы - керемет журналистер қауымы. Ал түлектердің өздерінше сабақтар болсақ, «77-нің абитуриенттері», «82-нің түлектері». Ресми айтар болсақ, бұл топ қоғамымызда үлкен бір орта қалыптастырған тұлғалар. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Қазақстан» республикалық теле-радио корпорациясы» АҚ басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджанова, «ҚазАқпарат» корпорациясының президенті Қонысбек Ботпай, республикалық «Ана тілі» апталығының бас редакторы Самат Ибраим, Қызылорда облыстық теле-радио компаниясыың президенті Жағыппар Қарабала, ақын-жазушылар, белгілі журналистер Айгүл Хасенова, Нұрғали Ораз, Елеусіз Мұратов, Заря Жұманова, Гүлнәр Шамшиева, Гүлнәр Төлегенова, Бақытжан Абызов, Гүлнәр Иманқұлова, Қатира Нұрбаева тағысын тағы елімізге танымал бұқаралық ақпарат құралдарының майталмандары. Міне, бүгін олар қара шаңыраққа арнайы келіп, ұстаздарымен жүздесті, өзара тілдесіп, шүйіркелесті. Сағым жылдарды еске алып, Нұржан Жалауқызы айтқандай, жастық шаққа, балалық шаққа, емтихан сынақтарына, картоп терген, ән шырқаған, өлең оқыған дәліздерге, дәріс жазған парталарға, қызыққа толы жатақхана өміріне, отыз жыл кейінге оймен, қиялмен сапар шекті.
«Шәкірттерім келе жатыр» дегенде, ұстаз көңілі қобалжымай қоймасын да осы кездесуде тағы бір аңғардық. Ардагер ұстаз Әбілфайыз Ыдырысов, ұлағатты ұстаз, осы топтың кураторы болған профессор Намазалы Омашев, оқытушы Тұрымтай Дүйсебаева бастаған ғалымдар да ортадан табылды. Арнауын жеткізген журналистика факультетінің 2-курс студенті Амангелді Сейітхан айтпақшы, олар шәкірттерінің жетістіктеріне қуанып, масаттанып, шалқып отырды. Кезек-кезек лебіздерін жеткізіп, арқасын кеңге салды.
Мерекелі кездесудің ашылуында журналистика факультетінің деканы Есберген Алауханов, ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұқамбетқали Бүркітбаев сөз алып кездесуге келген түлектерді университеттің соңғы жеткен жетістіктерімен, бағындырған асуларымен таныстырып өтті. Бұған дейін ҚазҰУ қалашығындағы әл-Фараби және Өмірбек Жолдасбеков ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, университеттің мұражайын, факультет дәрісханаларын аралап шыққан қонақтар таңданысы басшылықтың білім ордасы жетістіктеріне орай жасаған ақпаратынан кейін тіптен үдей түсті.
Түлектер атынан бірінші болып сөз алған Самат Ибраим: «Біздің курстастардың барлығы мамандықтарына адал, елге абыройлы қызмет етіп жүр. Мұхтар Құл-Мұхаммед топтың, курстың, университеттің ғана емес, бүкіл елдің мақтанышына айналып отыр» деп сөз сабақтап, әрі қарай бүкіл курстастарының атын атап, түрін түстеп, жетістіктерін саралап шықты. Факультет студенттері аға буынның биік белестерін тыңдай отырып, өздеріне үлкен арман қойды. Әр түлектің есіміне зор ілтипат білдіріліп, қалың қошемет көрсетілді. Бүгінде арада жоқ, алайда өшпес мұра қалдырған Қайыржан Бекхожин, Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев сияқты ұстаздар есімі ерекше аталды. Бақилық болған курстас достарын да естен шығармады түлектер. Бұл сәтте ұстаз бен достың орны толмастығын жеткізіп, бір сәт үнсіздік жариялап, еске алды оларды. Топқа кураторлық еткен оқытушы, ұлағатты ғалым, бүгінде елуді еңсеріп қалған аға буынның студенттік шақтарынан сәл-пәл естелік келтіріп, журналистика мамандығының қыр-сырына да тоқталып өтті. «Журналистика факультетінің түлектері ерте өседі, ерте есейеді. Олар қоғамдық жұмыстарға ерте араласады» дейді ғалым Намазалы Омашұлы. Бұл журналист болам деген әр студент үшін және ұғынған жанға, естір құлаққа зор мағынаға ие маңызды пікір. Журналист болу зор жауапкершілікті, үлкен табандылықты қажет ететін мамандық. Ал мына отырған түлектер сол ақпарат майданында қаламы мұқалмаған, парағы түгесілмеген дүлдүлдер.Болашақтың әр түлегі бүгінгідей болса, ел босағасы берік, шаңырағы биік болары да сөзсіз. Түлектің мықты болуы - әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті білімінің жемісі. Журналистика факультеті ұстаздарының үлесі. Шәкірт еңбегінің көрінісі. Осылайша, қара шаңырағына алғыс айта сағынышпен келген түлектер басқосуы рухани әңгіме өрілді. Факультет студенттеріне үлгі көрсетті. Түлектер факультет басшылығына, университет басшылығына атқарылып жатқан өзгерістер мен елеулі жетістіктерге айтар алғыстарын да жасырмады. Кездесу соңын ақын Бақытжан Абызов «Біздер әлі кездесеміз» атты өлеңімен қорытындылады.
Саягүл ӘЛІМБЕКОВА