"Айқын" республикалық қоғамдық-саяси күнделікті газет

15 маусым, 2012

15.06.2012
Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор: Әуезов ұлағаты ұлтымызды ұлы мақсаттарға жетелейді

- Қара шаңырақ ҚазҰУ-ді еске алғанда, ең алдымен Алыптарымыз бен Арыстарымыздың есімі ойға оралады. Бұл білім ордасында, әсіресе, қазақ ғылымы мен білімінің негізін қалап, көшін бастаған ұлы тұлғалар еңбек етті. Сол дәстүр бүгін де университеттің алтын қазығындай көрінеді. Өткен жылы ҚазҰУ университеттердің халықаралық рейтингісінде екі жүз орынға бірден жоғарылап, әлемнің 400 топ университеттерінің қатарынан көрінді. Бұл - еліміз үшін үлкен жетістік. Осы мәселені тарқатып айтып берсеңіз...
- Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ соңғы жылдары үлкен серпіліс үстінде, үлкен ізденісте деп айтуымызға болады. ҚазҰУ - шын мәнінде ғылым мен білімнің үлкен қара шаңырағы. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев университеттің 75 жылдығында арнайы келіп оқыған дәрісінде біздің университетімізге «ғылым мен білімнің көшбастаушысы» деп баға берген болатын. Сондықтан біздің университетке деген жауапкершілік өте жоғары. Оны бүкіл университет басшылығы да, ұжымы да жақсы сезінеді.
Еліміздің білім және ғылым саласында соңғы екі жылда жүзеге асқан үлкен өзгерістерге, іргелі бастамаларға куә болып отырмыз. Бұл - заман талабына сай жасалып жатқан қадамдар. Осы салаға жаңа сапалық белестерге көтерілу мақсатында айтарлықтай серпілістер алып келді. Айталық, ғылым туралы, білім беру туралы жаңа заңдардың қабылдануы, еліміздегі бірыңғай тестілеу жүйесіне орынды өзгерістердің енгізілуі, мемлекетіміздің білім мен ғылым саласындағы әлем талаптарына сай келетін саясатының жаңа бағытқа бет бұруы - осының барлығы жас тәуелсіз мемлекетіміздің қарқындап дамуына жол ашып отыр.
Естеріңізде болса, Елбасымыз: «Қазақстанда кем дегенде екі-үш жоғары оқу орны әлемдік деңгейдегі білім ордаларымен қатар көрінетін білім ошағына айналуы керек» деді. Әлемге танымал үздік университеттердің қатарында көріну үшін ҚазҰУ бірнеше бағытта нәтижелі жұмыс істеп жатыр.
Осынау биік мақсатты жүзеге асыру жолында алғашқы іргелі іс-шараларды университетіміз бастап кетті. Ол алғышарттардың ең бірінші кезеңі, университеттің бүкіл құрылымдық жүйесін, бүкіл басқару жүйесін, факультеттерін, ғылыми-зерттеу институттарын жаңа ғылыми деңгейге көтеру болатын. Өзіңіз білесіз, жетпіс жеті жылдық тарихы бар университетте білікті ғалымдар жұмыс атқаруда, іргелі ғылыми мектептері қалыптасқан үлкен факультеттер білім беру ісін жүргізеді.
Ең алғашқы қадам ретінде университетте ректордың басшылығымен кафедраларды ірілендірдік. Оның өзіндік мақсаты бар. Бұл - ғылыми-зерттеу жұмыстары, жаңа ілім жасау, заманауи бағытта білімді студенттер дайындау, жаңа зерттеулер нәтижесін қолданысқа енгізу болып табылады. Оның, әрине, алғашқы баспалдағы, негізгі алтын өзегі - кафедралар. Өйткені білікті, білімді ғалымдар кафедраларда жұмыс істейді. Университеттің басшылығы да оқу орнының болашағы кафедраларда екендігін біліп, ең алдымен, кафедралардың құрылымдық өзгерістерін жасап, соны ірілендіру мақсатында ірі қадамға барды.
Бұл бастамалардың нәтижелері көп күттірмей өз жемісін бере бастады. Мысалы, әлемнің 700 үздік университетінің арасында жүргізілетін Халықаралық Ұлыбритания Агенттігі рейтингісінің биылғы қорытындысы бойынша ҚазҰУ дүниежүзіндегі университеттер көрсеткішінде 200-орынға жоғарылады. Демек, ҚазҰУ бір жыл ішінде топ-университеттердің 401-450 қатарына енді деген сөз. Ең бастысы, ҚазҰУ - әлемдік үздік университеттердің бел ортасынан орнын ойып алған Орталық Азиядағы тұңғыш университет болып табылады. Сонымен бірге университетіміз Қазақстан көлемінде тұңғыш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының арнайы Академиялық ықпалдастық бағдарламасына еніп, халықаралық деңгейде танылуына үлкен мүмкіндік алды. Елбасымыздың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Үш тұғырлы тіл» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда да университетіміз нақты жұмыс бастады. Биыл екінші жыл кәсіби пәндер таза ағылшын тілінде жүргізілетін академиялық топтар жасақталып, бұл студенттер ертеңгі күні үш тілді жетік меңгерген, жоғары сұранысқа жауап беретін білікті мамандар болып шығады.
Сондай-ақ филология факультетіне байланысты да бірнеше мысал келтірейін. Біздің факультетте бұрын 10 кафедра жұмыс істейтін. Енді факультет ұжымы мүлдем басқа сапалық деңгейге көтерілуі керек, яғни жәй білім беретін, жәй тәлім-тәрбие беретін оқу ұжымы болып қалмауы керек. Бұл факультеттің негізгі бағытын ғылыми зерттеуге бұру керек, яғни бүгінгі әлемдік ғылымның ең үлкен жаңалықтарына атсалысатын, ғылым бәйгесіне түсетін, әлемдік білім арналарының тізгінін ұстайтын бағытта өрбігені дұрыс.
Факультет мұндай үлкен дәрежеге жету үшін оның жұмысының кем дегенде елу пайызы зерттеулерден тұрса дейміз. Қаржының көзі де осы саладан табылуы керек. Осы мақсатта биылғы жылы факультетіміз төрт ғылыми жобаны ұтып алып, жалпы мөлшері жүз миллионнан асатын қаржыға ие болдық. Демек, ғылым саласында да үлкен нәтиже беруге жаңа мүмкіндіктер ашылды. Жаңа жоғарыда атап өткен ғылым саласындағы жақсы жаңалықтардың игілігін нақты көре бастадық. Бұрынғыдай екі-үш шенеуніктің қалауымен бөлінетін қаржы енді мүлдем бөлек принциптермен, яғни конкурстық негізде грант түрінде нақты ғалымдардың қолына тиюі ашық, сапалы және нәтижелі зерттеу жүргізуге мүмкіндік беріп отыр. Жақында ғана университетімізде Олжас Сүлейменовтің Халықаралық лингвистикалық зерттеулер орталығын аштық.
Тағы бір қосарым, факультеттің де атын өзгерттік. Факультеттің аты енді бұдан кейін «Филология, әдебиеттану және әлем тілдері» факультеті деп аталатын болды. Факультет енді тек білім беру мәселелерін ғана емес, ғылыми-зерттеу мәселелерін де қамтитындай үлкен, ауқымды атауға ие болып отыр.
Әлем тілдерін, яғни ағылшын, француз, неміс тілдері қарым-қатынас тілдері болған соң, оларды меңгеру ісін де жолға қойдық. Бұрын филология деген жалғыз атаудың ішіне тіл ғылымы да, әдебиеттану да, әлем тілдері де - бәрі кіретін. Қазір бәрін нақтылап, әрқайсысын бөлек-бөлек отау етіп шығардық. Лингвистика бола ма, әлем тілдері бола ма, оның ішінде түрік тілдерінің тарихы да бар.
Әлемдік әдебиеттану ғылымы, теориясы, тарихы, сыны, әлемдік эстетика, осының бәрі әдебиеттану деген ұғымның астарында жатады және болашақ осы факультетке түсетін жас талапкерлердің бәрі осыны ұғу керек. Бұл - әрине, қаламгерлік жұмыс, шығармашылық жұмыс. Қазір факультеттің өзі үлкен үш ғылыми бағыттағы арнаны меңзеп тұр.
Бұл үлкен ғылыми бағыттар не үшін бірігіп отыр? Яғни үлкен бір орталықтан басқарылатын және үлкен бір бағытта, бар мақсатта жұмылдыратын үлкен бір ұжым болады деген сөз. Мұның тиімділігі зерттеу университеті үшін болашақта маңызы зор. Сондықтан біздің кафедраларда бірінші зерттеу университетінен өту мақсатындағы алғашқы қадам осылай басталды. Бұдан бүкіл университет үміт күтіп отыр. Себебі кішігірім шашырап жатқан, әртүрлі білім беру стандарттарымен және типтік оқу жоспарымен ғана жұмыс істеп жатқан кафедралар негізгі бағытты, негізгі мақсатты ғылымға қарай бағыттайтын болады.
ХХІ ғасыр - білім мен ғылымның ғасыры. Озық технологияға, іргелі ғылымға табан тіреген ел ғана көш соңында қалмайды. Біз алдымен осыны түсіндік. Яғни жаңа білім жасау қажет болып отыр. Ал жаңа білім ол тек ілгері зерттеулерден ғана бастау алады. Бүкіл Қазақстанға белгілі бес жүзге жуық ғылым докторы мен профессорлар ҚазҰУ-да жұмыс істеп келеді. Жыл сайын университет қабырғасына мыңдаған студенттер оқуға түседі. Магистранттар, докторанттар қабылдайды. Жаратылыстану ғылымы саласындағы ғалымдардың істеп отырған бүкіл ғылыми өнімдерінің барлығын қоғам қабылдайды. Біздің бүкіл өндіріс қабылдайды. Бүкіл медицина саласы бар, химия саласы бар, биотехнология саласы бар, физика, экология салалары қабылдайды. Бірінші кезекте қазір қарқындап дамып келе жатқан Қазақстанның экологиясы, ғылымы, білімі, ең алдымен қоғамдық-әлеуметтік құрылымдар солардың сұраныстарында. ҚазҰУ-дің бүкіл ғылыми ізденістерінің барлығы тек университет ішінде ғана шектеліп қалмай, бүкіл Қазақстан қоғамы үшін, қала берді бүкіл Еуразиялық кеңістік үшін, одан қала берді әлем кеңістігі үшін жұмыс істеуі керек.
Біздің университеттің алдына қойып отырған ең үлкен мақсаты да - осы. Яғни ҚазҰУ ғалымдарын әлемдік деңгейге шығару. Әлемдік деңгейге шығару үшін алдымен ҚазҰУ өзінің ғылыми әлеуетімен, ғылыми-зерттеу деңгейімен ең биік деңгейге шығу керек. Өзің айтқан, бір кезде осынау қара шаңырақта аянбай еңбек еткен Алыптарымыз бен Арыстарымыздың да арманы осы болатын. Олар өз кезеңінде Қазақ университеті елдің ғылымы мен білімін кемел болашаққа бастап алып барады деп сенген.
- Жаңа айттыңыз, кез келген университеттің деңгейі әлемдік кеңістікте алатын орнымен межеленеді. Ол үшін білім ордасының халықаралық қатынасы биік деңгейде болуы керек. Осы мақсатта, яғни шетелдердегі жоғары оқу орындарымен тәжірибе алмасу мәселесі қалай болып жатыр?
- Бүгін біз керемет жаңалық аштық, өндіріске енгіздік деп отыра беруге болмайды ғой. Оны алдымен насихаттау керек. Оның ғылыми жаңалық екенін дәлелдеу керек және оны ең бастысы, импакт факторы өте биік журналдарға жариялау керек. Ол рейтінгі өте жоғары журналдарға ағылшын, неміс, француз, тағы да басқа әлемдік шет тілдерінде шығуы керек. Халықаралық байланыстар ең алдымен осыдан басталады.
Сондықтан біздің факультет бүгінгі күні ТМД мемлекеттерінің және әлемнің елуге жуық университетімен тікелей қарым-қатынас жасап жатқан жайы бар. Мысалы, Ресейдің Халықтар достығы университетімен бірігіп орыс филологиясы мамандығы бойынша қос диплом беру жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Мәскеудің бұл университеті - халықаралық деңгейдегі өте беделді университет. Бұл ғана емес, бізде оқып жатқан студенттер кез келген курста белгілі бір оқу бағдарламасы бойынша шетелдің ең мықты университеттерінде бір жыл, жарты жыл білім алуға мүмкіндік алып отыр. Жыл сайын тек бізден ғана жүзге жуық студент, магистрант академиялық алмасу бойынша шетел университеттерінде білім алып жатыр.
- Факультетте жетпіс бес жыл бойында қалыптасқан іргелі ғылыми мектептер бар екенін білеміз. Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Бейсембай Кенжебаев, Зейнолла Қабдолов, Рымғали Нұрғали сынды тұлғалар ұзақ жылдар бойы дәріс оқыған аудиторияларда сол ұлылардың рухы бар шығар? Осыны бүгінгі студенттер жүрегімен сезіне ала ма?
- Кез келген оқу орнының алтын қоры да, күш-қуаты да, кемер болашағы да - оның дәріс оқитын профессорларында. Неліктен ҚазҰУ-ды жоғары көтеріп айтамыз, несімен мақтанып айтамыз? Себебі мұнда ұлы дәстүр бар, ғылыми мектептері қалыптасқан. Тек қана филология факультетінің өзінде ұлы Мұхтар Әуезов қалыптастырған ұлы мектеп бар. Әдебиеттану ғылымы саласында. Сол Мұқаңмен қатар келген, университетте жұмыс істеген Есмағамбет Ысмайылов, Мұхамеджан Қаратаев, Әлкей Марғұлан, Бейсембай Кенжебаев, Темірғали Нұртазин, Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев, Мырзатай Жолдасбеков, Рымғали Нұрғали, Алма Қыраубаева сынды ғалымдардың буыны әдебиеттану ғылымын қалыптастырды. Солардан қалған тарихи мектеп - бұл.
Мысалы, Бейсенбай Кенжебаев мектебі бүгінгі күнге дейін бар. Бұл - тарихи мектеп, әдебиеттің тарихын зерттейтін еңбек. Қазір ҚазҰУ-де қазақ әдебиеті тарихының бес мыңжылдық тарихын оқытып жатырмыз. Сонау Алып Ер Тұңға, Шу батырлар, Еділ патша дастанынан бері қарай үш мыңжылдық тарихты, одан бері қарай ұлы Түрік қағанаты тұсындағы Орхон-Енисей жазбалары, одан бері қарай Ислам дәуіріндегі әдебиет, одан Орта ғасырдағы әдебиет, содан хандық дәуірдегі әдебиет деп бірнеше кезеңдегі әдебиетті қамтуда. Бұл ненің арқасында қалыптасты? Осы мектептің арқасында қалыптасты.
Абайтану, Алаштану, Әуезовтану деген курстар бар. Бұл керек болса, бүкіл әлемдік әдебиеттің негізі. Мұның бәрін кезінде Мұхаң, Мұхтар Әуезов қалыптастырған. Әлемдік әдебиеттің тарихын да алғаш оқыған осы Мұхаң болатын. Әрине, Әуезовтің есімі, сабақтары тарихқа жазылып қалды. Сонау 50-жылдардың аяғында, әсіресе, Мұхаңның атағы әлемге жайылды. Ол кісінің сабақтарын іздеп жүріп қатысатын еді студенттер. Әлемдік ақыл-ойдың, әлемдік білімнің жаңалықтары Мұхаңның аузымен айтылып жатты. Алаш арыстарының есімдерін атауға тыйым салынса да, Мұхаңдар сол кездің өзінде Әлихан, Ахмет, Шәкәрім, Мағжан, Міржақып, Жүсіпбектер туралы ептеп болса да, дәрісінде айтып өтетін. Ол кісілер туралы айтуға Мұхаңның ғана беделі, атақ-абыройы, шамасы жететін еді. Бүкіл елдің, халықтың жүрегінде, санасында Әлихан, Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек, Шәкәрім де болды. Бірақ соны қай ғалым айтады екен деп, әліптің артын бақты, цензурадан қорықты. Сол кездегі біздің халықтың сусап, іздеп жүрген кезінде Мұхаң жарқ етіп, аренаға шықты да, сол кездегі жастардың көзін ашуға, көңілін оятуға баға жетпес олжа салды.
Бұл бір жағынан университеттің де даңқын аспандатты. Әрине, бұндай құбылыс шетелдерде бұрыннан келе жатыр. Атақты профессорлардың маңайына жиналады білімгерлер. Шетелдегі атақты университтерде де бұл бұрыннан қалыптасқан жайт. Атақты Колумбия, Сорбонна, Кембридж, Оксфорд сияқты әлемге танымал университеттердің беделі сонда жұмыс істеп жатқан профессорларға да байланысты. Дүниежүзіне танымал, Нобель сыйлығының иегерлері, халықаралық сыйлықтарды иемденгендер сонда жиналады, қызмет етеді.
Алпысыншы жылдар - жылымық кезеңі басталып келе жатқан кез. Елуінші жылдардың аяғында еліміздегі «итжеккенге» айдалған ғалымдарымыздың елге орала бастаған тұсы. Бір ерекшелігі, осынау айдаудан оралған атақты ғалымдарымыздың барлығы ат басын ҚазГУ-ге бұрды. Өз өмірлерін елдің болашағы университет студенттеріне білім беруге арнады. Университетіміз солардың арқасында самғап биікке көтерілді.
Осылардың бәрінен қалған мектеп, міне, қазір де жұмыс істеп жатыр. Жаңа жоғарыда айттым, министрліктен ұтып алған жүз миллион қаржы міне осынау алыптар негізін қалаған Абайтануға, Шәкәрімтануға және қазіргі тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ романдарының тарихын тереңдетіп зерттеуге бағытталып отыр.
- Сіз қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымы мен әдебиет сынына қатысты өз ой-пікірлеріңізді жиі-жиі мерзімді баспасөз бетінде жариялап жүрсіз. Демек, қазіргі әдеби үдерістің аяқ алысына, бүгінгі тыныс-тіршілігіне өз бағаңызды ашық айтып жүрген ғалым-сыншылардың бірісіз. Қазіргі жас ақын-жазушылардың шығармаларын оқисыз ба? Бүгінгі ұлттық көркем әдебиет, ұлттық мәдениет жайлы қандай көзқарастасыз?

- Бүгінгі қазақ әдебиеті туралы ой қозғаған кезде алдымен әдебиетіміздің өсіп, өркендеуі - Тәуелсіз мемлекетіміздің рухани өрлеу жолындағы мақсат-мұратымен бағдарлас, сабақтас екенін айту орынды. Еліміздің егемендігін алғаннан соң рухани құндылықтарымызды, Алаш арыстарын қайтардық. Уақыт өте келе, тарихымызды да түгендеп жатырмыз.
Осыған байланысты, әрине, әдебиетке жаңа тақырыптар келді. Әдебиетіміздің бағыты өзгерді. Қазіргі жас ақындар поэзиясына қарап отырсаңыз, Тәуелсіздік идеясын көтеретін, елдік, ұлттық құндылықтарды айтатын поэзия қалыптасып келеді. Осы поэзияда жас ақындар шеберлік шыңдап, өз қолтаңбасын анықтау үстінде. Оларда өзіндік поэтикалық жаңалықтарымен алға қарай ілгерілеу байқалады.
Жастарда бұрынғыдай таптық идеологиялық шектеу жоқ, цензура жоқ, бір сөзбен айтқанда, мүмкіндігі мол. Үлкен тақырыптарды, адамгершілік, ұлт тақырыптарын арқау етуге болады. Мүмкіндігі барлығынан, оның ауқымына, өлең құрылысына, бунағына, ұйқасына, ырғағына деген шектеу жоқ болғандықтан, поэзия қазақ әдебиетінің көшін бастап келеді. Егер ақын идеялық өте терең ойын айтқысы келсе, оны өлеңнің кез келген жанрында жеткізе алады. Маралтай Райымбекұлы, Жарас Сәрсек, Әмірхан Балқыбек, Бақыт Беделханның, Серік Сейітманның, Жанат Әскербекқызының поэзиясынан жаңалықтарды жиі байқаймын. Ең бастысы, бұлар бірін-бірі қайталамайды. Алты ақын да - өз қолтаңбасын тапқан ақындар.
Орта буын ақындары Ұлықбек Есдәулет, Есенғали Раушанов, Темірхан Медетбек, Ғалым Жайлыбай, Аманхан Әлім, Бауыржан Жақып, Темірғали Көпбаевтар - бүгінгі рухани сұранысқа толық жауап беріп, қоғамның дамуына үлесін қосып отырған ақындар. Қарап отырсаңыз, қазіргі поэзия адами құндылықтарға бет бұрды. Қазіргі ақшаның алғашқы орынға шығуы, дүниеқоңыздықтың, парақорлықтың, баққұмарлықтың, таққұмарлықтың бірінші қатарға шығуы, мұнымен қатар, қызғаншақтық, аяқтан шалу, мақтаншақтық дегендердің бой көтеруі - сонау Абайдың терең философиялық поэзиясынан табылады.
Қазақтың бойындағы мыңдаған мін қазақ поэзиясының негізгі тақырыбына айналды. Жастар поэзиясында қазірде тарихымызға үңілу, ұлттық мұраларға ден қою тенденциясы басым болды. Ұлы тұлғаларымызды тірілту немесе олардың ұлы шығармаларын айту негізгі орынға шықты. Бір ерекшелігі, сонау жыраулар поэзиясындағы үлгілер, канондар жастардың шығармашылығынан табыла білді. Тарихи тағдырымызды поэзия тілімен жырлау белең алды. Одан нәр алу және рухани қажеттіліктерімізге жарату, әсіресе, жастардың санасына ізгілік ұялату мақсатында қазіргі қазақ поэзиясы едәуір жұмыстар атқарды.
Осынау деңгейде, жаңа ізденістер арнасында қазақ прозасы да дамып келеді. Айталық, қаламгерлер Қуандық Түменбай, Мархабат Байғұт, Нағашыбек Қапалбекұлы, Қуаныш Жиенбай, Нұрдәулет Ақыш соңғы жылдары өздерінің тартымды, тұшымды дүниелерімен жақсы көрініп жүр. Осы жазушылардың құнарлы тіліне алдымен назар аударуымыз керек. Тұтастай алғанда, қазіргі қазақ әдебиеті үлкен ізденіс үстінде дер едім. Ұлттық деңгейде емес, әлемдік деңгейге көтеріліп отыр. XVІ-XX ғасырлардағы классикалық әлем әдебиеті үлгілері қазақ тіліне аударылды. Гуманистікке, ізгілікке шақыру мақсатындағы ізденістер жасалып жатқан тұста «қазақ әдебиеті тоқырау үстінде, тоқтап қалды, болашағы жоқ» деген сөздерді айтпауымыз керек. Қазақ әдебиеті қазір өзінің мақсат-мұратын айқындап, үлкен арнасын тауып, жақын он жылдықта оқырманымен тығыз байланыста болады деген үміттеміз.
- Бүгінгі көркем әдебиеттің тіліне қатысты қандай ойыңыз бар? Жалпы, әдебиеттегі жаңашыл ізденістер ең алдымен жазушының стилінен, тілінен, шығармасының құрылымынан көрініп жататындығы жиі айтылады. Қазақ оқырманы бүгін туған әдебиетінен айырылып қалған жоқ па? Руханияттың алтын діңгегі әдебиет болса, осы әдебиетінен айырылған ұлттың болашағы қайда барады?
- Әр заман, әрбір тарихи кезең әдебиетке өз тілін ала келеді. Бірақ біздің XX ғасырдағы классикалық әдебиетіміздің тілі біздің қазіргі тілімізден мүлдем ат үзіп кеткен тіл деуге болмайды. Шынайы әдеби көркем тіл, менің ойымша, еш уақытта қоғамға, заманға бейімделмейді. Сондықтан да ондаған ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ тілі өзінің құнарын жоғалтпайды. Мен қазақ тілін өте бай тіл деп айта аламын. Қазақ поэзиясындағы жас ақындардың ізденістерін айтқан кезде, тілдік ізденістерді де қосар едім. Жақсы сөз орамдары, жақсы кестелі жаңа сөздер.
Бүгінгі әдебиеттің тілі жұтап, тоқырап, тоқтап, сұйылып қалған тіл емес. Әдебиеттің жан жүрегі, күретамыры - тіл. Тіл жоқ жерде әдебиет жоқ. Әдеби тіліміз өте құнарлы, көп қырлы әрі таза. Мұның себебі біздің әдеби тарих XX ғасыр әдебиеті, XІX ғасыр әдебиеті, бес ғасырға созылған жыраулар әдебиеті деген үш қайнардан тарап отырғандығынан деп түсінуіміз керек. Міне осы, қайнарларды көп оқыған, игерген, бойына сіңірген қаламгер, жазушы я драматургтер тарихта қалады. Ал оқырмандар ешқашан да әдебиет майданына ат ізін сала алмайды.
Кеше ғана 50-60-жылдардағы Мұхтар Әуезовтің, Тәкен Әлімқұловтың, Хамза Есенжановтың, Қасым Аманжоловтың, Әбділдә Тәжібаевтың, Асқар Тоқмағамбетовтің, Әбу Сәрсенбаевтың,Тахауи Ахтановтың, Оралхан Бөкейдің туындылары өзінің тілімен, суреткерлігімен жауһар әдебиетті өркендетті. Мұның себебі олар қазақтың сөздік қорын өз шығармаларында ойнатып қолдана алатындығында болып отыр.
Ал кешегі Мұхтар Әуезовтің, Зейнолла Қабдоловтың, Ақселеу Сейдімбектердің шешендігі мен сөз қолдану әдіс-тәсілдері ешқашан да зая болмауы тиіс. Сондықтан да қазіргі қазақ әдебиетінің кедейленіп, сұйылып кетуіне ешқандай негіз жоқ. Ұлы тұлғаларымыз, даналарымыз, көрнекті қаламгерлеріміз жасап кеткен тілді біз молынан пайдалануымыз керек.
Қазір жаңа сөз тауып, жаңа тіркестерге жүгініп, «белесебед» ойлап табудың қажеті жоқ. Тіліміздің бүкіл құнары да, сөлі де классикалық әдебиетімізде жатыр. Ол үшін біз Абай Құнанбаевтың, Шәкәрім Құдайбердінің, Мағжан Жұмабаевтың, Жүсіпбек Аймауытұлының, Мұхтар Әуезовтің тілін зерделей, зерттеуіміз керек.
Қазіргі заманда ақын-жазушыларымыз керемет сөз тіркестері мен жаңа сөздер әкеліп жатыр деп айта алмаймыз. Қазақтың көне ұғымдары мен атауларының барлығы да, сонымен қатар қазақтың ұлы сөз өнері мен шешендік өнері де сан ғасырлар бойы әбден қырланып, електен өтіп, төрт аяғынан тең тұрған, төрт құбыласы тең керемет бай тіл. Әлемде қазақ тілінен бай тіл жоқ. Киіз туырлықты түркі халықтарының барлығы да қазақ тілін құнары сақталған тіл деп мойындап отыр. Бүгінгі өмір шындығын өзіміздің құнарлы тілімізде сөйлете алсақ, одан артық бақыт та, мәртебе де жоқ.
- Сіз көп жылдардан бері қазақ әдебиетінің тарихын, қазақ прозасын, оның ішінде қазақтың суреткер қаламгерлерінің бірі - Тәкен Әлімқұлов шығармашылығын үзбей зерттеп келе жатырсыз. Бұл зерттеулердің ендігі белесі, беталысы қалай болмақ?
- Ең бірінші кезекте 10 жыл бұрын Елбасымыздың тікелей бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұраға» айрықша тоқталуымыз керек, оның құндылығын айтуымыз керек. «Мәдени мұра» дегеніміз - мәдениеттің барлық саласын қамтитын үлкен мемлекеттік бастама. Соның ішінде әдебиетке үлкен мән берілді. Жарыққа шығып жатқан «Бабалар сөзі» - жүз томдық еңбек. Кеше ғана соңғы әрпі басылған он томдық - «Қазақ әдебиетінің тарихы» еңбегі оқырман қолына тиді. Бұл - мүлдем жаңа сападағы әдебиет тарихы.
Өзіміздің қара шаңырақ ҚазҰУ-да да қазақ әдебиетінің қысқаша тарихын екі том етіп шығарған болатынбыз. Қазір де факультеттің жанынан құрылған Абай институты аталмыш тақырыпқа бес томдық еңбекті дайындап жатыр. Алып Ер Тұңға, яғни ежелгі дәуір әдебиетінен басталып, қазіргі қазақ әдебиетіне дейінгі тарихты қамтитын үш мыңжылдық әдебиетті жазып бітірдік. Осы салада «Мәдени мұра» бағдарламасымен шыққан 10 томдығына қатыстым. Оның оныншы томын жазуға қатысып, үлкен тарау жаздым. «Қазақ әдеби сыны» деген тақырыптағы еңбегім шықты.
Одан кейін Серік Қирабаевтың жетекшілігімен екі томдық «Қазақ прозасының тарихы» атты еңбегім шықты. Онда мен өнер тақырыбына жазылған бүкіл қазақ романдарын жаздым. Ал жиырма жыл уақыттай жазып жүрген тақырыбым - өткен ғасырдағы, яғни 60-70-жылдардағы қазақ прозасының тарихы. Соның ішінде айрықша бір серпіліс болған тарихи тақырып ерекше өркендеді. Үлкен ақындарымыз, даналарымыз, өнер иелерінің образдары сомдалған прозалық шығармалар жақсы дамыған кез болды. Оның басында Мұхтар Әуезов бастаған Сәуірбек Бақбергенов, Ілияс Есенберлин, Тәкен Әлімқұлов, Сәкен Жүнісов, Әнуар Әлімжанов, Дүкенбай Досжанов, Ілия Жақанов, Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмаділовтер болды.
Осы қаламгерлердің барлығын да қамтып, «Қазақ әдебиеті және қазақ әдебиетіндегі өнер тақырыбы» деген тақырыпты зерттедім. Кейін оны «Әдебиет және өнер» деген үлкен монографияға айналдырдым.
Қорқыттың, Абайдың, Ақан серінің, Біржан салдың, Сүгір, Тәттімбет, Ықыластардың бейнелерін, олардың аң-құсы мен тазы иттерін, күйлері жайлы жазылған шығармаларды зерттедім. 1960 -1980 жылдары қазақ қаламгерлері осы тақырыпқа үлкен бетбұрыс жасады. Кеңес үкіметі тұсында цензура, тапшылдық деген секілді кедергілер тұрғанда ұлттың тағдыры мен тарихын жаза алмайтынсыз. Ал мәдениеті мен өнерін жазуға болады. Осы жолмен там-тұмдап болса да тарихымызды қолға алдық. Сонда біз ХІХ ғасырдағы заманның тарихи шындығын көрсете алдық. Мәселен, Әнуар Әлімжанов ең алғаш рет Махамбеттің бейнесін жасаған, одан кейін Тәкен Әлімқұлов Махамбет тақырыбына барды. Одан кейін Марат Мәжитов тұтас бір повесть арнады. Сол секілді Ілияс Жансүгіров бір кездерде атақты «Құлагер» деген поэма жазып еді, ал кейін Сәкен Жүнісов екі томдық «Ақан сері» атты роман жазды. Оның алдында Сұлтанмахмұт Торайғыровтың бейнесін Дихан Әбілов «Ақын арманы» деген шығармасында арқау етіп еді, кейіннен ол тақырыпқа қайта оралды. Шоқан Уәлиханов бейнесіне үлкен туынды жазған Сәбит Мұқанов еді, ал кейіннен Сәуірбек Бақбергенов ол тақырыпқа қайта оралды.
Міне, осы тақырып - менің зерттеу нысаны етіп алған тақырыбым еді. Соның түпқазығы Тәкен Әлімқұлов прозасы болған еді. Тәкеңмен қатар қалам тербеген он шақты қаламгерлерді барынша зерттеп жаздым. Бұл жерде негізгі нысаным - тұлпарлар туралы жазылған шығармалар еді. Және де осы тақырыпты жарқыратып, дүркіретіп жазған қаламгер Тәкең еді. Тәкең туралы екі монография, жекелеген бес кітап жаздым. «Әдебиет және өнер» деген монографиям «Қазақ университеті» баспасынан тұтас болып басылып шықты.
Жақында бір профессорымыз АҚШ-қа барып қайтқан екен. Сонда Американың ең атақты Ель университетінің кітапханасында менің Тәкен Әлімқұловқа арналған «Арыс» баспасынан шыққан кітабым бар екен. Қазақстандық профессор сол кітапты көріп, арнайы алып оқыған екен. Бұл нені білдіреді? Бұл сонау Америкада біздің қазақ қаламгерлерін зерттеп жатыр деген сөз. Жақында ғана «Арыс» баспасынан «Семсер» деп аталатын сын мақалаларымның бір томдық жинағы шықты. Бұл еңбекте қазақ әдебиетінің тарихындағы көркемдік құбылыс ретінде бағаланған туындылардың маңызы, сонымен бірге туған әдебиетіміздің бүгінгі тыныс-тіршілігі, тақырыптық-идеялық ізденістері де нақты әңгіме арқауына айналды. Қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан, олжа салған қазақ қаламгерлерінің шығармаларындағы заман шындығы және суреткерлік шеберлік мәселелері сабақтас, іштей бірлікте қарастырылады.
Ал қазірде қазақтың сыншылары жайлы сериялы мақалалар жазып жатырмын. Олардың ішінде Асқар Сүлейменов, Төлеген Тоқбергенов, Рымғали Нұрғали, Сағат Әшімбаев, Сайлаубек Жұмабек, Зейнолла Серікқалиев, ағаларымыз бар. 1960 - 1970 жылдарда қазақ сынына бір шоғыр талантты сыншылар келді. Бұлардың барлығы да әлемдік әдебиеттің жаңалықтарын игерген, әлемдік әдеби сынды игерген, интеллектуалдық деңгейі өте жоғары, жан-жақты, көп қырлы сыншылар болатын. Олар біздің қазақ әдеби сынын жаңа бір биікке көтерді. Олардың алдында Серік Қирабаев бастаған аға сыншылар, Зейнолла Қабдолов, Нығмет Ғабдуллин, Тұрсынбек Кәкішевтер әдебиет сынына 50-жылдары келді ғой. Ал 70-жылдары қазақ көркем сынына Зейнолла Серікқалиев бастаған үлкен буын келді. Қазірде солардың шығармашылығын терең зерттеп жүрмін. Бүгінгі ғылыми ізденістерімнің бір бағыты - осы. Осы сыншылардың шығармашылығын толық қамтып, мақалаларды толықтырып, жеке бір үлкен кітап шығару ойымда бар. Жақында менің жетекшілігіммен «Абайтанудың және Шәкәрімтанудың жаңа ғылыми бағыттары» деген тақырыпта үлкен ғылыми жобамыз Білім және ғылым министрлігінің грантын ұтып алдық. Осынау үш жылға арналған ғылыми жобаның негізінде тың, жаңа бағыттағы ғылыми зерттеулерді жарыққа шығарсақ деген мақсатты қойып отырмыз.

- Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ