"Алаш айнасы" республикалық қоғамдық саяси-күнделікті газет

13 қыркүйек, 2012
Ахаң мұражайында өткен дәріс Печать


13.09.12.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов үлгі боларлық бастама көтеріп, механика-математикалық факультеттегі курсына арналған алғашқы кураторлық дәрісін Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінде өткізді. Дәріске механика-математика факультетінің студенттерімен бірге, журналистика және филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеттерінің студенттері де қатысты. Ректор бастап келген білімгерлерді Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры, ахметтанушы Райхан Имаханбет жылы жүзбен қарсы алып, музейдің көрме залдарымен таныстырды.
Ол өз сөзінде: «ҚазҰУ-мен тығыз қа­рым-қатынастамыз. Біз ахметтанушы деп білетін профессор Өмірхан Әб­диманұлы студенттерімен үнемі келіп тұрады. Атап айтар бір жайт, Ға­лым­қайыр Мұтанұлы, музей ашылғалы бері сіз мұражай табалдырығын аттаған бірінші ректорсыз» деп шын көңілден ризашылығын білдірді. Одан әрі: «Ахмет Байтұрсынұлы өмірі туралы ақпараттар осында сақталған. Қазақтың ғасыр толып отырған әліпбиінің, қа­заққа ғана тән әріптерді таңбалап бер­ген - Ахмет Байтұрсынұлы. Кәкішев Са­мұрат ағай атасының аты ақтал­ғаннан кейін қоғамдық қор құрып, сол қор осы үйді сақтап отыр. Бұл мұражай мемлекет қарамағында емес, тек сол қордың қолдауымен сақталып тұр» дей келе, Ахмет Байтұрсыновтың толық өмірбаяны, шығармашылығымен және мұражай тыныс-тіршілігімен таныс­тырды.
Мұражай залдарын аралаудан кейін ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұ­танов Ахмет Байтұрсынұлының қазақ руханиятындағы орны туралы сөз қоз­ғап, Ахмет ілімдерінің негізіне ой ж­ү­гіртті. А.Байтұрсынұлы еңбектерін ғы­лыми ізденіске пайдаланудың жол­дарын нұсқап, білім, ғылым жолын таңдаған жастар үшін Ахмет Бай­тұр­сынұлының мұрасы теңдессіз мұра екенін нақтылай келіп: «Оқу барысында курстық жұмыс, дипломдық жұмыс жазасыңдар, сонда үнемі А.Байтұр­сынұлы еңбектерін ойға өзек ету керек. Сондықтан да алдағы уақытта өздерің келіп, жақын танысып тұрыңдар», - деп бағыт-бағдар берді. Ұлы ұстаздың «Ұлым дейтін ел болмаса, елім дейтін ұл қайдан болсын?» деген сөзін кеше Ел­басы өз дәрісінде де ұлт ұранына айналардай етіп ұсынғанын, қашанда ізденіспен талмай еңбектене отырып, қай мамандық иесі болмасын әдебиет, мәдениеттен хабардар болып жүру керектігін тілге тиек етті.
Журналистика факультетінің де­каны, А. Байтұрсынұлы атындағы ал­тын медаль иегері, профессор Өмірхан Әбдиманұлы: «Қазақ халқына қандай нәрселер, қандай еркіндіктер қажет сын­ды саяси талаптарды алғаш Ресей билеушілеріне жеке өз атынан емес, халық атынан қоюды ұйымдастырған Ахмет Байтұрсынұлы болған, осы қай­раткерлігі ары қарай өмірлік ұста­ны­мына айналды» деп, студенттерге то­лық ақпарат беріп, рухани көсемнің әдебиеттегі орны мен қызметі туралы мағлұматтарды байытты. Ахметтанушы ғалым: «Аса көрнекті қазақ ақыны, жур­налисі және педагогі... Ол - қазақ тілі емлесінің реформаторы, грамма­ти­каның және қазақ әдебиеті теория­сының негізін салушы ірі тұлға» екендігін дәлелдеп, оның қоғамдық-әлеуметтік қызметі туралы бірталай тың деректерді жеткізді. Өз уақытында Ахметтің жан дүниесіне еніп, ала­са­пыран құбылыстарын бағалау, болашақ алыс өрістерді көруге келгенде Мұхтар Әуезов даналығына таңғалмасқа бол­майтындығын айтты. Ахмет Байтұр­сыновтың тарихтағы орнына қатысты дәл бүгінгі күнмен үндес, орайлас «Ұлт­тың рухани көсемі» деген пікір-тұ­жырымды Мұхтар Әуезовтей ешкім жеткізе алмағандығын айтып, сөзін аяқтады.
Қашан да жақсы бастамалардың қасында жүретін филология, әде­биет­тану және әлем тілдері факультетінің деканы, профессор Қансейіт Әбдезұлы: «Университет ректорының игі баста­масын бүкіл студенттер қолдайтын­ды­ғына сенім білдіріп, алғашқы оқу күн­дерінің ұлттың ұлы ұстазы - Ахмет Бай­тұрсынұлы мұражайынан бастауы жақсы ырым екенін айтты. Мұражай­дан терең рухани байлық алған студент­терден болашақта Ахмет сияқты ұлт үшін қызмет жасайтын ірі тұлға шыға­тынына сенім білдірді. Ғалымқайыр Мұтановтың үлгі боларлық бұл ісін жақсы бағалап, алдағы уақытта сту­дент­термен бірге тағы да руханият әле­міне бойлай беруге уәде етті.
мұражайға сапар соңында ректор Ға­лымқайыр Мұтанов А. Байтұрсынұлы мұражайына көмек көрсетуге универ­ситет ұжымы қашан да әзір екендігін жет­кізді. Соның бір көрінісі ретінде мұражай ға алдағы жылдың басылым­да­рын жаздырып беруге уәде етті.

Шоқан Шортанбай