- Басты бет
- Жаңалықтар
- Қазақстан халқы тілдері мерекесіне арналған «Тілдер» фестивалінің ашылу салтанаты өтті
Қазақстан халқы тілдері мерекесіне арналған «Тілдер» фестивалінің ашылу салтанаты өтті
22 қыркүйек күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тәрбие жұмысы жөніндегі департаментінің ұйымдастыруымен филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің қазақ филологиясы кафедрасында «Мемлекеттік тіл және мемлекеттік рәміздер» атты Қазақстан халқы тілдері мерекесіне арналған «Тілдер» фестивалінің ашылу салтанаты өтті.
«Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде артық не бар екен!», – деген Елбасы Н.Назарбаевтың бұл сөзінен кейін, ана тілімізге деген құрметіміз одан әрі күшейе түспек. Рас, бүгінде қазақ тілінің аясы кеңейіп, өрісі өсіп, құлашы кеңге жазылып келеді. Бұл бірінші кезекте, тәуелсіздігіміздің, екіншіден, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болғандығының арқасы.
Жыл сайын ұйымдастырылып, бүгінде дәстүрге айналған фестивальдің ашылу салтанаты ерекше өтті. Бұл күннен бастау алған іс-шара бір аптаға жалғасып, «Тілдер» фестивалінің жабылуына арналған мерекелік шарамен қорытындыланбақ. Осы уақыт ішінде университетіміздің барлық факультеттерінде тіл насихатталып, айтарлықтай көңіл бөлінетін болады.
Фестивальдің ашылу рәсімінде Тәрбие жұмысы жөніндегі департамент директоры Ноғайбаева Меңдігүл Сағатқызы ізгі тілегін білдірді. Ол өз кезегінде: Бүгін міне, университетіміздің барлық факультеттерінде тіл фестивалі басталды. Фестиваль аясында тіл саясатын насихаттайтын пікірсайыстар, олимпиадалар, өзге ұлт өкілдерімен кездесулер, «Қазақша сөйлесейік» акциясы және тағы басқа көптеген іс-шаралар ұйымдастырылады. Мемлекеттік тілімізді тек сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде орындайтын күн туғандығын мойындап, оған қолдау көрсету бәрімізге парыз деді. Ал осы шараны ұйымдастыруға ат салысып отырған филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің деканы Қансейіт Әбдезұлы: Тіл – біздің ұлттық мақтанышымыз, атадан балаға мирас болып келе жатқан мұрамыз. Тіл– халықпен бірге өмір сүріп дамиды, себебі әр ұлттың тілі – оның бақытты тірегі. Фестивальдің негізгі мақсаты универстетімізде көпұлтты мемлекеттің азаматын тәрбиелеу, кез келген өзге ұлт өкілінің шығармашылық қабілетін дамытуға қолайлы жағдай жасау, Қазақстанда өмір сүретін әр халықтың салт-дәстүрі, мәдениеті туралы ұғым қалыптастыру, студенттердің тілге, елге деген құрметтерін арттыру, өзара түсіністік пен достыққа тәрбиелеу деген ойын ортаға салды.
Мерекелік кеште бірінші курсқа қабылданған студенттердің өнерін анықтау мақсатында ұйымдастырылған жыр мүшәйрасы қорытындыланып, үздік поэзия туындылары анықталды. Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының студенттері арасында «Мемлекеттік тіл және мемлекеттік рәміздер» зияткерлік сайысы өтті. Ғұламалардың сөздері арқылы тіл, дін, діл насихатталып, патриоттық өлеңдер оқылып, қазақтың әндері шырқалды.
Фестивальдің ашылу салтанаты Заң факультеті кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының ұйымдастыруымен «Тіл туралы толғаныс» атты әдеби жүздесу кешімен жалғасты. Жас заңгерлермен кездесуге тіл жанашырлары «Ұлағат», «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектептерінде» журналдарының Бас редакторы Зернебек Шілдебайұлы, белгілі айтыскер ақын Серік Қалиұлы келді.
Сонымен қатар, дәл осы күні Экономика және бизнес жоғары мектебі «Есеп және аудит» кафедрасының ұйымдастыруымен «Сүйсем өз тілімді, боламын білімді» деген тақырыпта танымал ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Темірхан Медетбекпен кездесу өткізді. Әдеби кездесуді бастап берген факультет деканы Ермекбаева Баян Жүндібайқызы ақынның қадамына сәттілік тілей отырып, студенттерді студенттерді қысқаша ақынның өмір жолдарымен таныстырды. Ақын әңгімесінің әлқиссасын бұрындары және кейінгі уақытта жазылған жырларын оқудан бастады. Бұл кездесуде жастардың сусаған көңіліне ақынның тағлымды ойлары қуат берді. Кеш соңында жазушыға қонақ кәде ретінде сыйлықтар табыс етілді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі апталық «Тілдер» фестивалі әдеби-азды кештермен, дөңгелек үстелдермен және көптеген мерекелік іс-шаралармен жалғасады.
Тәрбие жұмысы жөніндегі департамент