Құмбел шыңын жастықтың жалыны бағындырды
Құмбел - Солтүстік Тянь-Шаньнның Іле Алатауында орналасқан шың. Оның атауы ата-бабаларымыздың бұрынғыдан келе жатқан қолданыстағы мағынасында. 2010 жылы 30 сәуірде Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай «Құмбел» шыңы атауын алды. Алматы қаласынан Үлкен Алматы (3684 м), Нұрсұлтан (Комсомол, 4376 м), Құмбел (3200 м) және т.б. шыңдар көрінеді. Таң рауандап атқан шақта 23 қыркүйек күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің студенттері мен ұстаздары Құмбел шыңына қарай ағылды. Осынау күнге арналған үлкен шаралар жалынды жастардың мекені әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де жыл сайын өткізіліп тұрады. Университеттің география факультеті, рекреациялық география және туризм кафедрасының ұйымдастыруымен 23 қыркүйек күні Солтүстік Тянь-Шаньдағы теңіз деңгейінен 3200 метр жоғарыда орналасқан «Құмбел» шыңына тау саяхаты өтті.
Тауға саяхатты рекреациялық география және туризм кафедрасының меңгерушісі Александр Артемьев және кафедра ұстаздары, аға оқытушы Айдар Жұмаділов, доцент Шолпан Әбдіреева, оқытушылар Гүлжан Айжолова мен Руслан Байбуриев, кафедра маманы Толқын Байхоновалар бастап барды. Тауға саяхатқа Ұлыбритания еліндегі Durham университетінің оқытушысы, әлемдегі бірнеше тауларды саяхаттаған Dr Alexander Densmore де арнайы келіпті. Ал, 36 жастағы Алматы қаласының тұрғыны, 1995 жылдан бері еліміздегі биік шыңдарды бағындыруды жеке хоббиіне айналдырған заңгер Ноян Шалов дәстүр бойынша биыл тағы да Құмбел шыңына қарай бағыт алған. Сондай-ақ, тауға саяхатқа шыққандар арасында студенттер мен ұстаздардан бөлек қала тұрғындары мен қонақтары да болды.
Осы шараны ұйымдастырушы Айдар Жұмаділов жорыққа аттанған таудың табиғаты, ерекшеліктері жайлы келген қатысушыларға:
- Бұл орташа таудың жоталарына шықсаңыз сіз табиғаттың шеберлігіне таң
қаласыз. Көк күмбезеге таласа бой көтерген зеңгір таулар, тау-тасты жарып аққан бұлақтар, жылғалар, қалың қарағай, шырша, аққайың аралас ормандар, бәрі-бәрі тамаша. Бұл Іле Алатауында көптеген шыңдар мен олардың мұздықтары бар. Бірақ, жыл өткен сайын мұздықтар еріп келеді. Бұл бізді аса алаңдатады. Мұздықтардың еруі қарлы шыңға шыққанда анық байқалады. Мәселен, 1970 жылмен салыстырғанда, қазір мұздықтар бірнеше метрге еріп кеткен.
Шыңы үшкір тісті елестететін «Нұрсұлтан» шыңы алыстан еріксіз мең мұңдалайды. Іле Алатауындағы Тұйықсу аумағында орналасқан шың 4376 метр биіктікте орналасқан. Негізі көбінде бұл шыңды бұрынғы атауы- «Комсомол» деп атауда. Осында Кіші Алматы өзені ағып өтетіндіктен, шыңды «Кіші Алматы» деп атауға да болады. Өз басым «Нұрсұлтан» шыңын 7 мәрте бағындырған болатынмын. Бұл шыңнан өзге бірнеше Қазақстандық шыңдарды да бағындырғанмын,-деді.
Альпинадаға жиналғандар «Просвещенец» демалыс үйінен (1450 м) басталып, жоғары қарай өрлеп Көкжайлауға (2350 метр) жетті. Онда топ шамалы уақыт демалысымен, Құмбел шыңын бағындыруға бет алды. Құмбелге жетпес бұрын альпинадаға қатысушылар 3 тастан құралған, шет елдік туристердің «Үш ағайын» деп атап кеткен биігіне кездесетік. Ал, Құмбел шыңынын өзі 3 бөліктен құралған. Қатысушылар 6 ұстаздан құралған топтар бойынша биікке қарай өрлеген болатын. Бұл жердегі ең басты ұстанатын жағдай да қауіпсіздік мәселесі болатын. Барлығы да осы мәселені қатты ұстанды.
Тал-терек, шырша мен қарағай жамылған орманды таумен алға қарай өрлеп келеміз. Кенет тау жалаңаштана бастады. Шамамен 2900 метр биіктікте таулы орман аяқталады екен. Енді керісінше, мұнда орманды жерде кездеспейтін флораның сан түрі өсетіндігі байқалды бізге. Биікке құмар, көп адамның қолы жете бермейтін, кейбір аңыздарға сүйенсек тау перілері күзетіп, қорғайтын тау гүлі-эдельвейс (еңлікгүл) осындағы биік жартастарда өсіпті. Жартастарды жарып-кескен тау суы да көңілге ерекше күй сыйлап келеді. Таудың бұл бөлігі бізді кереметтерімен тамсандырмай қоймады. Алып мұздық басқан шыңдар, үлкен-үлкен гранит тастар, төменде қалған өркеш-өркеш тау жоталары, көк түтінге тұншыққан Алматы қаласы бәрі-бәрі мұнда алақандағыдай.
Келесі қадам басқанымызда таудан салқын самалы соғып, биікке қарай беттеген бізді біразға дейін сынап бақты. Таңнан бері тауға көтеріліп келе жатқан біздер сағат 14: 25 минут кеткенде «Құмбел» шыңын аса табандылықпен бағындырдық. Таудың тылсымға толы табиғаты талайымыздың тағатымызды қашырғанымен, биікке ұмтылған жүрек соғысы бізді адастырмады, алға жетелеп, биікті бағындыруға күш салды. Биіктікті бағындыруда алғашқылардың бірі болып жеткен, география факультеті, Метеорология және гидрология кафедрасының 1-курс студенті Әсел Әбілжанова:
-Анығын айтсам, мен мұндай биіктікті өмірде бағындырамын деп ойламаппын. Таң сәріден жолға шығып, тауға қарай түрлі айналмалы жүрістегі жолдармен жүрдік. Жолдың тым ауыр екендігін байқадық. Дегенмен де, таудың адамды тарататын бір қасиеті бар секілді. Қанша алыс, әрі тым биікте болса да, биікке өрлеуден іштей тартынбадық. Соның нәтижесі болса керек, 3200 метр биіктікке жетудің бақыты бұйырыпты. Мұнда өзінді бір ерекше сезінеді екенсің. Негізі таудың бір ерекшелігі бар. Мұнда оттегінің жетіспеушілігі анық байқалды. Әрі ағзаға ауыртпашылық түсіреді. Тіпті, температураның өзі төмендеу. Мен үшін өмірде таудағы осы сапар ұмытылмас естеліктер болып қалары сөзсіз,-деп шыңға шыққандағы ой-сезімін, көңіл-күйін білдірді. Сонымен, біз 23 қыркүйекте «Құмбел» шыңын жастықтың жалынымен бағындырдық деп айтумызға болады.