Айналаңды нұрландыр

10 қазан, 2012

Әр адам дара тұлға. Және ол әлемді нұрландыру үшін өзінің мүмкіндіктері мен міндетін толық және дұрыс атқаруы тиіс. Мұндай бастама әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ректор Ғалым Мұтановтың қолдауымен, бастамасымен «Айналаңды нұрландыр!» жобасы барысында жүзеге асуда. Аталмыш жоба аясында 9 қазанда қара шаңырақта «Әлеуметтік жаңғыру әр адамнан басталады» атты тақырыпта ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов университет оқытушыларымен және студенттермен кездесті.


«Айналаңды нұрландыр» жобасы аясындағы кездесуге сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай, ақын, «Жұлдыз» журналының редакторы Ұлықбек Есдәулет, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры — редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек Кенжалин, «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары Еркін Жаппасұлы және тағы да басқа бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, өкілдері қатысты. Жүздесуде тәрбие, ізгілік, болашақ, руханият, зиялылық, мәдениет, мейірім, адамдық қасиеттер сияқты игі әңгімелер төңірегінде қозғалды. «Айналаңды нұрландыр» жобасының мақсаты мен міндеттері түсіндірілді.

- «Нұрландыру» қараңғы түнекке шуақты сәуле төгіп, айналаны шуаққа бөлеу мағынасын береді. «Нұрландыру» дегеніміз біздің күнделікті өмірдегі мінез-құлқымыздың мейрімді, тура және әділ болуы керектігін білдіреді, - деп жоба идеясының мазмұнын түсіндіруден сөз бастаған ректор Ғалым Мұтанов студенттерді осы жобаны бірге, біріге атқаруға шақырды. «Жастарға қандай тәрбие береміз, олардың бойына қандай құндылықтарды сіңіреміз, міне болашақ соған тікелей байланысты. Ендеше жастардың адамдық қасиеттерінің деңгейін арттыру, қоғамның үлгісін қалыптастыру, ұлттық сананы дамыту сияқты міндеттерді жүзеге асыруда бұл жоба басты рөл атқарады. Сол себепті осы идея туындап отыр», - дейді университет басшысы Ғалым Мұтанов. Нұрландыру идеясымен орайластырып баяндама жасағаннан кейін жоғары оқу орнының бас ұстазы студенттер мен басқа да қатысушыларды педагогикалық әдіспен осы тақырыпты белсенді талдауға жетеледі. Барлық көрермен біріге қоғамның көлеңкелі тұстарын атап, олардың алдын алатын нұрландырушы факторларды атады. Студенттер қауымы, әсіресе бұл кезеңде ерекше белсенділік байқатты. Олай болса, айналаны нұрландыру жастар санасына барынша қалыптасып жатыр деуге болады. «Нұрландыру» - өзінің міндеті мен борышын орындау барысында әркімнің қолынан келетін мүмкіндік. «Айнала» сені қоршаған орта, сенің мекенің, оқу немесе жұмыс орның. Сондықтан, әр адам «Айналаңды нұрландыр!» идеясын қабылдай отырып, өз орнында, өз деңгейінде өзінің ата-анасы, достары, отанының, әлемнің бүгіні мен болашағын нұрландыруға үлес қоса алады. Ректордың студенттермен кездесуі барысында осы идея толық орындалды десек болатындай.

Адамдар шығармашылық деңгейде дамиды. Бірақ адамзат өзін-өзі дамытып қана қоймай қоғамға әсер етуге, қоғамды ізгілендіруге ұмтылуы керек. Мұндай тәрбиеге баулу барысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «айналаңды нұрландыр» жобасынан басқа, «Жасыл қалашық», «Әдемі дене мәдениеті» және «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» жобасы жүзеге асуда. Бүгінгі рухани кездесу – «Айналаңды нұрландыр» идеясы барысында жүзеге асып отырған алғашқы бастамалар. Бұл жүздесу басшылықпен студенттердің еркін форматта шүйіркелесуі, рухани әңгімелесуі, ойын ашық жеткізіп, жақсылыққа ұмтылуы мен адамгершілікке бойлауы деп қабылданды. Елбасы жолдауларында, үндеулерінде кеңінен айтылып жүрген әлеуметтік жаңғыру әр адамнан басталатындығын тілге тиек еткен Ғалым Мұтанов студенттерге өз шығармашылығынан өлеңдерін оқып, салауатты өмір салтын насихаттады. Студенттер клубы өнерлерімен бөлісті. Студенттер Абай өлеңдерінен, Мағжан, Мұқағали өлеңдерінен жатқа оқып, ізгіліктің, нұрдың шуағын шашты. Маңызды идеяға арқау етіп, жаңа жоба бастап отырған ректор Ғалым Мұтанұлына алғыстарын жеткізіп, сұрақтарын жолдап, салмақты пікірлермен бөлісті.

ҚазҰУ басшылығының болашаққа арнап отырған игі бастамасы ақындардың, жазушылардың, журналистердің көңілінен шыққандығы байқалды. Ғалым Жайлыбай: «Әдемі басқосу. Сырласу кеші өтті. Аруақты қара шаңырақ басшылары мен студенттерінің қоян-қолтық араласуы деп бағалаймын. ҚазҰУ біздің тіреуіміз, бөлігіміз секілді», - деп сөз сабақтап қара шаңырақ түлектерінің биік әлеуетіне, шығармашылық деңгейіне бір ризашылықпен тоқталып өтті. Білім ордасы қолға алып отырған нұрландыру идеясының маңызына тоқталды. Кезек-кезегімен сөз алған басқа да қайраткерлер бұл кешке жоғары баға беріп, рухани жүздесуден әсерлі тарқасты.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі