"Қазақпарат" ұлттық ақпарат агенттігі
«Қазақстандық университеттердің екеуі қазірдің өзінде QS (Quacquarelly Symond) рейтингі бойынша әлемнің ең озық 400 жоғары оқу орнының қатарына енді. Елбасы 2020 жылға 2 университеттің үздік жүздіктің қатарына енуді міндеттеген болатын. Ал көршілес Ресей оған 5 университетті енгізуді алдына мақсат етіп отыр», - дейді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев. Оның айтуынша, рейтинг агенттіктері жоғары оқу орындарының ғылыми-зерттеу бағытына айрықша мән береді. Университеттердің халықаралық рейтинг агенттіктерінің бағалауына қатыспауына, ең алдымен ғылымның университеттерге тек соңғы жылдары ғана ене бастауы түрткі болып отыр. Кеңестік дәуірде академиялық, салалық және жоғары оқу орындарының сатылы білім беру жүйесі құрылғандықтан университеттегі ғылыми құрамдар айтарлықтай төмен болды. Университеттердің білімді капиталдандыру тәжірибесі болмады. Олар ғылыми нәтижелерді коммерцияландырумен айналысқан жоқ. Оқу орныдарында жаңадан құрылып жатқан технопарктер әлі бастапқы кезеңде және кейбір университеттерде ол тіпті әлі күнге дейін қолға алынбай отыр.