Жүздестірген 100 кітап
Ғұлама болу үшін он кітап оқу жеткілікті, бірақ ол он кітапты табу үшін мыңдаған сөрені ақтаруға, миллиондаған бетті парақтауға тура келеді. Бұл – шындық. Бүгінгі заман талабы кітаптың көптігін емес, оны қалай түсініп оқу және өмірлік игіліктерге қалай падалануды көздейді. Ұрпақ алдындағы осы ұлы мұраттың жауапкершілігін жете сезінген Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен «Жас қазақ» газетінің бірлесуі негізінде қолға алынған «ҚазҰУ студенттері оқуға тиіс 100 кітап» жобасы тура бір жыл бұрын өмірге келген болатын. Талқылау түзген «жұлдызды» 100 кітаптың тізімін газетіміз арқылы жариялап, сүйінші де сұраған едік. Содан бері «100 кітап» акциясы жастар арасында келелі талқылауға түсіп, әлеуметтік желілерде қызу талданып, жаңа ойларға бастамашы болып та үлгерді.
Ғалымқайыр Мұтанов, ҚазҰУ ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор:
Егер қоғам, ел дамысын десек, әрқашан да болашақты болжап, сол келешекке қызмет атқарып отыруымыз қажет. Ал ол болашақты жасайтын – келе жатқан ұрпақ. Ертеңгінің жастары бізден де мықты, бізден де жақсы құндылықтарды игерген үлкен парасаттың иесі болуын бүгіннен бастап қадағалап, соған орай қарымды қадамдар жасау жас буынның тәрбиелеушісі ретінде біздің үлкен міндетіміз болып табылады. Қолға алған жобамыздың негізгі мәніне тоқталар болсақ, адамның өмірінде оқыған-тоқығанын өмірлік тәжірибесінен өткізіп, содан жақсы ұғым, мағыналы ой қалыптастыруда кітаптың атқарар рөлі орасан зор. Оқытушы мен оқушы деген қай заманда да бар, Аристотель кезінен келе жатыр. Ондай мүмкіншілікті ҚазҰУ-дың студенттерінің басына қонған бақ деуіміз керек. Өйткені сіздер білікті оқытушылардан білім алып жатырсыздар. Ал өмірдегі, күнделікті жандарыңызда болатын ұстаздарыңыз – кітап. Әлемдік мәдениетті, құндылықтарды, тіпті өмірлік қиындықтардың шешімін де кітаптың ішінен табуға болады. Мысалы, Л.Толстойдың «Соғыс пен бейбітшілігін» немесе «Анна Каренинасын» қолға алған кезде өмірде кездесетін көп мәселелер алдарыңыздан шығады. Ол мәселелерді қалай шешкенінен кейіпкерлер арқылы сабақ, тәжірибе алуға болады. Сондықтан кітаптың адам өмірінің ажырамас бөлігі екендігін біз сіздерге түсіндіріп айтуымыз керек. Қазірде жастар кітап оқудан жырақтап кетуі себепті рухани тегеуріндері әлсіреп, жеңіл дүниелерге әуес, әсіреқызыл, жарқылдақ дүниелерге қызыққыш келеді. Ал қазақта әсіреқызылдың түсі тез оңады дейді. Білімді сапалы да жүйелі түрде алған дұрыс. Жаһандану заманында білім жүйесіне де көп өзгерістер еніп жатыр. Бұрынырақта кім неғұрлым көп білсе, сол соғұрлым білімді саналатын. Бүгінде ол өз нәтижесін дұрыс бермей отыр. Көп білу де керек, бірақ біліктілік өз алдына, алған білімді пайдалана білу үлкен маңызға ие. Бір өкініштісі, бізде білім бар, бірақ оны пайдалану жағынан төменгі елдердің қатарындамыз. Әрине, осы заманға сай жан-жақты, сапалы білімді игеру оңай емес. Ал оны толыққанды меңгеру өмірдегі ең маңызды мәселе. Сол арқылы біз болашаққа жарқын жол сала аламыз. Өмірдің парқына бойлаймыз. Жалпы, «100 кітап» дегеніміз – сіздерге база болатын негізгі кітаптардың жиынтығы ғана. Өйткені бізде қазақта талантты қаламгерлер көп. Олардың саны 100 емес, әлдеқайда көп. Осы жағдайды ескере отырып, сауалнама жасап, алғашқы кезеңде 100 кітаптың тізімін жасадық. Бірақ бұл қатып қалған қағида емес. ҚазҰУ-ға түскен бірінші курстың студенті оқу бітірген кезде кемінде 100 кітап оқып шығар болса, мен ректор ретінде өкінбес едім. Ол мүмкін мамандық жағынан келгенде, толыққанды білім болмай жатқанымен, 100 кітап оқыған бала ертең шынында да, өз бағытының жоғары деңгейдегі маманы болатыны анық.
Жақында тағы да рухани жақты дәріптейтін, адамдардың арасындағы арақатынасты анық ашып, сыйластықты нығайтуға өз септігін тигізетін «Айналаңды нұрландыр!» жобасын «Айқын» газетімен қолға алдық. Кездескен кезде бір-бірімізге күле қарап, жылы шырай танытып, айналамызды нұрландырып жүрсек қандай жақсы. Сөйтіп, қоғамда университет өз рөлін атқару керек. Егер жоғары оқу орны қоғамға ықпал жасамаса, жастар тәрбиесі де өз тұғырынан таяды. Біз одан арылып қана қоймай, жаңа игі істерге мұрындық болуымыз керек. «100 кітап» жобасы осының бастамасы. «Жаяудың шаңы, жалғыздың үні шақпайды» дегендей, осы жерде айтылған небір жақсы ой, жақсы пікірлер халыққа жетпей жатса, ол да өкінішті жағдай болады. Сондықтан бұл жобада бізді қолдап, республика көлеміндегі оқырмандарымызға игі шара жөнінен хабардар етіп отырған республикалық «Жас қазақ» газетінің ұжымына зор алғысымызды білдіреміз.
Срайыл Смайыл, «Жас қазақ» газетінің Бас редакторы:
Қазір креативтің заманы. Жастарымызға берері мол жобаның өзіміз білім алған қымбатты қарашаңырағымыз Қазақ Ұлттық университетінде пайда болғанын, жаңа бастамашыл ректоры Ғалекеңнің осындай бастама көтергенін біз өте үлкен ризашылық сезіммен қарсы алып, жобаны бірлесе іске асыруға кірісіп кеттік. Жалпы кітап мәселесінің тек қазақ қоғамы, қазақ баспасөзін ғана емес, көптеген елдерді толғандырып отырған жайы бар. Мәселен, арабтың ағымдағы басылымның шолушысы: «Арабтар кітап оқымайды, оқыса түсінбейді. Түсінгеннің өзінде де айтып бере алмайды» деп араб халқының ұлттық дүниетанымының, ой-санасының төмендеп бара жатқанын үлкен мәселе етіп көтерген болатын. Шынында да Дубай, Әбу Даби сияқты Біріккен Араб Әмірліктеріне барған кезде үлкен тұлғалы азаматтарымен белгілі бір тақырып төңірегінде, дүниеде болып жатқан оқиғаларға, құбылыстарға тоқталып, әдебиет, мәдениет жөнінде сөйлесу өте қиын. Себебі әңгіменің барлығы соңында бәрібір қандай виллада тұрады, көлігі қаншалықты қымбат, неше ұшақ, кемесі бар деген сынды үй-жайдың маңайындағы әңгімеге, материалдық құндылықтарға айналып соға береді. Тек Араб Әмірліктері ғана емес, жалпы қоғамның бір бөлігі осындай тоқырау кезді кешіріп жатыр. Тіпті Ресейдің өзі руханиятқа үлкен алаңдаушылық білдіріп отыр. Таяуда ресейлік саясаткер Геннадий Зюганов мынадай бір деректі келтірді: Мәскеу Мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің 3-4-курсында оқитын 200 студентіне «Менің Отаным – Ресей» деген тақырыпта шығарма жаздырыпты. Сонда 200 студенттің ішіндегі 183 білімгер шығарма сынынан өте алмаған. Болашақ журналистердің И.Тургенев, Л.Толстой шығармаларындағы кейіпкерлерді шатастырғаны бір басқа, ең негізгі міндеттері өзінің ойын сауатты жеткізу, сөйлем құрау жағынан да төмен көрсеткіш көрсеткен. Сондықтан біз ұлт болып қаламыз десек, ең алдымен, руханятымызды, ішкі дүниемізді түзеп алуымыз керек», – деп сөйледі саясаткер. Жалпы бір формациядан екінші формацияға өткен кезде рухани дүниелерде тоқырау болатын сияқты. Бізде де сондай, бұрынғы кеңестік жүйе кезінде халық кітапты көп оқитын. Аяқ аттасаң, кітап дүкендері болатын. Кейін ол молшылық тоқырау кезеңіне ұласты. Рухани дүниеге көзқарас азайып, материалдық құндылықтар алға шығып кетті. Саясатта да біраз кемшіліктерге жол беріліп жатты. Мысалы алғашқы премьер-министрлеріміздің бірі: «Бізге кітапхананың керегі жоқ, барлық қажеттілікті компьютер өтейді десе, кейінірек тағайындалған тағы бір жоғары лауазымдымыз: «газет керек емес, ғаламтормен де өмір сүруге болады» деп шықты. Бірақ бұл пікірлердің қасаңдығын уақыттың өзі дәлелдеп берді. Алдыңғы қатарлы елдердегі тәжірибелерге көз жүгіртер болсақ, әлем халқы ғаламторды тек жедел ақпарат берер мағлұмат көзі деп қарайды. Кітаптың маңызы мен артықшылығын дер кезінде түсініп, бүгінде жаппай кітапқа, рухани болмысқа, бұдан бұрынғы жасалып кеткен құндылықтарға қайта оралып жатқан жайы бар. Киелі қарашаңырақ Ұлттық университет те осы маңыздылықты түсініп, жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруда жаңа талпыныстар жасауда. Біз де газет бетінде жобаның жемісін жан-жақты көрсетер түрлі формалық ізденістерді қарастыру үстіндеміз. Жаңа айдарлар қолға алынды. Мәселен, «Дүрдана» айдары жастарға Ғалымқайыр Мұтанұлы айтып өткен 100 кітаптың тізіміне енген шығармалардан үзінділер оқып, танысуға мүмкіндік берсе, әр түрлі формада ұсынылар пікірталас, дөңгелек үстелдер жаңа ойлардың ортаға салынып, жүзеге асуына жол ашады деген ойымыз бар.
Сандуғаш Қартаева, Жастар ұйымдарымен жұмыс жөніндегі бөлімнің жетекші маманы:
Ұлы суреткер Мұхтар Әуезов: «Бұл дәуірде өз елін, әдебиетін білмеген, оны қадірлемеген адамды толық мәнді интеллегент деуге болмайды. Себебі ол қандайлық мамандық иесі болғанымен, рухани сыңаржақ болып келеді» деген екен. Расымен де, тек бір саланы ғана меңгеріп қоймай, сонымен қатар рухани уызға жарыған жанды шын мәніндегі толық адам деуге болатын шығар. Біздің университет те ол үдеден алыс емес. Осы тұста ректор Ғалымқайыр Мұтанұлының бастамасымен «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс «100 кітап» жобасы бір жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жобаны жүзеге асыруда оқу орны басшылығынан бастап, бірінші курс студентіне дейін өте белсенді қатысты деп айта аламын. Бұл жерде университеттің тәрбие ісі жөніндегі департамент жұмыс жүйесін жасап, кафедралардың индекативті жоспарына жобаны міндетті етумен айналысса, факультет кафедралар деңгейінде эдвайзерлік сағаттар, дөңгелек үстелдер, «Көшпелі көрмелер», сондай-ақ Қабдеш Жұмәділов, Бексұлтан Нұржекеұлы секілді тізімге енген шығарма авторларымен де келелі кездесулер өтікізілді. ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітапты таңдауда үлкен талқылаулар, «Универ» жүйесі арқылы оқытушылар мен студенттер арасында сауалнама жүргізіліп, көптің ұйғарымымен ең үздік деген 100 кітаптың тізімі түзілді. Біздегі ендігі мақсат – осы таңдалған кітаптардың оқылуын қадағалап, студенттердің көркем әдебиетке деген қызығушылығын арттыру. Акция аясында әлі де апталықтар, үлкен-үлкен іс-шараларды ұйымдастыруды жоспарға енгізіп отырмыз. Абай атамыз: «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» дейді. Әрқайсымыз күніміздің кемінде бір сағатын кітап оқуға арнауға дағдылануымыз керек.
Нұрлан Әбдіқадіров, Студенттер сенатының төрағасы, экономика және бизнес жоғарғы мектебінің студенті:
Біз осы «100 кітап» жобасы жұмысын бастағалы бері акцияны әлеуметтік желілерде насихаттауды да қолға алған болатынбыз. Бірнеше форумдар ашылып, талқылаулар жүргізілді. «Сенің сүйікті кітабың және ондағы ұнаған кейіпкер», «100 кітап жобасын жастар арасында насихаттау барысында қандай шараларды атап айта аласың?» деген тақырыптарда «Тwitter», «fasebook.com», «mail.ru» сияқты жастар көп пайдаланатын әлеуметтік желілерде пікірталас ұйымдастырылды. Форумдағы талқылау нәтижесінде жастардың кітапқа деген қызығушылықтарының артқанын айтпағанда, сөз саптастарындағы көркемдеу, эпитет, теңеулермен айшықтай сөйлейтіндігіне де куә болдық. Әсіресе, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың лирикасына деген ықылас басым. Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» шығармасы да ҚазҰУ студенттерінің сүйікті кітабына айналған. Оған да форум көрсеткен нәтижелер дәлел бола алады. Жоба қолға алынған бір жылға жуық уақыт ішінде студенттердің алды тізімге енген 100 кітаптың тең жартысын тәмамдап үлгеріпті. Сондай-ақ аталмыш жоба аясында «ҚазҰУ-де адасқан кітап» аталатын қызықты шараны да жастар қызыға қолдады. Бұл біз үшін жаңа жоба болғанымен, Батыс елдерінде кеңінен тараған акциялардың бірі. Шара шарты бойынша, студент өзі оқыған кітабын ҚазҰУ қалашығының кез келген жеріне қалдырып кетеді. Тауып алған келесі студент кітапты алып, жалғастырып оқып кете беруіне болады. Осындай іс-шаралар арқылы кітапқа деген қолжетімділікті арттырғымыз келді. Бұл шара да белгілі бір дәрежеде өз нәтижесін берді.
Амалбек Өміртай, халықаралық қатынастар факультетінің студенті:
Мен бұл пікіралмасудың еліміздің болашағы үшін маңызы зор жиын екенін айтқым келеді. Бүгінгі тақырып өзекті де өте мәнді. Жалпы ҚазҰУ студенті басқа жоғары оқу студенттерінен несімен ерекше? Бұған біз әртүрлі жауап бере аламыз. Соның ішіндегі ең маңыздысы – олардың кітапқа деген үлкен махаббатында дер едім. «100 кітап» жобасын жандандырып жатқан жастардың әрекеті осы ойымызға дәлел. Кітап оқу – ешқашан кеш емес. Және оқығанда да, оны қажет болғандықтан, өзін мәжбүрлеп оқымай, керісінше, рақаттанып оқитын болса, одан алар әсер де ұмытылмастай болады. Мәселен, мен жазда Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын оқып шықтым. Әсерімді сөзбен айтып, жеткізу мүмкін емес. Бейне бір Абай өмір сүрген ХІХ ғасырға сапар шеккендей болдым. Абай атаммен бірге Шыңғыстаудың етегінде жүргендей тебіреніп, Тоғжанға деген ақын сезіміне де ортақтастым. Қай кітапты оқысаң, сол заманда өмір сүргендей, сол заманның перзентіндей әсерленесің. Ондай сезімді кітаптан басқа ешбір дүние сыйлай алмайды.
Талас Омарбеков, тарих ғылымдарының докторы, профессор:
Бәріміз көркем әдебиеттің арқасында қалыптастық. Әсіресе, гуманитарлық қоғам көркем әдебиетті қажет етеді. Оның ішінде тарих. Өзімнің жеке басыма байланысты бір-екі сөз айтар болсам. Туған кезімде әкем қайтыс болып, шеше тәрбиесін көрдім. Кемпірдің жалғыз баласы едім. Анам өте саналы адам болды. Мені жақсы тәрбиелеуге тырысты. Мектеп табалдырығын аттаған шағымда: «Осыны басынан аяғына дейін оқып шық» – деп бір кітап берді. Қарасам, Жюль Верннің «Капитан Гранттың балалары» шығармасы екен. Іші толған сурет. Бір тұңғиық тылсым дүниеге ендім де кеттім. Қарақшы кейіпкер Айртонмен бірге таңғажайып әлемді ашқандай болдым. Міне, осы шығармадан кейін жазушымен айырылмастай достасқаным әлі есімде. Ол кезде қазақ жазушыларының кітаптары қолға түсе бермейді. Жюль Верн мені көркем әдебиетке, әлем жауһарлары жасырынған көмбеге бастады. Соның әсерімен шығармашылық жолға келдім. Менің тарихшы болып қалыптасуыма ықпал еткен екінші бір шығарма, ол – І.Есенберлиннің «Көшпенділер» роман-трилогиясы. Абай атындағы педагогикалық институтында оқығанымда қуғындалған Е.Бекмахановпен дәмдес болған Халел Әлікеев дейтін ғалым ұстаздың дәрісін тыңдау бақытына ие болдым. Ол кісі көп еңбек жазбайтын. Қазақтың шығу тегі туралы жалғыз-ақ кітабы болды. Ұстазымыздың жазғандары жарияланбайтынын кейін түсіндік қой. Тілес Шойынбаев деген ұстаздың да алдын көрдік. Ағамыз кезінде Е.Бекмахановпен айтысып, оның 25 жылға сотталуына бірден-бір себепкер болған адам. «Казахстанская правда» газетінде оны айыптап, мақала жазған үшеудің біреуі. Біздің бақытымыз сол, екі түрлі тарихи конвенцияны тыңдап есейдік. Х.Әлікеев келеді де, Кенесары бастаған қозғалысты жақтайды, мақтайды. Келесі дәрісте Т.Шойынбаев Кенесарыны феодал, монархшыл деп жамандайды. Содан не керек, 2-курста оқып жүргенде І.Есенберлиннің «Қаһар» деген жаңадан шыққан кітабы қолыма түсті. Ол кезде «Қаһарды» оқуға тыйым салған. Бір бөлмеде бес жігіт жатамыз. Кешке таман, ел аяғы басылған кезде бөлменің есігін тарс жауып алып, жаңағы кітапты кезек-кезек оқимыз. Оның себебі не? Өйткені Т.Шойынбаев ағамыз кітап шыққан бетте өзінің дәрісінде: «І.Есенберлин деген оңбаған (Ал ол кезде Есенберлин тірі). Өзі «Ескексіз қайық» деген кітап жазып, сотталып келген. Онымен қоймай, Кенесары туралы кітап жазып отыр. Енді тағы сотталатын болды. Ол кітапты оқитын болсаңдар, комсомолдан ғана емес, оқудан да шығасыңдар», – деп бізді қорқытады. Кенесары туралы Мәскеуден тапқан құжаттарын оқып, билікті аңсаған хан екенін дәлелдеуге тырысты. Содан мен «Қаһарды» Халел ұстазыма айтып едім, ол кісі таба алмай жүр екен. Кейін жас тарихшылар І.Есенберлинді тауып алып, Серік Қирабаев ағамызға жалынып жүріп кездесу өткіздік. Кенесары туралы шындықты там-тұмдап болса да жеткізді. Біздің бөлменің жігіттері алдын ала ақылдасып алғанбыз. Кітапта Зейнеп деген жеңілжүрісті әйел бар. «Бұл әйелді шығармаға кіргізудің қажеттілігі қаншалықты?» – дедік. Сонда қалемгердің: «Қазақ ауылында осындай да әйелдердің болғаны шындық. Сол үшін кіргіздім», – дегені әлі есімде. Осындай ізденістермен біз тарихшы болып қалыптастық. Мұндай кітаптар адамның санасына керемет әсер етеді. Студент оқуға тиіс 100 кітаптың тізімін құрастырғандардың бірі менмін. Тек пайдалысын қалдыруға атсалыстық. Көркем әдебиетті көбірек оқуға тырысуымыз керек. Ойлантады, толғантады, өзімізге сын көзбен қарауға үйретеді. Кітаппен дос адам халқының келешегіне бей-жай қарамайтын болады. Бұл жобаның жастарға, жалпы, бәрімізге берер пайдасы ұшан-теңіз дер едім.
Ғалымқайыр Мұтанов:
Қазіргі ұрпақ, сіздер бақыттысыздар! Талас ағалар, одан кейінгі ұрпақтар Мағжанды оқи алмай кетті. Қатаң тыйым салынған еді. Бертін келе бізге О.Сүлейменовтің кітабын оқуға мүмкіндік болмады. Өйткені империялық саясатқа қайшы болды. Қазір кітап оқуға барлық мүмкіндік жасалған. Ол үшін бағыт-бағдар беретін – сіздердің мұғалімдеріңіз.
Кәкен Қамзин, филология ғылымдарының докторы, профессор:
ХІХ ғасырда арғы тегі түрік орыс жазушысы Иван Сергеевич Тургеневтің «Әкелер мен балалар» деген романы шыққан. Соны жазған И.Тургенев болашақ ұрпақтың кемістік жақтарын, мәдениетке, әдебиетке, өнерге сырт қарай бастағанын болжап білген. Тіпті автор кейіпкер Базаровтың аузына: «Рафаэльдерің соқыр тиын тұрмайды» деген сөз салады. Міне, дәл осы кеп қазір біздің де басымызға келіп тұрған сияқты. Бірақ біз оны дер кезінде аңғара білдік. Университетіміздің басшылары да мәселе мәнісін дер шағында түсініп, студенттеріміздің санасын сәулелендіріп, көркемдікпен байытуға бағытталған жаңа жобалар қолға алынды. Соның бірі осы – «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» бастамасы. Көркем дүние туралы мұндай мәселе көтеру – бұл тек университет ауқымымен ғана шектелмей, мемлекеттік тұрғыда қолға алынатын шаруа деп есептеймін. Оның үстіне, жүз кітап оқу адамды сан жағынан ғана емес, сапа жағынан да өсіреді. Көркем кітап оқушысын жазушының зертханасына енгізеді. Әсіресе, журналистика мен филология факультетінің студенттері үшін ол – үлкен шеберлік мектебі. Өзінше бір дәріс алады. Сондықтан мұндай үлкен шараны міндетті түрде қолдау керек. Мен жаңа ректор Ғалымқайыр Мұтанұлына өзімнің шәкіртім Бауыржан Әлқожаның «Айтұма» деген жыр жинағын көрсеттім. Міне, қарап отырсаңыздар, мұны 100 жазушының соңынан ерген жас талантты ақынның нақты еңбегі дер едім. Бізде университет кезінен-ақ, өзінің шығармашылығын шыңдап, қарымын танытып жүрген талантты студенттер жеткілікті. Дарынды жастарға қолдау білдіріп, бұлақтың көзін ашуымыз керек. Бұл жобаны сол ойымызды нақты іс жүзіне асыратын игі бастама болады деп сенемін.
Қансейіт Әбдезұлы, филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің деканы:
Университет басшысының руханият, әдебиет, өнер, мәдениетке біртабан жақын болғанының жарқын көрінісінің бүгін куәсі болып отырмыз. Амалбек деген шәкіртім айтты ғой, «Абай жолын» оқып, Шыңғыстауды үш ай бойы кешкендей, бұлағынан шөл қандырғандай керемет күй кештім деп. Сол киелі таудың баурайында Абай, Шәкәрімді жастайынан жаттап, топырағын табанымен басып өскен ректорымыздың, әрине, әдебиетке, руханиятқа жақын болмауы мүмкін емес. Жастардың да бүгінгі жиындағы белсенділігін көріп, қатты қуанып отырмын. Себебі студенттер мәнін терең түсініп, өздері қолға алмай, бұл жоба ешуақытта іске аспайды. Біздің қазақ жастарының рухына жақын, руханиятты да, әдебиетті де, бір жағынан, саясатты да шектен шығармай, оқырманға дәмін бұзбай ұсынып жүрген «Жас қазақ» әу бастан-ақ үлкен беделге ие, оқырманының іздеп жүріп оқитын басылымына айналған. Бүгінгі бастаманы да қолдап, жастардың үніне құлақ түре келген «Жас қазақ» ұлттық апталығының ұжымына үлкен алғысымды білдіремін.
Баян Ермекбаева, Экономика және бизнес жоғарғы мектебінің деканы:
Жатақханаларды аралап, студенттермен кешкі уақытта кездесіп жүргенде олардың бөлмелерінен бұрынғыдай түрлі-түсті журнал емес, әдеби кітаптарды көретін болдық. Мұның өзі «100 кітап» жобасының берген жетістігі, жемісі деп ойлаймын. Акцияның тағы бір тәрбиелік мәні жатақханадағы бірінші курстың студенттеріне жоғары курс студенттерінің кейде өзінің күштілігін көрсетіп, әлімжеттік жасайтын жағдайлары да кездесіп тұратын. Бірақ биыл оқу жылы басталғаннан бері ондай мәселе әлі ұшыраспады. Оның өзі университетімізде атқарылып жатқан «Жасыл қабат», «Айналаңды нұрландыр» және «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» атты бір-бірімен байланысты үш үлкен жобаның әсері деп ойлаймыз. Маман болумен қатар адам болуға тәрбиелейтін осындай жобаларымыз бүгінде өзінің алғашқы жемісін беріп жатыр.
Амалхан Төлебек, физика-техникалық факультетінің студенті.
М.Әуезов атамыздың «Ел мен елді, жер мен жерді теңестіретін – білім» деген сөзі өте нақты әрі айшықты түрде айтылған. Кітап оқу – адамның рухани байлығын жетілдіру. Менің қолымдағы Софы Сматаев ағамыздың «Елім-ай» кітабы. Осы 100 кітаптың ішіне енген. Аты айтып тұрғандай, бұл кітапты оқи отырып, сонау XVIII ғасырдағы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» еске түседі. Қарап тұрсақ, ол қилы замандар да артта қалды. Құдайға шүкір, бүгінгі Тәуелсіздігімізге қол жеткіздік. Сол кезеңдерде білектің күшімен, найзаның ұшымен ел қорғаған текті азаматтарымыз болмағанда, қазір «Қазақстан» емес, «Жомарстан» деп те аталар ма едік?! Міне, осының барлығы жыршы, жыраулар арқылы кейінгі ұрпаққа том-томдар болып қала берді. Кітап оқу адамның жан азығын дамытады. Қазіргі кездегі интернет те кітапқа жетпейді. Кітап оқыған адамның тағдыры да, болашағы да оң өзгеретініне мен сенімдімін. 100 кітаптың, тіпті болмағанда 10-15-сін оқыған адам айналасын нұрландырып жібереді деп ойлаймын.
Нұрлан Наурызәлиев, журналистика факультетінің 3-курс студенті:
«ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» жобасы жүзеге асырылғалы бері білімге құштар жастар көбейіп келеді. Бүгінгі бас қосуымызға да осы жоба себепші болып отыр. Бүгінге дейін 100 шығарманың 25-ін оқып шықтым. Ақпараттық демеушілігі үшін «Жас қазақ» газетіне алғыс айтып, қашанда қазақ жастарымен бірге болыңыздар дегім келеді. «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес» – деп Абай атамыз айтпақшы, жоба басталды, енді оны жандандырып, дамыту тікелей студенттердің еншісіндегі дүние.
Ерлан Қонысбек,
халықаралық қатынастар факультетінің студенті:
Қара шаңырақтың табалдырығын аттағанда осындай игі жобаның бар екенімен таныстық. Оқуды Абайдан бастайық. Әр ұлттың өзінің ұстазы бар. Ал біздің ұстазымыз – Абай. Ат төбеліндей қазақты жаһанданудың заманында адастырмайтын темірқазығы – Абай. Абайға қарап бой түзеп, Абайды оқып, сөз түзейік!
Ғалымқайыр Мұтанов:
Ғаламторда «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» аталатын әлеуметтік желі ашсақ деген ой бар. Үнемі осындай пікіралмасу өткізіп тұрсаңыздар, нұр үстіне нұр болар еді. Бір отырыста барлығын қамту мүмкін емес, әрине. Әдеби орта жасасақ, ол веб-порталдың ішіне 100 кітапты кіргізсек деген ұсынысым да бар. Әрқайсымыз өзімізді-өзіміз дамытайық. Біздің бағыт түзер алтын қазығымыз Алаш арыстары материалдық құндылықты ешқашан алдыңғы орынға қойған емес. Ірі тұлғалардың арасында байдың да балалары болды. Бірақ ешқайсысы байлыққа қызыққан жоқ. Біз осы ұлыларымызға қарап бой түзесек, олардан кем болмаймыз. Ұлттығымыз үшін ұялмауымыз керек. Мақтанатын дәрежедеміз.
Жоба жаңалығы:
ҚазҰУ ғылыми кітапханасында ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітаптың электрондық нұсқасы жасалып шықты.
Ұсыныс
Кеңес Қайрат, химия факультетінің студенті:
Жаратылыстану бағытын таңдағаннан кейін сіздер бізді мектеп қабырғасындағы әдебиеттердің деңгейінде қалып қойды деп әсте ойламағайсыздар. Қазіргі кезде химияда мына реакция мынандай элементтен тұрады деп айтудың өзі шешендікті қажет етеді. Алдыңғы отырыстарда: «Нақты ғылымдар өте шешендікке, алғырлыққа үйретеді», – деп айтқан едіңіздер. Сондықтан көркем әдебиеттен өзге психология, педагогика, философия, сондай-ақ бүгінде көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан нанотехнология, физиканың әр алуан салаларына байланысты жаңа да қызықты әдебиеттер көп. Осы іспетті әдебиеттерді 100 кітаптың ішіне енгізсеңіздер деген ұсынысымды айтқалы келдім.
Минайхан Салтанат, филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің студенті:
Мұхтар Мағауиннің «Шыңғыс хан» шығармасын енгізсеңіздер. Содан кейін көзі тірі классиктермен кездесу ұйымдастырып, шығармаларын көзбе-көз талдасақ деген ұсыныстарым бар.
Ғалымқайыр Мұтанов:
Өте жақсы ұсыныс. Филология факультетінің деканы Қансейіт Әбдезұлының бағдарламасында жастарды тұлғалармен кездестіру жоспары бар. Жақын арада Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртазалармен кездесу ұйымдастырылады. Ал Мұхтар Мағауин қазір, өздеріңіз білесіздер, Прагада. Елге сапары түсіп жатса, міндетті түрде шақырамыз.
Тақырыпқа орай
Смағұл Елубай, жазушы, кинодраматург:
Қазақтың Ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлы бастап көтерген студенттер төрт жылда жүз әдеби кітап оқу керек деген бастама құптауға тұрарлық жоба екен, бізге қатты ұнады. Оның себебі мынау: соңғы жылдары кітапты оқырманның қолынан алып, оның орнын иеленген телевидение, экран, компьютер сияқты жаңа заманның ақпарат құралдары кітап оқуды шынында да халық арасында төмендетіп жібергені рас. Әсіресе, жалт-жұлт еткенге құмар жастарымызға көркем дүниемен сусындау, тіпті жат болып кетті. Сондықтан Қазақ Ұлттық университетінің осы бір акциясын жалпы республикалық акцияға айналдырып, бүкіл жоғары оқу орындары студенттері төрт жыл бойы классикалық 100 кітапты оқып шықса, бұл сол жатар үшін де , олардың болашағы үшін де баға жетпес байлық болар еді. Студенттердің арасында инженер де, әдебиетші де, саясаткер де болуы мүмкін. Бірақ қандай маман болғанына қарамастан, 100 кітаптан алған рухани мұрасы, рухани байлығы оған өмір бойы тірек, ғұмырлық азық болар еді. Сол жастар ертең университеттен түлеп ұшқаннан кейін де, киелі қарашаңырағына 100 кітап оқу талабын енгізгені үшін алғыс айтумен өтетініне сенемін. Мен мұны кітаппен дос болудың пайдасының қаншалықты екендігін басымнан кешкеннен кейін айтып отырмын. Жас кезде алған білімнің болашақтағы әр түрлі мамандық иелеріне тіреу, өмірлік азық болары хақ. Әсіресе, ақпарат құралдарының ішіндегі жоғарыда айтып отырған экран, кино, телевидение, компьютердің жастар назарын жаулап алып жатқан бүгінгі заманда кітапты өгейсітпей, оқырманның қолына ұстатуын беру, оны тіпті оқуға міндеттеуін ғажайып бастама дер едім. Назерке ЖҰМАБАЙ