Жұлдыз ағып түскен мекенге саяхат

16 қараша, 2012

ХІХ ғасырда қазақ даласында жарқ етіп, ерте сөнген жұлдыз, халқымыздың даңқты перзенті, ұлы ағартушы, жиһанкез, фольклоршы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың мәңгі баяз тапқан жері – Алматы облысы, Кербұлақ ауданындағы ғалымның аты берілген кіп-кішкене, моп-момақан Шоқан ауылы туралы біреу білсе, біреу білмес. Шағын елді мекенді құшағына алған Алтын Емел жотасына ғалым бабаның әруағына құран бағыштап, ұлыдан қалған жәдігерлерді тамашалауға журналистика факультетінің бір топ студенті саяхаттап барды. Студенттерге бас‑көз болып, жол бастаған – ф.ғ.д., профессор Кәкен Қамзин.

Келер жерін де, кетер жерін де іштей сезгеніне қарап, Шоқанның нағыз көреген, сезімтал географ болғанына күмәнің қалмайды. Алтын Емелдің табиғаты сұлу де кербез. Жазық дала панорамасын кестелеген ақ бас таулар, дүңкиген шоқылар, іркес‑тіркес жоталар, алқоңыр даладағы бір қабат қардың жұқанасы − бәрі әдемі. Алыстан қаптай шапқан қатпар-қатпар таулар мен жуасып жатқан жазық дала әсем үйлесім тапқан. Қоңыр күз. Бірақ әр мезгілдің өз тамашасы өзінде...

Шоқан Уәлиханов осы Алтын Емел жотасының етегіне жерленген. Шоқанның басына қойылған мәрмәр ескерткішті ХІХ ғасырдағы Түркістанның генерал-губернаторы фон Кауфманның бұйрығымен Екатеринбургтен алдыртып койдырыпты. Бұл орыс зиялыларының Шоқанға көрсеткен ерекше құрметі болса керек. Аңыздың айтуына қарағанда, ертеректе сол мәрмәр тастан біреу диірмен дөңгелегін ойып алмақ болған. Алайда, қасиетті жанның киесі ұрды ма, кім білсін, тастың қиыршығын әлгінің көзіне қадалып, діттегеніне жете алмай жан тапсырған деседі. Кейіннен тастың түпнұсқасы мұражайға алынып, бейітінің басына көшірмесі қойылыпты. Ал ғалымның мемориалды кешені: мұражай, ескерткіш, обелиск Шоқан ауылының орталығында орналасқан. Ескерткіші де алыстан мен мұндалап, көзге бірден түседі. Өрлік, тектілік, мәдениеттілік, интелектуалдық тереңдік секілді қасиеттер Шоқан өлсе де, оның осы қасиеттері енді мына тас мүсінге көшкендей. Ұлының рухымен астасып тұр. Зират басындағы обелиск Қазақ КСР үкіметінің шешімімен 1958 жылы орнатылса, ал мұражайы 1985 жылы ашылған. Мұражайда Шоқанның Сырымбеттегі мұражайында жоқ жәдігерлері бар. Әсіресе ғалымның экспедициялық сапары, өмір жолы бейнеленген тоқыма кілем мен әжесі Айғанымның салдырған үйінің макеті ә дегеннен көз тартады. Мұражайдың тағы бір ерекшелігі ғалымның тұрмыстық заттары мен қолжазбаларынан басқа, оның зерттеу материалдарына қатысты дүниелер бар. Мәселен, Қозы Көрпеш пен Баян сұлу бейітінің кішірейтілген түрі, балбал тастар деген секілді экспонаттар Шоқанның ғылыми әлеміне енуге мүмкіндік береді.

Болашақта Шоқанның пәуескесінің көшірмесі, жұмыс орнының, жатын орнының жасанды нұсқалары қойылмақ. Кинозалы іске қосылып, Шоқан туралы фильмдер көрсетілетін болады. Қазір мемлекеттік бюджеттен 42 млн. көлемінде қаржы бөлініп, Шоқан бабамыздан қалған шаңырақты жаңарту, қайта өңдеуден өткізу секілді шаралар қолға алыныпты. Жөндеу жұмыстары осы жылдың желтоқсан айында аяқталмақ.

Студенттер саяхат барысында таным көкжиегін кеңітіп, Шоқан Уәлиханов секілді ұлы тұлғаның ғибратты ғұмырынан үлгі алып, мол рухани азық жинап қайтты.

Журналистика факультеті,

мерзімді баспасөз және электронды БАҚ кафедрасы