ҚазҰУ-да «Әлем тарихы, тарихнама және деректану инновациялық-ғылыми таным жүйесінде» халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы өтті

27 сәуір, 2013

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих, археология және этнология факультетінде «Әлем тарихы, тарихнама және деректану инновациялық-ғылыми таным жүйесінде» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Конференцияның жұмысында Германия, Түркия, Финляндия, Қырғызстанның профессорлары, сонымен қатар қазақстандық жетекші ЖОО-ларының белгілі ғалымдары мен жас зерттеушілері, магистранттар мен докторанттары қатысты. Конференцияның ашылу салтанатының кіріспе сөзін Ғылым және инновациялық қызмет жөніндегі департамент директоры Х.С. Тасибеков жасады. Модератор ретінде дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының меңгерушісі, ҚР ҰҒА-ның Құрметті академигі, профессор Қ.Т. Жұмағұлов белсенді түрде қатысып, «Қазақстан Респбуликасындағы дүние жүзі тарихын зерттеудің концептуалдық мәселелері» тақырыбындағы пленарлық баяндамасын жасады. Археологиялық зерттеулер бойынша жұмыстың нәтижелері туралы маңызды мәліметтерді т.ғ.д., профессор, тарих, археология және этнология факультетінің деканы Ж.Қ. Таймағамбетов «Қазақстандағы стратификацияланған ескерткіштердің палеолиттік индустрияларының шекаралас елдердің индустриясымен корреляциясы» аталған пленарлық баяндамасында ұсынды. Шетелдік профессорлар да қызықты пленарлық баяндамалар жасады. Альбрехт Людвиг атындағы университеттің профессоры Л. Штайндорф (Германия) «Geschihte der Universität Kiel – ein Beispiel für die Entwicklung der Hochschulbildung in Deutschland» (Кильдегі университеттің тарихы Германиядағы жоғарғы білімнің үлгісі ретінде) аталынған баяндама жасады. Стамбулдағы Мимар Синан университетінің профессоры Ахмет Ташағыл «Түркі қағанаты қалай құрылды. Қалай тәуелсіз болды» тақырыбында баяндама жасады.

Конференцияның тақырыптық ауқымы әлемдік тарих, тарихнама және деректанудың өзекті мәселелерін қамтыды. Оның жұмысы маңызды бірнеше секциялар бойынша өтті: дүние жүзі тарихының мәселелері; тарих ғылымының методологиясы мен теориясы: тарихнама және деректану, Евразия және Қазақстан тарихының өзекті мәселелері.

Конференцияны ұйымдастырушысы дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасы.

Тарих, археология және этнология факультеті