"Алаш айнасы" республикалық қоғамдық саяси-күнделікті газет

24 мамыр, 2013

22 мамыр 2013, 14:02

Елдің әлеуметтік жаңғыруы тәрбиеден

Қазақстанның қазіргі және болашақта қайта жандануының стратегия­лық мақсаты ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақ­стан-2050 Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқын көрсетілген. Біз білім беру, денсаулық сақтау саласы да үздік, заң, бейбітшілік пен тыныштық үстемдік ететін, экономикасы мықты мемлекет құруымыз керек. Елдің жаңғыруы оны жүзеге асыруға қабілетті тұлғаны тәрбиелеуден басталады. Сондықтан қазіргі кезеңде педагогикалық ұжымның алдында маңызды мәселелер тұр. Жастарды біз қандай тәсілдермен тәрбиелеп отырмыз? Бұл тәсіл­дер қаншалықты тиімді, біз түпкі мақсатқа қол жеткізе аламыз ба?

Стратегияда ұлттық бірлік, отаншылдық пен азаматтық жауапкершілік тәрізді Қа­зақ­стан үшін дәстүрлі құндылықтарды бо­ла­шақ қазақстандық ұрпаққа мұқият тап­сыруымыздың қажеттілігі баса айтылған. Мемлекеттің табысты дамуы үшін қажетті бұл құндылықтарды жастардың бойына сіңдірудің үлкен жауапкершілігі білім беру мекемелеріне жүктеледі. Білім берудің тәрбиелік қызметі ақпараттық ортаны ке­ңейту, еңбектегі терең өзгерістер, адам­ның өз өмірінде бірнеше мамандықты ауыстыруы сияқты әлемдік қоғамдастық­тың даму бағытының қазіргі ерекшеліктерін есепке ала отырып құрылуы тиіс. Бұл өм­ір­дің түрлі саласындағы қоғамдық әрі жеке мәселелерді және оларды шешуге студент­тердің белсене қатысуымен анықталатын тәрбие мазмұнын жаңартуды талап етеді. Егер тәрбиенің үлгісі мен әдісі туралы айта­тын болсақ, онда білім алумен байланысты ұс­танымдарын өмірмен ұштастыруға мүм­кіндік беретін, жастардың жасампаз тәжі­ри­бесін байытатын, студенттің белсенді, өзіндік және бастамашыл үдерісін қалып­тас­ты­ратыны ғана басым болуы тиіс.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетінің тәжірибесі көрсеткендей, студентті тәрбиелеудің негізгі нәтижесі ре­тінде жобалау әдісін қолдануға болады. Жобалау қызметі педагогтар мен студент­тер­дің жұмысын жүйелендіреді, жастарды жеке шешім қабылдай білуге тәрбиелейді, жеке таңдау мен қызығушылығын артты­ра­ды. Қазіргі уақытта университетте «Ай­на­лаңды нұрландыр!», «Саламатты дене мә­дениеті», «100 кітап», «ҚазҰУ – Грин­кам­пус» атты бірнеше кең көлемді иннова­ция­лық жобалар жүзеге асырылуда.

Президент Н.Ә.Назарбаев «Қазақ­стан-2050» стратегиясында «Мемлекет пен азаматтың мақсаттары барлық бағыт­тар бойынша сәйкес келуі өмірлік тұрғыдан маңызды» деп атап көрсетті. Қазақстандық қоғамда жаңғыруын табысты жүзеге асыру үшін әрбір азамат өз еліне пайдалы болуы қажет. Осының өзі патриоттықтың негізі. Университет қауымдастығының мүшелерін әлеуметтік жаңғыру үдерісіне тарту мақса­тында ҚазҰУ-да кең көлемді «Айналаңды нұрландыр!» жобасы қолға алынды. Атал­ған жобаға қатысушылардың ішінде сту­дент­тер, кураторлар, оқытушылар, кафед­ралар, қоғамдық ұйымдар және уни­вер­с­и­­­теттің серіктестері бар. Қазіргі азамат­тың позитивтік қабілеті мен адам­гер­шілік құн­дылықтары анықталған. «Мейір­бан­ды­лық», «жақсылық», «еңбекқорлық», «адам­дық», «адалдық», «шынайылық», «талап­ты­лық», «құрмет», «білімділік», «парасат­ты­лық», «жауапкершілік», «алғыс», «толе­рант­тылық» – осы құндылықтардың бар­лығы әлемді ұстап тұр. Егер біздің әрқай­сымыз күнделікті өмірде осы қасиеттерді басшылыққа алсақ, онда біз қоршаған әл­емді жақсартуға өз үлесімізді қосамыз. «Айналаңды нұрландыр!» ұранымен «Қо­ғамды әлеуметтік жаңғырту әрқайсымыз­дан басталады» акциясы бастау алып, оның аясында студенттік топтар және ұй­ым­дар мақсатты түрде шығармашылық, ғы­лы­ми-зерттеу, қоғамдық жұмыстармен айналысады. «Айналаңды нұрландыр!» жобасын жүзеге асырудан күтілетін нәти­желер шеңберінде рухани-адамгершілік құндылықтар аясында жастардың құзы­рет­тілік деңгейін көтеру, елдің, универ­си­тет­тің өмірінде өзінің орнын сезіну, сту­денттік ортаның әлеуметтік белсенділігінің артуын атап өтуге болады.

Үштұғырлы тіл мемлекеттік саясатының арнасымен «100 кітап» жобасы жүзеге асы­рылып отыр. Аталған жоба аясында уни­верситет қауымдастығының мүшелері ҚазҰУ студенті оқуға тиіс әлемдік және отан­дық классиктердің үздік шығармала­рын таңдап, олардың тізімін құрды. «100 кі­тап» оқырмандар апталығы, «Кітапқұмар атан!» марафоны, шығарма авторларымен, мәдениет және өнер қайраткерлерімен кез­десулер, әлеуметтік желілерде әдеби шы­ғармалардың мазмұнын талқылау, әде­би-танымдық кештер, поэзия сағат­тарын өткізу шаралары студенттердің тілді меңгеруіне, мәдени және білім деңгейін арттыруына бағытталған. Бұл – рухани-адам­гершілік тәрбиенің маңызды және тиімді құралы ретінде әдебиетке деген құш­тарлықты арттыруға арналған шара­лар­дың жартылай тізімі ғана.

Қазақстан–2050 стратегиясында «нақ сол саламатты өмір салты ұлт денсаулығы­ның кілті болып саналады» деп атап көр­сетілген. Студенттерді салауатты өмір сал­тын ақтауға, төзімділікке, шыдамдылыққа тәрбиелеу мақсатында жалпыуниверситет­тік «Саламатты дене мәдениеті» жобасы қол­ға алынды. Жоба аясында студент жас­тар мен қызметкерлердің саулығын қамта­ма­сыз етуге қабілетті кешенді ұйымдасты­ру­шылық-әдістемелік, насихаттау және тәрбие шаралары қарастырылған. Универ­ситеттің ұжымдық мәдениетінде саламатты дене мәдениетін сәнге айналдыруға кам­пус­тағы күнделікті таңғы жаттығуларды, көпшіліктің боди-билдинг, армрестлинг, жеңіл атлетика, сауықтыру аэробикасымен айналысуын, көптеген үйірмелер мен сек­циялардың қызметін ұйымдастыру көмек­теседі. Бұл жоба студенттер мен қызмет­кер­лер арасында қызу қолдауға ие болды. Себебі спортпен айналысқан адам дене бі­ті­мін жетілдіріп қана қоймай, тұлға бо­лып қалыптасуға да мүмкіндік алатыны бел­гілі. Өз денеңді қалыптастырып қана қоймай, оны жетілдіруге қол жеткізе алу мен өз кем­ші­ліктеріңді жеңе алатындығың­ды сезіну жаңа дүниетанымды қалыптасты­рады, өз күшіңе деген сенімді арттырып, кез келген істі сәтті орындау және өзің үшін жаңа бе­лес­терді бағындыру мүмкіндіктерін ашады.

Елбасы әр кез өз сөзінде жас ұрпақты рухани игілікке, энергияны үнемдеуге, жа­сыл желектендіруге және тәртіпке талпы­нуға тәрбиелеу қажеттілігіне үнемі назар аударып келеді. Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһанды экологиялық бастамаларын қол­дау мақсатында «жасыл экономика» қоз­ға­лысы үдерісіне студент жастарды қаты­суға тартатын «Жасыл көпір – ұрпақтан-ұрпақ­қа» қозғалысы құрылды. Мақсаты эколо­гия­лық бағдарланған жоғары оқу орны ретінде университеттің дамуы болып табы­латын «ҚазҰУ — Гринкампус» жобасы жүзе­ге асырылуда. Студенттік экологиялық бас­тамаларды және эко-еріктілер қозға­лы­сын дамыту арқылы энергия, су, көлік және қал­дықтарды пайдалану салаларын­да универ­си­теттік қауымдастықты тұрақ­тан­дыруға көшу жүзеге асырылуда. Бел­сенді студент­тер­дің бастамасы бойынша университет қа­лашығы аумағы «темекі тү­ті­нен азат ай­мақ» деп жарияланды. «Эко­лог» студенттік үйірмесі өндірістік мә­се­лелер жөніндегі де­партаментпен бірлесе отырып, қайта өң­деу үшін қалдықтарды бөлек жинауға арналған контейнерлер орнатты. Студенттік қала­шық­та алғаш рет велотұрақтар пайда бол­ды. Университеттік агробиостанция база­сын­да студенттік қалашықты жасылдандыру үшін көшет­терді өсіретін тәлімбақ ашылды.

Әйгілі қытай даналығында «Маған айт­саң мен ұмытамын, маған көрсетсең мен есімде сақтаймын, ал қызықтырсаң мен үй­ренемін» делінеді екен. ҚазҰУ-дың тәр­бие үдерісіне жобалық тәсілді енгізудің негізі әр студент пен оқытушының тікелей қатысуы болып табылады. Дәл осы негіз тәрбие жұмысының тиімділігі мен нәти­жесін қамтамасыз етеді.

Шолпан ЖАМАНБАЛАЕВА, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ проректоры, әлеуметтану ғылымының докторы, профессор