"Қазақпарат" ұлттық ақпарат агенттігі
06 Шілде 2013, 09:28
Астана - әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына ену мақсатына нық қадаммен келе жатқан тәуелсіз Қазақстанның символы - Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғ. Мұтанов.
АСТАНА. 6 шілде. ҚазАқпарат - Биыл Қазақстан жаңа елордасының құрылуының 15 жылдығын атап өтеді. Тарих үшін аса қысқа, қас-қағым сәт мерзім ішінде Астана заманауи мегаполиске, мемлекет пен қоғамның қарқынды дамып келе жатқан барлық саласына оң әсер етуші қоғамдық-саяси, экономикалық, ғылыми және әлеуметтік-мәдени танымал орталыққа айналды. Республикамыз үшін бұл жылдар халық өмірінің сапасы мен үрдісін айтарлықтай өзгерткен, интеграциялық бастамаларды жүзеге асырған, бұрынғы кеңестік кеңістікте Қазақстанның көшбасшы орынды алуына, еліміздің геосаяси маңыздылығының артуына мүмкіндік берген экономикалық серпіліс кезеңі болды.
ҚазАқпарат тілшісімен болған сұхбат барысында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, академик Ғалым Мұтанов бұл күннің еліміз үшін саяси маңызы, Президент Н.Назарбаевтың Қазақстанның жаңа елордасын құрудағы және мемлекетіміздің қалыптасуындағы рөлі жайлы айтып берді.
- Ғалым Мұтанұлы, егеменді Қазақстан тарихында Астананың атқарған рөлі қандай?
- Тарихта мемлекеттердің астанасын жаңа орынға сәтті көшіру мысалы аз емес. Олардың ішінде АҚШ, Ресей, Қытай, Түркия, Бразилия, Германияны атауға болады. Қашан да астананың орын ауыстыруы мемлекет көшбасшыларының ерлігі мен тегеурінді саяси жігерін талап еткен. Себебі мұндай идеяны замандастардың қабылдамауы бірден байқалып, ал дұрыстығы уақыт өте келе анықталып жатады. Қазақстанда жас тәуелсіз мемлекеттің жаңа елордасы мәртебесіне ие болу тарихи рөлі Астанаға берілді.
Еліміздің жаңа тарихы тұтастай тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуындағы және оның астанасының көркеюіндегі Қазақстан Президентінің тұлғалық атқарушы рөлін айқындайды. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары қабылданған Нұрсұлтан Назарбаевтың маңызды шешімі тек нақты экономикалық, геосаяси және демографиялық факторлармен ғана дәлелденіп қойған жоқ. Мемлекет басшысы экономикалық және әлеуметтік тұрақты заманауи Қазақстанның, өркендеген демократиялық мемлекеттің жаңа келбетін қалыптастыруға және әлемге танытуға ұмтылды. Стратегиялық дәл, қажет болған жағдайда, қалыптан тыс саяси шешімдер қабылдау арқылы Н.Назарбаев тек бағдарламаны, идеяны айтып қана қоймай, оны жүзеге асырудың механизмін ұсынды және жүйелі түрде оларды тәжірибеде іске асырды. Ол жаңа астана тағдырындағы маңызды шешімдерді қабылдады, оның дамуының негізін қалыптастырды, бірегей ғимараттар салуға бастамашы болды. Негізінен Елбасы Еуразия жүрегіндегі бірегей астананың шабыттандырушысы және архитекторы болып табылады.
- Көптеген салмақты кісілердің астананы ауыстыру идеясына күмәнмен қараған кезі де болды емес пе?
- Өмір Президент шешімінің дұрыстығын көрсетті. Бүгінде оған ешкімнің де күмәні жоқ. Бұл шешім Мемлекет басшысының стратегиялық және алысты болжай білетін көрегендігінің жарқын дәлелі болды. Қазіргі шындық Астананың мемлекеттің жаңа, жоғары деңгейдегі мемлекеттік және саяси орталығы ретінде экономикалық және саяси дамудың қозғаушы күшіне, барлық еліміз үшін өмірлік қажетті инновацияның қайнар көзіне айналғанын дәлелдеп отыр. Шын мәнінде, Астана - ұлттық идеямыздың іске асуы, Қазақстан тарихындағы жаңа дәуірдің - дамыған экономикасы бар, әлеуметтік өмір сүру деңгейі жоғары, саяси тұрақтылығы мен тыныштығы және жарастығымен ерекшеленетін демократиялық құқықты мемлекеттің қалыптасуының символы.
Астана жасампаз күш сыйлады және Қазақстан халқын рухани қуаттандырды, оның образының философиялық мәні де осында жатыр. Жас астана әлемдік қоғамдастықта ең жемісті және тиімді саналатын ұлтаралық бірлік пен дінаралық келісім саясатына жаңа серпін берді. Астанада аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға, өркениетаралық қарым-қатынасты орнатуға бағытталған Елбасы идеялары жүзеге асты. Қазақстан - бұрынғы кеңестік кеңістікте саяси өзгерістен аман қалған санаулы мемлекеттердің бірі. ТМД елдерінде әлеуметтік шиеленіс күшейіп, оппоненттер ұлтаралық наразылықты болжаған сәтте Н.Назарбаев көпұлтты республика халқын біріктіріп, оның күшін жасампаз арнаға бағыттады.
- Бірақ Астана - біздің елордамыз ғана емес, ірі халықаралық орталыққа айналды. Бұл қалай жүзеге асты деп ойлайсыз?
- Әлемдік қоғамдастықтың назарында бола тұра, Астана еуразиялық ықпалдастықтың орталығы болды, ынтымақтастықтың сындарлы түрін іздеу барысында халықаралық пікір алаңына және жаһандық мәселелерді шешу орнына айналды.
Астаналық экономикалық форум, тарихи ЕҚЫҰ саммиті, мерейтойлық ШЫҰ және ИЫҰ жиындары - осы және т.б. биік деңгейдегі шаралар Қазақстанның сөзсіз халықаралық беделі мен Шығыс пен Батыс арасындағы Астананың интелектуалды көпір ретіндегі рөліне куәлік етеді. Астанада өткен әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін ерекше атап өткім келеді. Халықаралық ортада кеңінен танымал Бейбітшілік пен келісім сарайы түрлі діндердің, ұлыстар мен мәдениеттердің саналуандығы мен бірлесуінің, ел мен мемлекетіміздің бар әлемге ашықтығының символына айналды.
Атап өтерлік жайт, Астанада азиялық аймақ шеңберінен тыс ең өзекті экономикалық, әлеуметтік және саяси сұрақтар шешімінің қабылдануы Президент бастамаларының өзектілігі мен әлемдік қоғамдастықта сұранысқа ие екендігіне куә. Бұл ретте Президенттің жан-жақты қарым-қатынасты көздеген «G-GLOBAL» идеясы, жаһандық энергоэкологиялық қауіпсіздік бағдарламасы және «Жасыл экономика» қозғалысы бойынша әлемдік қоғамдастықтағы серіктестікке ықпал етуді мақсат еткен «Жасыл көпір» бастамасы аса маңызды. 2012 жылы Елбасы идеясын қолдай отырып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ БҰҰ-ның «РИО+20» тұрақты даму бойынша жаһандық саммитінде арнайы секциясын өткізді. Секция жұмысының нәтижесінде «Жасыл көпір - ұрпақтан ұрпаққа» халықаралық университеттер бірлестігі құрылды, оның қызметі Н.Назарбаев бастамаларына академиялық және ғылыми ортаны кеңінен қатыстыруға бағытталған.
Бүгінде мемлекетіміз ғылым мен инновацияға бағыт алды. Астана озық бастамалар орталығына айналды және оған Қазақстан астанасының әлемнің басқа қалаларымен бәсекелік қиын тартыста жеңіп шығып, әлемдік деңгейдегі «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу биік мәртебесіне ие болуы дәлел. Бұл жеңіс отандық ғалымдарды инновациялық технологиялар құрастыруға және жетілдіруге ынталандыра түседі. Біздің университетіміздің ұжымы да шабыттана ЖОО-ның әлемдік деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арттыратын «ЭКСПО-2017» көрмесіне арналған мықты жобалардың бірқатарын жүзеге асыруға кірісті. Мысалы, олардың бірі ҚазҰУ ғалымдары мен жапон зерттеушілерінің бірігіп, алғашқы қазақстандық наноспутникті жасауына арналған.
Астананың құрылуы еліміздің қарқынды дамуына жағдай жасаған нағыз жетістік болды. Жаңа астана - әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына ену болжамды мақсатына нық қадам басып келе жатқан тәуелсіз Қазақстанның символы.
- Әңгімеңізге рахмет.
Автор: Марлан Жиембай