"Айқын" республикалық қоғамдық-саяси күнделікті газет

22 шілде, 2013

Баспа ісін оқыту арқылы ең ауқатты адамдардың қатарын көбейтеміз

19.07.2013

Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ

Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Журналистика факультеті Баспа ісі және дизайн кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент

– Баспа ісінің тарихы қашаннан басталды деп ойлайсыз?


– Әуелі «баспа ісі» деп нені түсінеміз? Қарапайым тілмен қысқаша айтқанда – адамдарға қажет ақпаратты белгілі бір әдіс-тәсілдермен әлденеге жазып, таңбалап, көбейте басып шығару, тарату әрекеттерінің жиынтығы. Бұл әрекеттер белгілі бір машықтарды қалыптастырды. Ол машықтар жетіле-жетіле көркемдік деңгейге көтерілді. Көркемдік таным мен талғам қалыптасқан жерде өнер бар. Демек, баспа ісі өнер ретінде дами келе кәсіпке айналды. Ол кәсіпті үйрету, оқыту амалдары жинақтала келе пән ретінде қалыптасты. Пәнді оқыту үдерістері барысында ғылыми тұжырымдар мен қорытындылар жинақталады. Олардың басын қосып, белгілі бір заңдылықтарды ашсаңыз, баспа ісі ғылым мәртебесін алады. Осы әрекеттер тарихына үңілсек, адамзат мәдениетінің алғашқы бас­тауларына дейін барамыз. Яғни тасқа таңбалау арқылы ақпарат тарату, одан кейін теріге, металға, қышқа, ағашқа, қағазға таңбалау арқылы ақпарат тарату өнері бүгінде электронды басылымдар дәуіріне алып келді.


– Баспа ісін зерттеу қажеттілігі неде деп ойлайсыз?


– Қазақстанда қағаз басылым шығару өнеріне негізделген баспа ісі басталғалы бір жарым ғасырдан астам уақыт болды дегенімізбен, бұл кәсіпті зерттеу әлі қарқын ала қойған жоқ. Олай дейтінім, кітап шығару тарихы, кітаптану бағыты туралы бірді-екілі кітап қазақ тілінде жарық көргенімен, оның белгілі бір ғылым саласы ретінде өз жүлгесін алып кетуі саябыр. Рас, бұл сала туралы орыс тілінде де, шет ел тілдерінде де зерттеулер ұшан-теңіз. Оларда баспа ісі ғылыми нысанға ертерек ілігіп, монографиялар, оқулықтар, оқу құралдары, оқу-әдістемелік құралдар, танымдық ғылыми-мәшһүр кітаптар, энцик­ло­педиялар, сөздіктер бірнеше мәрте жарық көріп, белгілі бір деңгейде баспа ісінің өзі жеке-дара ғылым саласына айналуға шақ. Ал бізде өте шабан жылжып келе жатқан бұл сала уақыт оздырмай шындап қолға алуды қажет етеді. Өйткені баспа ісі дегеніміз, тек кітап шығару, ақын, жазу­шылардың шығармаларын насихаттау емес, бұл – мемлекеттік идеологияның танымдық-ақпараттық ұстынын қуат­тандыру, биіктете жетілдіру, заманауи талаптарға сай жаңғырта дамыту; рес­публиканың әр азаматының отаншылдық рухын ояту, патриоттық сезіміне күш беру, санасына адамзаттық құндылықтарды әр басылым сайын шым-шымдап сіңіріп отыру деп түсінген жөн. Баспа ісін сонымен бірге рухани құндылықтарды жарыққа шығару арқылы материалдық игіліктерге ие болудың жолы деп қабылдаған абзал.


– Баспа ісінде редактор негізгі тұлға деп жатады. Сол сөз қаншалықты шындыққа жақын?


– Редактор – барлық баспалар мен газеттерде, журналдарда, радио мен телевизияда, баспалық-поли­графиялық өнім шығаратын кәсіп­орындарда, жарнама агенттіктері мен ақпарат агенттіктерінде, жалпы, бұқараға таратылатын ресми немесе биресми басылымдар мәтінін әзірлейтін кез келген мекемеде ұйым­дастырушылық һәм шығармашылық қызметпен ай­налысатын және осы жо­ғарыда аталған ұжымдар үнемі қажетсінетін қадірлі мамандық. Басылымның сауатты шығуы, халыққа таралуы, бәсекеге қабілетті болуы алдымен осы білікті редакторға, ал редактордың білікті, білімді әрі уақыт сұранысы мен заман талабына қарай ілкімді де іскер маман болуы оның теориялық білімі мен тәжірибелік машығына байланысты. Баспа ісінде редактордың атқарар рөлі орасан. Ол әр басылымды бұқараның танымдық сұранысына қарай ұйымдастырып қана қоймайды, жоғары технологиялық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, оқырман талғамына жауап беретіндей етіп әзірлейді, дер кезінде жарыққа шығару мен өз сәтінде тарату істеріне мұрындық болады, осы шараларының бәрінде оның қолтаңбасы қалады. Демек, редактор шеберлігіне қарай жетелейтін басылымды әзірлеу ма­шықтарын ғылыми негізде зерттеу, зерделеу, белгілі бір тұжырымдар жасап, оларды ақыл-ой айналымына қосу, кәсіби қолданысқа енгізу ісі де маңызды мәселе.
– Баспа ісінің кәсіби машығын пән ретінде оқыту қандай деңгейде?


– Осы маңызды мәселені шешудің бір жолы – басылым туралы, оны әзірлеу турасында, оның редакторы жөнінде, редактордың атқарар қызметі хақында отандық және шетелдік бұрынғы-соңғы теориялар мен тәжірибелерді ұштастыра оқытатын арнаулы пәндер керек. Пән ретінде оқыту арқылы осы кәсіпке қатысты ұғымдар мен түсініктер мемлекеттік тілде бірізденеді, тұ­рақтанады, жүйеленеді, ғылыми қалыпқа түседі. Сонымен қатар осы кәсіпке байланысты ұғымдар мен түсініктерден туындаған аталымдар мен терминдер қалыптасады, қалыптасқан атаулар мен аталымдар аясы кеңейеді, өндірісте пайдалануға жаратылады. Өндірісте қолданылған сөздер, ұғымдар, тер­миндер, атаулар, аталымдар жүйесі осы саланың ғылыми негізде зерттелуіне, белгілі бір теориялық қорытындылар мен тұжырымдар жасауға негіз болары сөзсіз. Ондай мұраттарға қол жеткізсек, баспа ісінің ғылыми іргетасы мемлекеттік тілде толық қаланары айқын. Теориясы мен тәжірибесін зерттеудің іргетасы мемлекеттік тілде қалыптасқан кәсіптің арнайы пән ретінде оқытылуы да жеңіл.
– Қазақстанда баспа ісі мамандарын даярлау мәселесі жөнінде не айтар едіңіз?


– Қазақстанда «Баспа ісі» мамандығы бойынша маман даярлайтын алғашқы және бірден-бір әлеуетті жоғары оқу орны – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық уни­верситетінің журналистика факультеті жанындағы Баспа ісі және дизайн кафедрасы. Бұл мәселенің тарихы Темірбек Қожакеев, Тауман Амандосовтардан басталады. Мәтінді әдеби редакциялау машығын үйрету қажеттігі пісіп-жетіл­геннен кейін сол кездегі декан, профессор Т.Қожакеев ректор Ө.А. Жолдасбековтің атына 1973 жылы «Стилистика және әдеби редакциялау» кафедрасын ашу жөнінде ұсыныс береді. Сол ұсыныстан кейін 1976 жылы «Журналистік шеберлік және әдеби редакциялау» кафедрасы ашылады. Оны пр. Т.С.Амандосов басқарады. Арада «газет-журналдарды көркем безендіру және журналистік шеберлік деп аталған жылдары С.Қ.Қозыбаев басқарды. Одан кейін қайтадан «Журналистік шеберлік және әдеби редакциялау» кафедрасы аталған жылдары Ю.А. Крикунов, Б.Ө.Жақып басқарды. 1997 жылы Н.Омашевтың декандығы кезінде «Баспа ісі» ма­мандығын ашу мәселесі көтеріліп, бір жылдан соң кафедра аты «Баспа ісі және әдеби ре­дакциялау» болып өзгерді де, меңгерушісі Қ.Сақ болды. Мен 2008 жылдан бері меңгерушілік қызметті атқарып келемін.


– Әр басшы өз ісінің нәтижесімен бағаланады...


– Дұрыс айтасыз. Ректорымыз Ғ.Мұтановтың да ұстанған бағыты осындай. Университетімізде әркімді істеген ісінің нәтижесіне қарап бағалау, қадірлеу, соған қарап жалақысына үстеме төлеу, басқа да қолдаулар көрсету қалыптасты. Осы тұрғыдан келгенде біздің кафедра не істеді?


Оқу үдерісінде теорияны тәжірибемен ұштастыру және болашақта кафедра түлектерін жұмысқа орналастыру мақ­сатында «Атамұра», «Қазақпарат» кор­порацияларымен, «Дәуір», «Алматыкітап» баспа – полиграфия кешендерімен, Ұлттық-мемлекеттік Кітап палатасымен, Баспагерлер мен кітап таратушылар қауымдастығымен және басқа да белді-белді баспалармен тығыз байланыс орнаттық. Факультетте «Баспа күнін» өткізіп тұру жолға қойылды. Бұл күні баспа мамандары келіп шеберлік сағаттарын өткізеді, кітап көрмесі мен жәрмеңкесін ұйым­дастырады, ұстаздармен өзекті мә­селелерді талқылайды, өзара «Ұстаз» және «Шәкірт» алмасады. Студенттердің кәсіби құзыреттілігін арттыру үшін мамандыққа баулу үйірмелері жұмыс істей бастады. («Гутенберг»-жет.:Л.И. Мухамадиева; «Қаламгер» – жет.: М. Майлықұтова; «Баспагер»-жет.: С.Медеубек; «Жас ғалым»-жет.: С.Нұрбеков, «Полиграфист»-жет.: Б.Омарова). Студенттердің шығар­ма­шылық әлеуетін үнемі арттырып отыру мақсатында «Баспагер» студенттік оқу-тәжірибе газеті ай сайын тұрақты түрде шығып тұратын болды. Қазіргі заман та­лабы мен уақыт сұранысына орай Қазақ­станда тұңғыш рет кафедра жанынан БАҚ және баспа, полиграфия дизайнерлерін даярлайтын «Дизайн» мамандығы ашыл­ды
Кафедра оқытушы-профес­сорларының жарық көрген оқу құрал­дары мен әдіс­темелік құралдарының қатары көбейді.


Студенттер мен магистранттар ара­сында ғылыми шығармашылық бәсеке­лестікті қалыптастыру және жетілдіру мақсатында «Т.Амандосов оқулары», «С.Әбдірайымұлы тағы­лымдары» ғылыми-шығармашылық конкурстарын өткізіп, жеңімпаздарға стипендия тағайындап тұру дәстүрі қалыптасты.


Оқыту мен зерттеу және өнім өндіру істерін кластерлік бағытта үйлестіре дамыту жолында кафедра жанынан «Құзыретті баспагер» орталығы құрылды. Оның Ережесі дайындалды. Бұл орталық студенттік бизнес-инкубатор жұмысын бастап кетті. Студенттер өздері жазып, өздері суретін салып, өздері безендіріп, өздері қатесін түзеп, өздері жарыққа шығаратын және тарататын сериалды «МЕНІҢ ЕРТЕГІМ» жобасы жүзеге аса бастады. Қазір студенттердің өз күшімен дайындалған «Менің ертегім – 1», «Менің ертегім – 2», «Менің ертегім – 3» суретті – ертегі кітапшалар саудаға шығаруға дайын.
Халықаралық байланыс, ака­демиялық ұтқырлық та күш алып келеді. Доцент С.Нұрбеков Польшаға барып оқыту-зерттеу өтілетінен өтіп келді. Аға оқытушы Н.Ибрагимов Ұлыбританияда оқу-зерттеу өтілетінде. Кафедра түлегі А.Есбулаева Новосібір Мемлекеттік университетінің магистратурасын биыл бітірді.


Мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беру мақсатында Республикалық «Болашақ баспагер-редактор» байқауы биыл үшінші рет өтті. Жыл сайын қанатын жайып келе жатқан бұл байқауға биыл 122 оқушы қатысты. Төрт же­ңімпазға баспалар тарапынан бір жылдық шәкіртақы (әрқайсысы 170 мыңнан) тағайындалды. Кафедра ұжымы осындай ұйымдаса атқарып, жұмыла істеген істерінің нәти­жесінде биыл рейтингтік көрсеткіш бойынша өндіргіштік қабілеті жағынан уни­верситет кафедраларының (олардың саны 63) арасында төртінші орынға көтерілді.


– Осындай нәтижелі ісі бар кафедрада оқитын студент қандай бағыттарда білім алады және олар болашақта кім болып шығады?


– Ең алдымен олардың адами құн­дылықтарды бойына сіңірген, өз Отаны­ның адал азаматы болып шығуына көңіл бөлеміз. Ал енді кәсіби тұрғыда біздің кафедрада оқитын студент: беттеуші-қалыптаушы; бильд – редактор; журналист – баспагер; түзеткер (кор­ректор); баспа-полиграфия сарапшысы; кітап сыншысы; әдеби редактор; көркемдеуші редактор; безенші (дизайнер) кәсіби біліктіліктер бойынша машықтанады, мамандыққа сай білім алып шығады.


Бұл кәсіптерге қатысты оқытушы-профессорлар болашақ редакторға «нені оқытады, нені үйретеді» деген заңды сұраққа берілетін жауаптарды былай таратып айтуға болады: баспада даяр­ланатын барлық басылым түрлерінің (кітап, газет, журнал, жарнама-жарлама, т.б.) түпнұсқалық-авторлық мәтіндерін редакциялау, яғни саралау әдістері мен талаптарын; болашақ басылымның құрамы мен құрылымын ойластыру жолдарын; – басылымның көркем безені жөніндегі өтімді ұсыныстар жасауды; болашақ басылымның баспалық нұсқасын жасау және оны баспаханаға басуға жіберу жолдары мен үдерістерін үйренуді; басу түрлерін (жоғары басым, жазық басым, шығыңқы басым, ойыңқы басым, т.б.) және шығынға жұмсалатын затындарды таңдауды; басылымның көркем безен­дірлуі мен полиграфиялық талаптарға сай орындалуын бақылауды; баспалық жо­баның бюджетін (өзіндік құн, тиімділік, пайда, т.б.) құрастыруды; электронды басылымның құрылымы мен мазмұнын жасауды; баспаха­нашыларға жәрдем керек болғанда, кітап беттерін жинақтау, бүктемелеу, бекіту әдіс-тәсілдерін; бет­теуші-қалып­таушыларға көмек керек болғанда, ең соңғы кәмпитөрлік бағдар­ламалар көмегімен баспа өнімдерін қалыптау машықтарын; баспа өнімдерін сату алдындағы дайындықты, сонымен бірге тауарды ұсыну жолдарын ұйым­дастыруды; баспа өнімдерін тарату мақсатындағы жарнамалық шараларды дайындау мен өткізу істеріне араласу мәдениетін; бір-бірлеп сатып алушылар мен көтере сатып алушыларға қызмет етуді ұйымдастыруды; баспа өнімдерін таратушы мекемелер құрамын жа­сақтауды; баспаның кітап таратушы ұйымдарымен, баспаханалармен, кітап насихаттаушы ақпараттық құралдар өкілдерімен және авторлармен қарым-қатынасын достық рәуіште реттеп отыруды; кітап саудасы, баспа өнімдері нарығындағы оқырман­дардың сұранысы мен аңсарын зерттеуді; баспа саясатын қалыптастыру және үйлестіру, ілкімдендіру жолдарын үй­ретеді.


– Баспа ісі мамандарын даярлауда алдағы уақытта шешілуі тиіс қандай мәселелер бар деп ойлайсыз?


– Президентіміз Н.Назарбаев қа­зақстандықтарға арнаған Жолдауында «барлық жеткіншек ұрпақтың функ­ционалдық сауаттылығына да зор көңіл бөлу қажет» дегенде ең алдымен жас ұрпақтың болашақ мамандығын дұрыс таңдауын алға тартып отыр. Ал енді ма­мандығын таңдаған сол жет­кіншектердің арасынан ең қабілеттілерін іріктеп алып, кәсіби құзыреттілікке бейімдеу ісі – ЖОО- ның басты міндеттерінің бірі. Осы міндетті жүзеге асыру «Баспа ісі» мамандығына да тікелей қатысты екені даусыз. Өйткені бұл мамандықтың өзге мамандықтарға қара­ғанда, өзіндік ерекшелігі және шығар­машылық негізі бар. Бұл мамандық бо­йынша оқимын дегендердің арасынан:


– Ең алдымен шығармашылыққа бейімі және көркем ойлау мен көркем жазу қабілеті бар; оқу бағдарламасынан тыс танымдық білігі, парасат-па­йы­мы, грам­матикалық сауаты жоғары; адамдармен сөйлесу, тілдесу және ілкімді-іскер қарам-қатынас жасау қабілеті мен мәдениеті қалыптасқан талапкерлерді таңдап алу керек.


Алдағы уақытта бүгінгіден де жоғары заманауи талаптарға жауап бере алатын құзіретті маман – білікті баспагер-редактор даярлаймыз десек, мына мәселелерді шешіп алу қажет деп бі­лемін:


1. «Баспа ісі» мамандығы бойынша құзыретті маман дайындау мақсатында жазуға қабілеті бар ең дарынды балаларды таңдап алу үшін талапкерлерді шығар­машылық (жазбаша және ауызша) конкурс арқылы қабылдау туралы Білім және ғылым министрлігі ЖОО-ға қабылдау ережесіне арнайы бап енгізу;


2. «Баспа ісі» және «Дизайн» маман­дықтары бойынша мемлекеттік тілде оқу құралдары мен оқулықтар жазатын ғылым докторлары тұрмақ, ғылым кандидаттары жоқ. Сондықтан осы мамандықтар бо­йынша ма­гистратураға грантты көбірек бөліп, солардың арасындағы өте жақсы бағалармен бітірген қабілетті жастардан ғылыммен айналысатын мамандар даярлау үшін докторантура ашу;


3. Журналистика факультетінде ашылған «Дизайн» мамандығы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының және баспа өнімдерінің дизайнерлерін дайын­даймыз. Сондықтан жалпы «Дизайн» мамандығына бөлінетін мемлекеттік грант құрамынан осы сала мамандарына арнайы жеке грант бөлу; немесе «Киім дизайны», «Сәулет дизайны», т.б. секілді «БАҚ дизайны» деген атаумен жеке мамандық ашып, соған грантты бөлек қарастыру;


4. «Баспа ісі» және «Дизайн» ма­ман­дықтары бойынша ғылым докторлары тұрмақ, ғылым кандидаттары жоқ бол­ғандықтан, осы мамандықтар бойынша дәріс оқып келе жатқан оқытушылардың дәрежесін дәл осы саладағы еңбек өтіліне және жариялаған оқу құралдарының санына қарай ғылым кандидаты немесе доцент дәрежесімен теңестіру жөн деп білеміз.


– Осы баспа ісімен айналысқандардың қоғамдағы, тарихтағы орны қандай?


– Баспагерлер – әлемдегі ең бай адамдар. Өйткені олар ешқашан ұтылған емес. Ұтылмайтын себебі – олардың байлығы екі арнадан келіп тоғысады. Басқаларға қарағанда, олардың байлығы тіпті өлшеуге келмейді. Өлшеуге келмейтін байлығы – оның рухани байлығы. Адамзат ақыл-ойының алтын қорын жинап алып, тасқа басып сатады, таратады, тарихта қалдырады, сонымен бірге өзінің сана қорына да жинайды. Бұл байлыққа кенелгендердің қор­жынындағы ақша асып-төгіліп жатады. Рас, қазақ даласында бұл кәсіп өте кеш, кешегі ХІХ ғасырдың екінші жар­тысының аяғына таман келді. Мұхаметжан Сералин, Жүсіпбекқожа Шайхисламұлы, Ақылбек Сабалұлы, Кашафуддинов Шахмардан, Ахмет Байтұрсынов секілді баспагерліктің қазақ даласында бүр жаруына септігін тигізген қайраткерлер көздері тірісінде-ақ халық алдында ең беделді адамдар қатарында болды. Тарихта да ең игілікті істің басында болған тұлғалар ретінде ұрпақ құрметіне бөленуде. Көрші Ресейде де тарихта аты айрықша аталатын баспагерлер болды. Мысалы, Фёдоров Иван (1510—83), Базунов Александр Фёдорович (1825—1899), Березовский Владимир Антонович (1852—1917), Вольф Маврикий Осипович (1825—83) секілді ондаған баспагерлер – кітап шығару, тарату сату арқылы ба­йығандар, осы кәсіпті бикке көтергендер. Жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ баспагерлігі енді-енді алға жылжи бас­тағанда кеңес өкіметі биледі де жеке баюға тыйым салды. Дегенмен сол заманда да баспа ісі жалпыға ортақ қазына ретінде жылжыды. Бірақ оның жеке кәсіпкерлік қағидалары ұмытылды. Тәуелсіздік ал­ғаннан кейін Қазақстанда да жекеменшік баспалар пайда болды. «Ататек» баспасы ең алғашқы жекеменшік баспа ретінде әжептәуір іс тындырды. «Атамұра» жекеменшік баспасы кейін ірі кор­порацияға айналды. «Мектеп», «Алматыкітап», «Дәуір», «Аруна», т.б. баспалар қазір ел ішінде үлкен беделге ие. Ал енді әлемде баспагерлік кәсіппен байыған адамдарды ең бай адамдар қатарына қосады. Солар басқарып отырған конгломераттар мен корпорациялар, компаниялар мен серіктестіктер өз қоржындарында миллиардтап ақша ай­налдырып отырады. Ондай мекемелердің жыл сайын рейтингі де шығарылып отырады. Соңғы мәліметтерге сүйенсем, мысалы, Ұлыбританияда «Pearson» – 5,290 млрд евро; Ұлыбритания мен Нидерлан­дыға ортақ компания «Reed Elsevier» – 5,024 млрд евро; Кана­дада­ «ThomsonReuters» – 3,813млрд евро;Нидерландыда «Wolters Kluwer» – 3,425млрд евро; Германияда «Bertelsmann» – 2,969 млрд евро; Францияда «Hachette Livre « – 2,273 млрд евро; Испанияда «Grupo Planeta» – 1,804 млрд евро; АҚШ-та «McGraw – Hill Education» – 1,666 млрд евро; Италияда «De Agostini Editore « – 1,616 млрд евро қаржысымен әлемдегі елу ірі баспагерлердің алғашқы ондығында. Алдағы жылдарда бізде де бұл үрдіс экономикамыздың ықпалды те­тіктерінің біріне айналады деп сенемін.Сондықтан да халықты да, мемлекетті де байытудың бір жолы – баспагерлік кәсіп деп білемін. Ендеше, ондай кәсіпті оқыту, үйрету, зерттеу ісіне немкетті қарауға болмайды.

Сұхбаттасқан -Мәди АЛЖАНБАЙ