"Айқын" республикалық қоғамдық-саяси күнделікті газет

22 шілде, 2013

Ел патриоттарын тәрбиелеу – басты міндет

19.07.2013 19:42 Ершай ӘЗІРЕТ

Міне, шілденің талапкерлер үшін аса маңызды күндері де келіп жетті. Ұлттық бірыңғай тест сынағы артта қалып, болашақ мамандыққа қатысты дұрыс таңдау жасау уақыты келді.

Жастар сапалы білім жарқын болашақ пен таңдаулы мансаптың негізі екендігін жете түсінеді. Осы орайда мектеп түлектерінің алдыңғы қатардағы жоғары оқу орындарын таңдауы заңдылық.

Дәстүрлер мен инновациялар үндестігі


Өзіндік бай дәстүрлерімен танымал әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қазақстандық элитаның бас шеберханасы екендігі жалпыға мәлім. ҚазҰУ-да оқу қашан да үлкен мәртебе және мақтаныш болған. Мұнда көпмыңдаған талапкерлер мен олардың ата-аналарының үміттері ақталып, армандары орындалады. Университет түлектері үкіметте, мем­лекеттік органдарда, ел экономикасының түрлі салаларында таңдаулы, беделді қызмет атқарады, бұл ЖОО мәртебесін қалыптастыруда басты фактордың бірі.


Бүгінде ҚазҰУ – еліміздің барлық өңірінен, сондай-ақ алыс және жақын шетелден келген 20 мыңға жуық студент білім алып жатқан Қазақстанның ең ірі университеті. ҚазҰУ елімізде алғаш оқу үдерісіне білім берудің модульдік ұстанымы негізінде құзіреттілік тәжірибесін, пән­аралық және мәселелік-бағыттаушылық оқытуды енгізді. Университет 14 фа­культетте 180 мамандық бойынша бакалавр, магистратура, докторантурада мамандар даярлауда. Мұнда ЖОО-ның бірегей интеллектуалдық әлеуетінен хабар беретін ғалымдар шоғырланған. Құрамында мыңнан астам доктор мен ғылым кан­дидаты, профессорлар мен доценттер, 60-тан астам академиктер, 70-тен астам мемлекеттік және атаулы сыйлықтардың лауреаттары бар жоғары білікті 2000 оқытушы 3 тілде маман даярлайды.
ҚазҰУ елімізде алғаш жоғары ха­лықаралық талаптарға сай және әлемнің жетекші ЖОО-ларының бағ­дар­ла­маларымен салыстырмалы дәрежедегі эксперименттік білім беру бағдар­ламаларына толықтай көшті. Универ­ситеттің білім беру бағдарламалары әйгілі шетелдік AQUIN және ASIIN агент­тік­терінің халықаралық аккредитациясын иеленді.


2011 жылы ЖОО жүйелі құрылымдық жетілдірілуден өтті. Факультеттер клас­терлік негіздегі сипатқа бағыт алды, ка­федралар іріленді, ғылым, инновация мен білімнің дамуына жағдай жасалуда, материалдық және ғылыми-лабора­ториялық база нығайтылуда.


Ағымдағы жылы ҚазҰУ кезекті мемлекеттік аттестациядан жетістікпен өтті, студенттер жүзпайыздық білім деңгейін көрсетті. Бұл оның отандық білім берудегі көшбасшылық ұстанымын тағы да дәлелдей түсті.


Жұмыс берушілер ҚазҰУ түлектерінің біліктілігі мен ой-өрісін жоғары бағалайды. Осы жылы тәуелсіз «Элит» агенттігінің жұмыс берушілер арасында жүргізген сауалнамасы бойынша, ҚазҰУ компания мен ұйымдар өкілдерінің бағалауынша жұмыс берушілердің талабына сай білім беретін ЖОО ретінде алғашқы орында.


Университетте нәтижеге бағытталған басқару әдісі енгізілген, оның арқасында ұжым айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Соңғы 2 жылдың ішінде ҚазҰУ QS World University Ranking халықаралық рейтингісінде 250-орынға жоғарылады. Сондай-ақ осы агенттіктің мәліметі бо­йынша, біздің университет жеке пәндер бойынша әлемнің ең үздік 200-топ уни­верситетінің қатарына кірген. Бұрынғы кеңестік кеңістікте мұндай нәтижеге М.Ломоносов атындағы ММУ ғана жеткен. ҚазҰУ жетістігі үлкен қызығушы­лық тудырды және QS агенттігінің ұсынысымен ТМД елдерінің ең ірі ЖОО-лары оның тәжірибесіне жүгінуде.


Халықаралық деңгейде танылу


ҚазҰУ Америка, Европа және Азия университеттерімен бірігіп, қосдипломды білім беру бағдарламасын алғаш қолға алды. Бұл әлемдік білім беру кеңістігіндегі ҚазҰУ-дың жоғары бәсекеге қабілеттілігін анықтайды. Бүгінде ҚазҰУ дипломы бірқатар мамандықтар бойынша беделді Лотарингия университеті, Страсбург менеджмент мектебі, Валенсия поли­техникалық, Ланьяжоулық және т.б. шетелдік университеттер дипломымен тең дәрежеде. Студенттердің академиялық ұтқырлығы артуда, оның аясында әлемнің жетекші ЖОО-ларында білім алуға магистранттар мен докторанттар ғана емес, бакалавриатура студенттері де бара алады. Соңғы үш жылдың өзінде университеттің 3,5 мың студенті шетелдік ЖОО-ларда оқу тағылымдамасынан өткен.
ҚазҰУ әлемнің ең ірі 400 уни­верситетімен әріптестік орнатқан. Олармен жасалған келісімшартқа сәйкес 2011-2013 жылдары академиялық тәжірибе алмасу аясында 3 мыңнан астам шетелдік студент ҚазҰУ-да білім алды.


Жыл сайын 150-ден астам атақты шетелдік ғалымдар ҚазҰУ-да дәріс оқиды, кеңес береді және ғылыми тәжірибелерімен бөліседі. Оқытушылар мен студенттердің Нобель сыйлығы лауреаттарымен кездесуі игі дәстүрге айналды. Тек соңғы жылы ҚазҰУ-ға ғылым саласындағы осы мәртебелі марапатқа ие болған 7 ғалым келіп кетті. Халықаралық ЖОО ассоциа­циясы құрамына Орталық Азияда ҚазҰУ-дың ғана қосылуы және Қазақстан ЖОО-лары арасында БҰҰ «Академиялық ақпал» бағдарламасына қабылданған тұңғыш әрі жалғыз университет екендігі жоғары халықаралық дәрежеде танылуына куә.


ҚазҰУ – ТМД елдері университеттері арасында Рио-де-Жанейрода өткен БҰҰ-ның «Рио+20» тұрақты даму бойынша конференциясында жеке секциясын ашқан жалғыз университет. Секция жұмысының нәтижесінде «Жасыл көпір – ұрпақтан ұрпаққа» халықаралық университеттер бірлестігі құрылды. Бұл ұжымның ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жасыл көпір» жаһандық идеясына көрсеткен үлкен қолдауы және Н.Назарбаев бастамаларына академиялық және ғылыми ортаны кеңінен қатыстыру болды. Университеттің зор мүмкін­шіліктерін ескере отырып, ЮНЕСКО әл-Фараби атындағы ҚазҰУ негізінде Орталық-Азия аймағының тұрақты даму мәселелері бойынша орталығын салу туралы шешім қабылдады. 2014 жылы Қазақстанда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Азия университеттері ректорларының III съезі өтеді. Бұл университеттің 80 жылдық мерейтойы жылында айтулы шара болмақ. Бұл университеттің халықаралық деңгейдегі жоғары бәсекеге қабілеттілігінің, менеджмент тиімділігі мен дамудағы дұрыс стратегиялық беталысының жарқын көрсеткіші.

Экономиканың білімге негізделген даму нүктесі


ҚазҰУ әлемдік заманауи зерттеу университеттері сынды Вильгельма фон Гумбольдтың мынадай маңызды ұс­танымына сүйенеді: «Оқыта отырып зертте, зерттей отырып, оқыт». Мұнда еліміздің басқа университеттерінде кездеспейтін бірегей ғылыми-инновациялық инфра­құрылым жұмыс істейді. Ең қуатты ғы­лыми-техникалық парк құрылған, онда Қазақстан Республикасында атқарылып жатқан ғылыми-зерттеу жобаларының басым бөлігін жүзеге асырып отырған 30-дан астам ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтары жұмыс істейді. Соңғы екі жылда ҚазҰУ-да ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-құрастырымдық зерттемеге бөлінетін қаражат 3,8 есе өсіп, 4,5 млрд. теңгені құрады. Бұл университет қабыр­ғасында белсенді жүргізіліп отырған зерттеу жұмыстарын, бәсекеліліктің барлық талаптарына сай жаңа техноло­гиялар, өнімдер мен материалдар жаса­латындығын айқындайды.


Орталық Азия аймағында алғашрет әлемге танымал «Hewlett-Packard» ком­паниясы ҚазҰУ-да заманауи оқу-ғылыми орталығын ашты. Ал жапондық «Konikca minolta» компаниясы университетте алдыңғы технологиялар лабораториясын құрады. ҚазҰУ студенттері мен оқыту­шылары ең заманауи полиграфиялық және IT-жабдықтарда алдыңғы қатарлы тех­нологияларды тәжірибелік сабақтармен қатар, онлайн-курстары арқылы зерттейтін болады. Оқудың соңында олардың ең үздіктері компанияның бөлімдерінде машықтанудан өтеді. Бұл әлемге танымал компаниялардың университетіміздің ғылыми дәрежесін жоғары бағалауын білдіреді, себебі олар өз өкілдіктерін білім берудің халықаралық талаптарына сай, яғни жаңа білім мен технология басым­дыққа ие болған, ғылыми және инно­вациялық мүмкіндігі зор ЖОО-ларда ғана ашады. «E-campus» жобасының жүзеге асырылуы, орталықтар мен лабора­ториялардың ашылуы ел Президентінің «Қазақстан-2050 стратегиясы» Жолдауында айтылған оқу бағдарламаларына жаңа оқыту технологияларын енгізу, өндірістік тәжірибені міндетті бекіту, ғылым мен бизнестің кооперациясы, жұмыс беру­шілерді оқу үдерісіне тарту мақсаттарын жүзеге асыруға бағытталған.


ҚазҰУ-да студенттердің оқу-зерттеу және ғы­лыми-зерттеу жұмыстарының интегративті жүйесі қабылданған, оның нәтижесінде бітіруші және магистрлық жұмыс та­қырыптары нақты ғылыми-зерттеу тә­жірибелік-құрылымдық зерттемелер тақырыбымен үйлестірілген. Гранттық қаржы есебінен 10 пайызы студенттер ғылымын қолдауға бөлінуі ғылыми жұ­мыстарды жүзеге асыруда мықты серпін береді. Ағымдағы жылы осы мақсатта 360 млн теңге бөлінді. Мұның барлығы дип­ломды қолына алған түлектердің жұмыс іздеп кетпей, керісінше, өздері жаңа үлгі­дегі шағын инновациялық кәсіпорындар ашу арқылы жұмыс берушіге айналуына бағытталған. Бұл үшін әрбір факультетте студенттік бизнес-инкубатор жұмыс істейді және олар студенттік бастауларды жүзеге асыруда.


ҚазҰУ студенттері алғаш рет Токио университетінде іс-тәжірибеден өте отырып, жапондықтармен алғашқы қазақстандық наноспутникті жасау туралы ортақ бірегей жобаны жүзеге асыруға кірісті. Бұл зерттеме өзге жобалар мен талдамалармен қатар планеталық дең­гейдегі «ЭКСПО – 2017» көрмесіне қойы­латын болады.


«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ин­новациялық кластері» жобасы 2010-2014 жылдарға арналған Мемлекеттік инно­вациялық даму бағдарламасына енді. Жоба аясында мынадай басым бағыттар бойынша зерттеу жүргізілуде: нанотех­нологиялық, баламалы энергетика және энергия үнемдеу технологиялары, био­логиялық және физико-химиялық технологиялар, фармацевтика және т.б. Оны даярлау университетті білімге не­гізделген «жаңа» экономиканың даму нүктесіне айнал­дырады.
Европалық одақтың жоғары дәрежелі сарапшылары ғылым саласындағы халықаралық сараптама қорытындысы бойынша бекітеді: ҚазҰУ Қазақстан ЖОО-лары арасында ғылыми-техно­логиялық және инновациялық мүмкіншілік жағынан талассыз көшбасшы болып табылады. Университет халықаралық рейтингтік ғылыми журналдардағы жарияланым саны бойынша да өзге ЖОО-лардан көш ілгеріде («Scopus» рейтингінде – 710 және «Web of Science» рейтингінде 829). Хирша индексі сомасы 438 белгісіне жетті. Университет ғалымдарының бірқатары әлемнің топ-университеттер ғалымдары индексіне салыстырмалы Хирша индексіне ие. ҚазҰУ отандық ЖОО арасында патент көлемінен де алда, оның ішінде халықаралық деңгейде де.

Әлеуметтік әріптестік артуда


Университеттің биік мәртебесі дегеніміз тек студенттің білім деңгейі ғана емес, сонымен қатар ол – белсенді азаматтық ұстаным, әлеуметтік жауапкершілік, рухани-тәрбиелік қасиет. Бүгінде ҚазҰУ жастарды – ертең Қазақстан болашағын айқындайтын өз елінің патриоттарын тәр­биелеуде. Сондықтанда ҚазҰУ дипломы – өзіндік сапа белгісі.


ҚазҰУ-да ұжым мүшелерінің өзін-өзі реттеу қарым-қатынасын анықтайтын әлеуметтік серіктестік ұстанымы белсенді іске асырылуда. Осы ұстаным негізінде студенттер барлық университеттік үдерістерге қатыса және ортақ мүддеге жету жолындағы жауапкершілікті бөлісе отырып, оқытушылар мен университет әкімшілігімен теңқұқылы серіктес ретінде рөл атқарады. Университеттегі әріптестік қарым-қатынасты реттеудің бір жолы ретінде мынадай маңызды құжаттар іске асырылуда: Оқытушылар мен қызмет­керлердің корпоративті мәдениет кодексі, ҚазҰУ студентінің Ар-намыс кодексі, ҚазҰУ оқытушысы мен студенті ережелері. Университет өміріндегі өзекті мәселелерді шешуде түрлі қоғамдық бірлестіктер жұмыс атқарады: университеттің ақсақалдар алқасы, этика бойынша қоғамдық ко­мис­сия, студенттік өзін-өзі басқару ұйымы, эдвайзерлер кеңесі, әдістемелік бюро және т.б. Университеттің қоғамдық басқаруына Түлектер қауымдастығы, Жұмыс берушілер кеңесі, «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ достары» халықаралық клубы тартылған.


Куратор институты қайта жаңғыр­тылған, оның аясында тәжірибелі оқы­тушылардан құралған куратор-эдвайзерлер студенттік топтарға пе­дагогикалық тәлім береді. Куратор-эдвайзерлер мектебі мен кеңесі белсенді жұмыс істеуде. ҚазҰУ-дың кураторлық жұмысты жүргізу тәжірибесін қазір өзге де оқу орындары қолдануда.


Студенттермен жұмыстың клубтық формасы олардың жастық жалынын пайдалы іске бағыттауда аса тиімді. Уни­верситет студенттерінің жартысынан астамы патриоттық, кәсіптік және ғылыми бағыттағы 250 клубтық ұйым, көрке­м­өнер­паздар үйірмесі, спорттық секциялар мен көшбасшылық мектептерге тартылған. Соңғы жылдары үш маусым қатарынан ҚР ЖОО арасындағы жазғы универсиада жеңімпазы атанған ҚазҰУ – студенттік спортта да талассыз көшбасшы. Уни­верситет тарихында алғаш рет 11 спортшы студент Лондондағы Олимпиада ойын­дарына қатысты, ал заң факультетінің 2-курс студенті Светлана Подобедова ауыр атлетикадан Олимпиада чемпионы атағын жеңіп алды.
Студенттер өмірін жақсарту, рухани-тәрбиелік құндылықтарды арттыруға инновациялық әлеуметтік бағдарламалар оң ықпал етеді. Олардың қатарында «Айналаңды нұрландыр», «ҚазҰУ – жасыл кампус», «Салауатты дене мәдениеті», «Отандық кино күні» және т.б. бар. «100 кітап» жобасы аясында ЖОО студенттері оқуға тиіс кітаптарды талқылайтын бірегей пікірталас алаңы құрылған. «Өнегелі өмір» және «Аманат» кітап сериялары уни­верситеттің жастарға үлгі боларлық үздік ғалымдары мен түлектеріне арналған.


Университетте студенттерге арналған әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылғанын атап өтуіміз керек, оның аясында мыңнан астам студент атаулы материалдық көмек және жұмыс орнымен қамтамасыз ету, оқу ақысын төлеудегі жеңілдіктер (5-тен 25%-ға дейін) түрінде университеттің әлеуметтік қолдауын сезінуде. Демек, студент үздік оқыса, ол 25% көлемінде жеңілдікке ие болады. Егер сессияны «жақсы» бағаға тапсырса, жеңілдік 15%-ды құрайды. Жетім және мүгедек студенттерге, ата-анасының екеуі де мүгедек студенттерге жақсы оқыған жағдайда 25% жеңілдік көрсетіледі. Сондай-ақ оқу ақысын төлеу кестесі тиімді.


Жыл сайын дарынды студенттерді қолдау мақсатында жалпы сомасы 30 млн теңгені құрайтын 300-ден астам демеулік шәкіртақы тағайындалады. Осы оқу жылы ҚазҰУ-дың 127 оқытушысы мен қызметкері «Ақкент» тұрғын үй кешенінен пәтер кілтін иеленді.

Әлемдік деңгейдегі кампус


Университет қалашығы талапкерлерді магниттей тартады. ҚазҰУ қалашығы тек көрікті мекен ғана емес, еліміздегі жалғыз әлемдік деңгейдегі студенттік кампус. Оның аумағында мәдени маңыздағы – бірегей музей экспонаттары, Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы, ең ірі спорттық кешен мен стадион орналасқан. Студенттік қалашық толығымен Wi-Fi жүйесіне қосылған. ҚазҰУ – Ыстықкөлде демалыс орны мен заманауи спорттық-сауықтыру лагері бар жалғыз университет.
Университет кампусының құрылысы жалғасуда. Орталық Азиядағы ең үлкен, жаңа жоо-лық кітапхана оқырманға есігін айқара ашты. Жақын арада инжиниринг және ғылыми технологиялар кластері, жүзу бассейні салынады. Осы жылы жаңа ғимаратта студенттерге қызмет көрсету орталығы өз жұмысын бастайды. Ол «бір терезе» ұстанымымен жұмыс істейтін болады. Мұнда студенттер құжаттарын рәсімдеп, кәсіби кеңес пен көмек алатын болады. Сондай-ақ мұнда супермаркет, кинотеатр, интернет-кафе, тұрмыстық қызмет көрсету орталығы орналасатын болады. Жыл соңына дейін жаңа жатақхана қолданысқа беріліп, магистранттар мен докторанттарға арналған Жас ғалымдар үйінің құрылысы басталады.


ҚазҰУ-да медико-биологиялық кластер құру аясында жақында құрамында заманауи аурухана, ғылыми-зерттеу ла­бораториясы, қажетті инфра құрылымы бар 55 мың шаршы метрді құрайтын қуатты медициналық орталықтың құрылысы да басталатын болады. ҚазҰУ-мен қатар өзге де Алматы қаласы ЖОО-ларының оқы­тушылары мен студенттері сапалы медициналық көмек алатын болады. Жобаны жүзеге асыруға шетелдік ин­вестиция тартылуда, оған уни­верситеттер, Қазақстан, Оңт.Корея, Гонконг және Сингапурдың инженерлік жоба, құрылыс және қаржы компаниялары қатысуда.


Жаңа оқу жылында оңтүстіккореялық «Кангнам Северанс» клиникасының инвестициялауымен кампус аумағында медициналық диагностикалық орталық өз жұмысын бастайды. Оқытушылар мен студенттер заманауи жоғарғы техно­логиялық құрал-жабдықтарда халықаралық талаптарға сай медициналық көмек ала алады. Қажет болған жағдайда Кореяда жеңілдікпен емделе алады. ҚазҰУ-да медико-биологиялық кластер құру жаңа білім мен технологияны үндестіруге, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және тәжірибеге енгізуге жол ашады.


Ел Президенті Н.Назарбаев сөйлеген сөзінде: «ҚазҰУ бастаған тоғыз ұлттық университетке біз үлкен үміт артамыз. Олар отандық жоғары білім берудің омыртқасы болуы керек». Университет ұжымы ғылым, білім мен әлемдік дәрежедегі инновацияның бәсекеге қабілетті және озық орталығы болу жолында жан аямай еңбек етуде. Сон­дықтанда егер «Қайда оқуға барамын?» деген сұрақ тұрса, дұрыс таңдау жасаңыз! ҚазҰУ-ға түсіңіз де, XXI ғасырдың таң­даулы мансабына қол жеткізіңіз!