"Нұр-Астана" республикалық жастар апталығы
Түлектер толықтай жұмыспен қамтылады Ердос Оңғарбаев, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың химия химиялық технология факультетінің деканы
ҚазҰУ-дың полимерлер мектебінің үш бірдей өкілі (Г.А.Мун, З.С.Нұркеева, В.В Хуторянский) соңғы алты жылдың бедерінде интерполимерлік комплекстер саласында әлемдік ғалымдардың алдына түсіп, алғашқы үштікте тұр (http://admin.isiknowlodge.com/analyze/ra.cgi)
Посткеңестік кеңістікте бірде-бір ғылыми мектеп осы күнге дейін мұндай нәтижеге қол жеткізбеген. Біз әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың химия және химиялық технология факультетінің деканы, химия ғылымдарының докторы, профессор Ердос Оңғарбаевты әңгімеге тартып, әлемдік деңгейдегі табыстарының сырын сұраған едік.
– Еліміздің әлемдегі экономикасы мықты, әлеуетті мемлекеттердің қатарына қосылуы үшін білімді де білікті мамандардың даярлануы маңызды. Осы тұрғыдан келгенде факультетте жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, ғылыми ізденістерге тартуда қандай жұмыстар атқарылуда?
– Президент өзінің «Қазақстан – 2050» Стратегиясында ел Үкіметіне инженерлік білім беру мен заманауи техникалық мамандықтар жүйесін дамытуды тапсырған болатын. Сол сияқты академиялық автономия кепілдігін берген ЖОО-лар тек оқу бағдарламаларын жетілдірумен ғана шектелмей, өздерінің ғылыми-зерттеу қызметін де белсенді дамытуға ерекше көңіл бөлуі тиіс. Осы мақсатта жуырда Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «Химия және химиялық инженерия саласындағы жоғары білім мен ғылымның қазіргі мәселелері» атты халықаралық симпозиум өтті. Симпозиум жұмысына Ресей, Ұлыбритания, Малайзия, Египет және Өзбекстан мен Қазақстанның белгілі ғалымдары қатысты. Олар инженерлік білімді жетілдіру жолдары, жаңа білім беру технологиялары, минералды және көмірсутекті шикізаттардың химиясы мен технологиясы, макромолекулалық және нанодисперсиялық жүйелерді модельдеу мен синтездеу, сондай-ақ жасыл химия мәселелері бойынша өз зерттеулерінің нәтижелерін ортаға салды. Факультетте өткізіліп жатқан осындай келелі шаралар арқылы студенттер белгілі ғалымдардың кеңесін тыңдап, олармен пікір алмасуға мүмкіндік алады. Бір жағынан, мұндай халықаралық жиындар еліміздегі химия және химиялық инженерия саласының басым бағыттарын дамытуға серпін берсе, екіншіден, жас ғалымдардың өз ойын еркін айтуына мүмкіндік береді.
– Ал студенттердің ғылыми жұмыстарына қаражат қарастырылған ба?
– Бүгінде факультет ғалымдары шамамен 1,5 млрд. теңгенің ғылыми жобаларын жүзеге асырып жатыр. Сол ғылыми жұмыстарды орындауға 250 студент қатысады. Сондықтан олардың стипендиясына қосымша жалақы төленеді.
– Бүгінде студенттерді мазалайтын басты мәселе – оқу бітіргеннен кейін жұмысқа орналасу жайы ғой...
– Дұрыс айтасыз, дегенмен меніңше, жоғары сынып оқушыларын қинайтыны – болашақ мамандығы. Олар мамандық таңдау жағынан ұзақ ойланып, бір шешімге келе алмайды. Неге? Өйткені, бітіруші түлектер еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды біле бермейді. Сондықтан да жастардың көпшілігі ертеңгі күні бітірген мамандығы бойынша жұмыс таппай, амалсыз өзге салаға кетіп жатады. Ал олардың университеттегі оқуына қанша қаржы жұмсалып, қанша уақыты текке кетті десеңізші!
– Ал бұл мәселе сіздерде қалай шешілген?
– Біздің факультетте студенттерді болашақ мамандығына бейімдеу ісі жақсы жолға қойылған. Жалпы, факультетімізде үш мамандық – «химик-зерттеуші», «органикалық заттардың химиялық технологиясы» және «бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы» бойынша мамандар дайындалады. Студенттерді үшінші курстан кейін түрлі кәсіпорындарға өндірістік практикаға жібереміз. Олар теориялық білімін тәжірибемен ұштап, болашақта қандай сала бойынша жұмыс істеуге болатынын көзімен көріп, зерделейді. Бұл, бір жағынан, кәсіпорындарға да пайдалы. Өйткені, кез келген кәсіпорынға талапты жастарды жұмысқа тарту маңызды. Сондықтан, өндірістік іс-тәжірибе кезінде біліктілігімен көзге түскен студенттерге кәсіпорын басшылығы «құда түсіп», жұмысқа шақырады. Соның нәтижесінде студенттеріміздің 90 пайызы оқу бітіргеннен кейін: «Қайда барамын?» деп бас қатырмай, өзіне таныс мекемеге барып, жұмысқа орналасады.
– Сіздермен байланыс жасайтын кәсіпорындардың қатарында ірі өндіріс орындары бар ма?
– Әрине, бар. Мәселен, өткен жылы факультеттің «Органикалық заттар, табиғи қосылыстар және полимерлердің химиясы мен технологиясы» кафедрасында маманданатын алпысқа тарта студентті еліміздің ең ірі кәсіпорындары – Павлодар, Шымкент және Атырау мұнай өңдеу зауыттары мен Степногорск қаласындағы «ҚазТрансОйл», Шымкент қаласындағы «Химфарм», сол сияқты «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» АҚ секілді өндіріс орындарына тәжірибеден өтуге жібердік. Айтайын дегенім, біздің студенттер өндірістік тәжірибеден жай есеп үшін формальді түрде өте салмайды. Зауыт басшылығы олардың әрқайсысына жеке тәлімгер бекітіп, олар студенттерге техника қауіпсіздігінен бастап өз мамандығына қатысты жұмыс үдерісінің ұңғыл-шұңғылына дейін тәптіштеп түсіндіреді. Мысалы, былтыр Шымкент мұнай өңдеу зауытында болған студенттер мұнай өңдеу саласына қатысты жиырмаға жуық жұмыс үдерісімен танысып қайтты. Тағы бір айтарым, өндірістік практикаға баратын студенттің жол шығыны, күнделікті тамағы мен жатын орнына қажетті қаржының барлығын университет төлейді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Перизат ҮРКІМБАЕВА,
Химия ғылымдарының кандидаты, доцент