"Алаш айнасы" республикалық қоғамдық саяси-күнделікті газет
Бұл қалашықта бәрі бар
Еліміздегі жоғары оқу орындары арасында көш бастап тұрған қара шаңырақ – ҚазҰУ-да 20 мыңға жуық студент біліммен сусындауда. Әсіресе университет қалашығы көрген жанды таңдай қақтырмай қоймайды. Іргетасы тұңғыш рет 1971 жылы қаланған бұл қалашық – әлемдік деңгейдегі студенттік кампус. Оның аумағында жатақханалардан басқа музей экспонаттары, Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы, ең ірі спорттық кешен мен стадион орналасқан.
Жасыл желекке оранған шағын қалашықты мекен еткен жастардың жағдайы жақсы. Ал осы қолайлы тұрмысты қамтамасыз ететін күнделікті күйбең тіршілік сырт көзге онша көріне бермейді. Басқасын былай қойғанда, университет орналасқан 73 гектар аумақты күтіп-баптаудың өзі оңайға соқпайды. Қалашық аумағында 18 мың ағаш, 30 мың тал гүл отырғызылған. Көгалдандыру, суғару, шөп шабу, ағаш отырғызу, күтіп-баптау – ешқашан толастамайтын жұмыс. Бұл – 13 оқу ғимараты орналасқан 235 мың шаршы метр және 5500 студент тұратын 14 жатақхана орналасқан 5500 студенттер тұратын 88 мың шаршы метр көлеміндегі аумақты игеру деген сөз. Оған қоса, қазір 500 орындық жатақхана салынуда.
Қалашықтың өндіріс департаменті бүкіл оқу ғимараттары мен жатақханаларды жөндеуден өткізіп, ыстық және суық сумен қамтамасыз ету, су құбырларының бүтіндігін, кәріздердің бітелмеуін қадағалау сияқты асқан ыждаһаттылықты қажет ететін маңызды шаруаларды атқарады.
Қалашықты жарықпен қамту мәселесі де ойдағыдай. Мұндағы электр жүйелері, 11 шағын стансы электр қуатымен үздіксіз жабдықтайды. 500 телефон желісі тартылған. Өрт қауіпсіздігін сақтау шаралары да ұмыт қалмаған. Жол жөндеу, қоқыс шығару жұмыстары және бар. Шамамен 300 тоннаға жуық тұрмыс қалдықтары 40-60 шақырымдай жердегі Шамалған орталығындағы қоқыс өңдеу зауытына жеткізіледі.
Сондай-ақ өндірістік және тұрмыстық мәселелер жөніндегі департамент қалашықта жұмыс істейтін коменданттардың, еден жуушы, электрик, сантехник, көлік жүргізуші, абаттандыру қызметкерлерінің, жалпы, университет көлеміндегі барлық жұмыстардың атқарылуына тікелей басшылық жасап, еңбек тәртібінің бұзылмауын жіті қадағалайды. Студенттердің төсек жабдығының тазалығына айрықша мән беріледі. Мәселен, 16 мың жастық қап, ақ жайма мен көрпеқап, 5500 төсек жапқыш, 5500 жылы жамылғы жуылып, санитарлық тазалаудан өткізіледі.
Ағаш өндірістік цехында жиһаз жөндеу, түрлі жиһаз жасау жұмыстары қолға алынған. Университет ғимараттарында 16 жұмысшы бояу, әрлеу, сылау тәрізді күрделі жөндеу жұмыстарын үзбей жүргізеді.
Университет білім беру орталығы болғандықтан, студенттер мен оқытушыларға арналған кабинеттер, аудиториялар мен зертханаларды жабдықтау жағы күнделікті бақылау барысында жүзеге асырылады.
Студенттерге білім беру мәселесіне мемлекеттік тұрғыдан көңіл бөлініп отырғанда жастардың сапалы деңгейде мәдени қызметпен қамтылуына айрықша мән берілгені абзал. Осы орайда, студеттердің талабын қанағаттандыруға барынша күш салынып келеді. Соңғы бір жағымды жаңалық – қалашықта жаңа кітапхана іске қосылды. 19 мың шаршы метрді құрайтын бұл кітапхана сөрелеріне 2 миллион кітап сыйдыруға болады. Технопарк іске қосылды. Айта кеткен жөн, технопарктегі күрделі жұмыстарды «Бек-Темір» фирмасы өте жоғары деңгейде атқарып шықты. Сондай-ақ №5 ғимаратындағы күрделі жөндеуді ST Құрылыссервис, ал №14 жатақхананы Еділ-Жайық фирмасы жоғары сапамен жасады. Қазіргі кезде студенттер орталығын күрделі жөндеуден өткізудеміз. Бір сөзбен айтқанда, осы бағытта университет ректорының барлық тапсырмасы ойдағыдай орындалуда.
Өндірістік бизнес-орталық, медициналық кластер, студенттік инкубатор, технопарк – бәрі де жаңа талап тұрғысынан іске асырылуда. Әсіресе PһD докторанттардың жатақханасы ірі жоба саналады. Жоспарға сәйкес, бұл жоба 2013 жылы басталып, 2020 жылы іске қосылуы қажет. Жобаны жүзеге асыруға 55 млрд теңге жұмсалуы тиіс.
Студенттердің салауатты өмір салтын ұстануына да барлық жағдай жасалған. Қалашық ішіндегі спорт кешенінің жалпы аумағы – 43584 шаршы. Жабық алаңы – 6966 шаршы, ашық алаңы – 36618 шаршы. Екі залы бар, алаңы 3200 шаршы метр болады. Стадионда көрермендерге арналған 4 000 орын, футбол ойнайтын алаң – 72х107 метр, жүгіру жолы – 400 метр, аланы 16800 шаршы, трибунаның астындағы жүгіру жолы – 4482 метр, үш спорт алаңы, шағын футбол ойнайтын алаң – 3024 шаршы. Баскетбол ойнайтын ашық алаң – 1200 шаршы, волейбол ойнайтын 2 алаңы – 480 шаршыны, топырақты теннис корты 4400 шаршы аумақты алып жатыр. Бұл – университет үшін үлкен мәртебе.
Ал Ө.А. Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы – 14240 шаршы. Сарайға 1537 адам сыйып кетеді. Әлбетте, Студенттер сарайында қызықты да думанды кештер ешқашан толастамайды.
М.НҰРҒАЗИН, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Өндірістік және мәдени-тұрмыстық мәселелер жөніндегі департамент директоры