Қазақ тілі – ұлтымыздың күре тамыры, жаны мен жүрегі. Ол бар жерде қазақ мәңгі жасамақ. Ананың ақ сүтімен бойға дарыған туған тілдің тағдыры ешкімді де бей-жай қалдырмақ емес. Олай болса ұлт болып ұйысқан қазақтың төл тілінің мәртебесін көтеру мақсатында кеше білім мен ғылымның қара шаңырағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінде дәстүрлі «Ана тілім – алашымның айбыны» атты жыр мүшәйрасы өтті. Бұл кеш Қазақстан халқының тілдері мерекесіне орай ұйымдастырылып отырған тілдер апталығының шымылдығын салтанатты түрде ашып берді.
Тіл – басты құндылығымыз. Оны анамыздай құрметтеу, сүю – парыз. Жүрек түбін жарып шыққан жауқазын жырларын ана тілге арнаған ақындар додасында Тәрбие жұмысы жөніндегі департамент директоры Меңдүгіл Сағатқызы осылайша жастарға қарата құттықтау сөз сөйледі. «Егер бізге қазақ тілінде сөйлеу хақында сын айтылса, демек, бұл – бүгінгі күннің шындығы. Туған тілге деген жанашырлықты біз әрбіріміз өзімізден бастауға тиіспіз», – дей келе департамент директоры үш тұғырлы тіл саясатының өзектілігіне тоқталып, жастарды үш тілді тең меңгеруге, ізденіске үндеді. Факультет деканы Гүлмира Қазыбек Елбасының: «Тілден артық қазына жоқ. Тілден артық байлық жоқ», – деген сөзін тілге тиек етті. Иә, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы ана тіліміздің мәртебесін айқындап: «Қазақ тілі үш тілдің бірі болып қала бермейді. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, маңыздысы бола береді», – деп шегелеген. Себебі, «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», – деген ағартушы Ахмет Байтұрсынов ұлағаты біз үшін ұмытылмас өсиет.
Бұған дейін іріктеу кезеңінен суырылып шыққан жас ақындар да бұл кеште «ақылдың аңдауын аңдaғанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түйін түйгенінше ана тілінде айтуға» барын салды. Туған тілін шабыттана жырға қосқан олардың көздері жалын атып, жүздері бал-бұл жанды. Жырлары жүрек тебірентті. Қазақ тілінің кешегісін зарлай айтып, бүгініне шүкірлік ете отырып, ертеңіне зор үмітпен қараған ақындардың жырлары көпшілікке ой салды. Сонымен қатар әуелеген патриоттық ән, күмбірлей төгілген күй мен ұлттық би жүрек қылын тербеп, жігер берді. Ақындардың балғын жырларына факультеттің белді ұстаздары Бердібай Шалабай, Бағдан Момынова, Гүлмира Қазыбек, Кенжетай Күркебаевтармен қатар, осы мүшәйраның алғашқы жеңімпаздары, талантты жас ақындар, филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің 3-курс студенттері Манас Қайыртайұлы мен Шерхан Талап төрелік етті. Қара қылды қақ жарған әділқазылар алқасы жас ақындардың талабын жоғары бағалап, «Лирик ақын», «Тіл жанашыры», «Отансүйгіш ақын», «Еңбекқор ақын» аталымдарын ұсынды. Ал ІІІ дәрежелі дипломды Ақбота Садық, Әсел Жұртбаева, Арман Бейімбетов өзара бөліссе, ІІ дәрежелі дипломға Сәуле Нысанбек пен Жансая Қалекесова ие болды. І дәрежелі диплом кесек сөздері, терең астарлы жырымен ерекшеленген Жандарбек Жұмағұловтың еншісіне бұйырды.
Жас ақындардың шабыты мен өрелі ойлары сайысқа түскен шараның әрбір жастың жүрегіндегі Отанға, ұлтқа, тілге деген сезімді нықтай түскені анық.