"Айқын" республикалық қоғамдық-саяси күнделікті газет

11 қазан, 2013

Ғалымдар ғылымның дамуына үлкен үлес қосып жатыр

Қабдырахман ДҮЙСЕМБИН, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі:

Қазақстанда физиология мен биофизиканың, биомедицинаның іргетасы қашан қаланды? Отандық ғылымдар тарапынан бұл орайда қандай жұмыстар істелініп жатыр, ал аталған ғылымның келешегі қалай болмақ? Бұл саланың басында кімдер тұр, осы уақытқа дейін қандай жетістіктер мен қиыншылықтар болды? Отандық оқу, білімнің қара шаңырағы саналатын ҚазҰУ-дегі биофизика және биомедицина кафедрасына 75 жыл толып отырған шақта ауыз толтырып айтар жетістіктер бар ма? Бұл жөнінде биология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Қабдырахман Дүйсембин газет тілшісімен ой бөліседі.

– Жалпы, бұл саладағы ғылымның да­муы қалай басталды? Ал сіздің қазақ үшін кезінде бейтаныстау болған бұл ғалымға келуіңізге кім түрткі болды?
– Ғылым жолы ұзақ жол, оның келешегі мен даму үрдісі көптеген кезеңдерден тұра­ды. Қалайда, үлкен істі бастауға бір түрткі болады. Нақты айтар болсақ, 1930-1940 жыл­дары кемеңгер ғалым Қаныш Сәтбаев ғылыми зерттеу институттарының ашылуы­на көп еңбек сіңірді. Елімізде жаңадан ашылып жатқан институттарға ғалым-мамандар дайындау үшін жоғары оқу орындары ашылды. Соның бірі – Киров атындағы Қазақ мемлекеттік универси­теті.
Адам және жануарлар физиологиясы ғылымының алғашқы қадамы осы уни­вер­ситеттің ашылуына байланысты болды. 1938 жылы алғаш адам және жануарлар физиологиясының меңгерушісі, доцент Н.Павлов тағайындалды. Ал 1940-жылдан бастап профессор А.Полосухиннің ғылыми басшылығымен адам денесіндегі зат алмасу үрдістерін зерттеу қолға алынды. Сол ка­фе­драда 1950-1970-і жылдары профессор М.Авазбакиеваның ғылыми жетекшілігімен қан тамырлар физиологиясы жан-жақты және қоршаған ортаның жағдайларымен байланыстырылып зерттелді. Адам және жануарлар физиологиясы кафедрасының доценттері Д.Шпиндлер, Р.Жантлеуова және тағы басқалар бұл салада көп еңбек сіңірді. Оларға қызығып, мен де физиология мәселелерімен айналыса бастадым. Одан бұрын мынаны айта кеткенім жөн шығар. ҚазМУ-дың биология факультетіне оқуға түсуіме сол кездегі ректор Т. Тәжібаев себеп болды. Ол талапкерлердің алдында сөз сөйлеп: «Жуырда КСРО ғылым академиясы мен КСРО ауыл шаруашылығы акаде­миясының біріккен сессиясында биоло­гияның өзекті мәселелері талқыланды. Осыған орай биология ғылымының дамуы­на үкімет пен партия көп көңіл бөліп отыр. Сондықтан сендердің араларыңнан Ми­чурин, Вавилов, Сеченов, Павлов іспет­ті қазақ ғалымдары шыққаны дұрыс» деп, сол кезде болып жатқан ғалымдар арасындағы медицина, генетика мен агробиология мәселелеріне байланысты бүкіл елді дүрліктірген ғылыми дискуссия туралы ой айтып, бізге бағыт-бағдар берді. Менің физиология кафедрасын таңдауыма осы кездесу себеп болған еді.
Атап айтар болсақ, ол кезде биология факультетінде бірнеше ғұлама ғалымдар дәріс берді. Солардың ішінде профессор М.Авазбакиева, Г.Бияшев, Т.Дарқанбаев, Б.Домбровский сынды ұстаздарды ерекше атаған жөн. Әрқайсысы бір төбе еді, олар өз дәрістерінде биология ғылымының өзек­ті мәселелерін айта отырып, студент­терді қордаланған, әлі шешілмеген мәселелер туралы айтып, қызықтыратын. Біздер сол ұлағатты ғалымдардың лекция­сын тыңдап, осы ғылым саласын зерттесек екен деп ынтығып, ғылымға қызығып едік.
Факультетте студенттердің жоғары бі­лім алуымен қатар, тәжірибе зерттеулеріне тікелей қатысып, өз пікірі мен ойларын, тәжірибе нәтижелерін ғылыми конфе­рен­цияларда баяндап, талқылауға қатысула­рына жол ашық болды. Әрине, білімдері әлі толық жетілмеген жастардың құлшы­ны­сында күлкілі қызық әрі қолайсыз жағ­дайлар да болып тұратын.
– Оны да айта кетсеңіз...
– 4-курста оқып жүргенде студенттердің ғылыми конференциясында «И.Сеченов ілімінің философиялық маңызы» деген тақырыпта баяндама жасадым. Баяндамам көпке созылып кетсе керек, мәжіліс тө­райы­мы, доцент Н.Хұсайынова маған «регла­менттен шығып кеттіңіз» деп ескерту жа­са­ды. Мен «регламенттің» не екенін біл­ме­ген соң, сөзімді тоқтатпай әрі қарай жалғастыра бердім. Кейіннен жатақхана студенттері арасында мұны біраз әжуала­дық. Жалпы алғанда, сол кездегі факультет студенттерінің білімге, ғылымға ықыласы өте күшті болды. Ұлы Отан соғысы кезінде жөнді білім ала алмаған ауыл жастары Алматыға келіп, білімге шөлін қандырып, ғалым болуға құмар еді. Біздер кітапханадан шықпай, тек өз мамандығымыздан ғана емес, жалпы, биологияның бұрын-соңды жетістіктерін білуге тырысатын едік. Басқа факультеттердің ғылыми конференция­ларына барып, тыңдап, әртүрлі талқылауға өз еркімізбен қатысып жүрдік. Еңбегіміз жанып, 1951-1952 оқу жылында біздің кафедраның 3-курс студенттері – мені (Қ.Дүй­­сембин), Ә.Әлиевті, Н.Маслованы және М.Портнованы Ленинградтағы (қазіргі Санкт-Петербург) И.Павлов атын­дағы Бүкілодақтық Физиология институты­на практикаға жіберді. Сол кездегі ең күшті саналатын физиологиялық зертханаларды көрдік, бос уақытты текке кетірмей, әйгілі Салтыков-Щедрин атындағы кітапханадан И.Сеченовтың, И.Павловтың кітаптарын оқып, көп ғылыми мағлұмат алдық, қаланы аралап, мұражайларын тамашаладық.
– Қазір әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлт­тық университетінің жанында ғылыми зерт­хана керек пе? Бұл қаншалықты ке­рек?
– Бұл сауалға бастау үшін әңгімені арыдан бастағаным жөн болар. КСРО-ның тың жерді игеру саясатына байланысты Қазақстан жеріне миллиондаған адам басқа республикалардан лек-легімен келе бастады. Олардың жаңа климаттық өлкеге келіп, жаңа жағдайға бейімделіп, жұмыс істеуі және денсаулығының ауытқуы фи­зио­логтарға зерттеудің жаңа міндеттерін тудырды. Осыған орай, «климаттық фи­зиология» деп аталған арнаулы ғылым бағдарламасы қалыптасты. Экологиялық өзгерістердің әсерінен туындайтын бейім­делу үрдістерін бақылап, олардың реттелу тетігін зерттеуге тура келді. Тура бейімделу, кері бейімделу кезінде қан құрылымында, жүрек-қан тамырларында, тыныс алу, ас қорыту т.б. жүйелерде болатын өзгерістерді зерттеу қажет болды. Ғылымның бұл сала­сындағы тәжірибелік жұмыстарды жан-жақты жүргізуге 1965 жылы физиология кафедрасында «Проблемалық зертхана­ның» ашылуы көп мүмкіншілік тудырды. Бірақ зертхананың ашылуына қаражатты сол кезде Мәскеудегі Жоғары білім ми­нистрлігі беретін. Мәселе дау-дамайға айна­лып, сол кездегі ректорымыз академик Т.Дарқанбаев: «Бұл зертхананың ғылыми зерттеу жұмысының бағдарламасы Ресей мен Украинадан Қазақстанға тың жерді игеруге келген жұмысшылардың салауатты өмір сүруіне тиісті жағдай жасау үшін ке­рек» деп, зертхана қажеттігі заманауи мәсе­леге байланысты туындап отырғанын дә­лел­деп, оның тез ашылуына жол ашты. Атал­­ған зертхананың ғылыми зерттеу ба­ғыты жаңа жағдайдағы адам мен жануар­лардың тіршілігіне қажетті көкейтесті мә­­­се­­­ле болды. Бұған қоса, өндіріс орында­рындағы факторлардың адам денсаулығына әсері мен оның еңбек қабілетін бақылау қа­жет болды. Мұндай үлкен көлемді жұ­мыс­ты орындау үшін еліміздің бірнеше об­­лысы­на экспедиция ұйымдастырыл­ды. Кафедра ғалымдары Р.Жантлеуова, К.Рымжанов, П.Тұл­баев, Н.Торманов, С.Маркеева, Б.Нар­баев, Ж.Нұрғалиев, З.Асқарова, тағы басқалар алдыңғы қатардағы ұстаздар, аспиранттар бұған дейін еш зерттелмеген таулы-шөлді жазықта тұратын тұрғындар­дың қанының құрамын зерттеп, эритроцит­тер мен лейкоциттердің және тыныс алу, жүрек-қан тамыр жүйелерінің қызметіндегі жаңалықтарды ашты. Сол ғылыми зерттеу­лер жүргізу қиын болған кезде кәсіби шың­дал­ған осы ғалымдардың көбі қазір де біл­генін жастарға үйретіп, қажымай еңбек сіңіріп келеді.
1980-1990 жылдары осы зертхана Ор­талық Азия әскери округінің (ОАӘО) медициналық дәрігерлерімен бірлесіп сарбаздардың денсаулығына қатысты экологиялық жағдайдың әсерін зерттеді. Осыған қатысты бір жайтты айта кетейін. Сол жылдары мен кафедра меңгерушісі және зертхана жетекшісі едім. Есеп беру мәжілісі жүріп жатқан. Сұрақ көп қойылды. Солардың бірі – «Алатаудың баурайында міндетін атқарып жүрген сарбаздардың белсенділігінің төмендеуі немен түсін­дірі­леді?» деген болды. Сарбаздар маған қара­ды. Мен қысқаша: «Жазық жерден таулы жерге келген сарбаздар жаңа эколо­гия­­­лық жағдайға тез арада бейімделе қой­майды, ауада оттек жеткіліксіз болған­дықтан, организмде гипоксия үрдісі туады да, бұлшық етттердің қызметі нашарлайды, сондықтан адамның белсенділігі төмен­дейді. Ал белсенділікті арттыру үшін таза ауада жаттығулар жасап, бұлшық еттерді шынықтыру керек» дедім. Менің осы жауа­бымды естерінде сақтап қалған жігіттер кейін зерттеу жұмысымен барған кезде: «Аға, сіздің айтқандарыңызды еске алып, біз жақсы жаттығып жүрміз, қазір күшіміз алғашқы кездегіден 2-3 есе артты» деп, қуаныштарымен бөлісті.
Ал қазір өркениетті– ХХІ ғасыр. Еге­менді ел болғалы жаңғырған өмірдің жаңа талаптарына сай оқу үрдісі де, ғылыми зерттеу жұмысы да жаңа жүйемен, жаңа қарқынмен жүріп жатыр. Бұрынғы ҚазМУ, қазір әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университет (ҚазҰУ) аталды. Жаңа ғимараттар салынып, әрбір факультет жеке баспаналы болды. Технопарк, зертханалар, ғылыми зерттеу институттары шаңырақ көтерді. Біздің факультет «Биология және биотехнология» деп аталып, білім беру үрдісі де, ғылыми зерттеу жұмыстары да жаңа заман талабына сай бағытталып, өн­діріс пен ауыл шаруашылығының сұраныс­тарына, әсіресе, биотехнологиялық және медициналық мәселелерді зерттеуге, жаңа мамандарды дайындауға бағдарлама жасау­да. Тәуелсіздік алғаннан бері қазақша оқу бөлімдері ашылып, қазақ жастары ана тілін­­­­де дәріс алып жүр. Ал профессор Н.Тор­­манов, доценттер Ж.Нұрғалиев пен А.Мәутенбаев осы салада айтарлықтай өз үлестерін қосты.
– Жаңа заман талабына сай факультетте де заманауи кафедра жасақталған болар. Бұл орайда қандай жұмыстар атқарылып жатыр? 75 жылдығын тойлағалы отырған кафедраның жұмысы да нәтижелі шығар...
– Қазіргі кезде, өркениет талабына сай бұрынғы физиология мен биофизика кафедралары бірігіп, биофизика және биомедицина кафедрасы аталды. Кафедра меңгерушісі өзіміздің түлегіміз, Қазақстан жоғары мектеп ғылымдарының ұлттық ғы­лым академиясының академигі, биоло­гия ғылымдарының докторы, профессор Сұлтан Төлеухановтың басшылығымен білім беру үрдісі де, ғылыми зерттеу жұмы­сы да жаңа бағдарлама бойынша жүргізіліп жатыр. Кредиттік оқу жүйесі іске асырылды. Тәлім-тәрбие жұмыстарының тиімділігі арттырылды. Медицина-биологиялық іс мамандығы және типтік бағдарлама бойын­ша кафедрада оқылатын жалпы және ар­найы курстардың оқу-әдістемелігі құрас­тырылды. Бакалавриат, магистратура, РһD-докторантура оқушыларына арналған мемлекеттік тілімізде жазылған оқу-әдісте­мелік құралдар, оқулықтар мен оқу құрал­дары баспадан шығарылды. Биофизика, теориялық биология, хронобиология және хрономедицина, жасқа сай физиология, нейробиология кітаптары факультет кітап­ханасынан орын алып, студенттер мен магистранттарға берілетін болды. Сұлтан Төлеухановтың әрі биофизиканы, әрі фи­зиологияны, әрі хронобиологияны же­тік білетінінің пайдасы осындай заманауи талаптарға сай жаңалықтарды енгізуге мүм­кіндік берді. Кафедраның ғылыми зерттеу жұмысының бағыты – биофизика, хронофизиология, акупунктура, иммуно­логия, экологиялық физиология, эколо­гиялық биофизика және иммунофизио­логия ғылымдары тоғысып, зерттеу нәтижелері биологиялық ырғақты ажырату тетіктерін ашуға мүмкіншілік берді. Адам мен жануарлар организмдерінің функ­циялық күйін бағалаудың хронофизио­логиялық әдістемесін жасауға жол ашылды. Мұның теориялық және практикалық маңызы өте зор. Сөйтіп, соңғы жылдары биоырғақтың хроноқұрылымдық пара­метрін ашып көрсетуге және хроноиммун­дық үрдістерді зерттеуге көп көңіл бөлініп отыр. Бұрынғы биофизика ғылымының негізін қалаушы, фотобиология саласына үлкен үлес қосқан ғалым, профессор В.Иню­шин өзінің жер сілкінісіндегі биоэнергетикалық көрсеткіштері бойынша зерттеу жұмыстарын жалғастыруда.
Кафедра оқу-білім, ғылыми зерттеу жұмыстары бойынша басқа оқу орын­дарымен ғылыми зерттеу институттарымен тікелей байланысады. Ресей, Украина, Қырғызстан, Канада, Пәкстан, Мысыр, Германия, АҚШ, Израиль, Эквадор, Испания, тағы басқа елдердегі оқу-ғылыми мекемелермен бірлесе отырып күрделі мәселелерді шешуге атсалысып жатыр. Кафедрамызда биофизика, физиология мамандықтары бойынша бакалавлер, магистрлер және РһD-философия док­торлары дайындалады.
Кафедраның ғылыми бірлестігі бұрын да Алматыдағы ҰҒА-ның физиология институтымен болған еді. Онда кафедраның филиалы ашылып, студенттер мен ас­пи­ранттар ғылыми зерттеу жұмыстарын жүр­гізетін. Әрі институттың профессорлары Ғ.Ташенов, Қ.Дүйсембин лекция оқып, дәріс жүргізіп, Л.Бөлекбаева, И.Көлбай, М.Мырзахметова, З.Сейдахметова студент­тер мен магистранттардың ғылыми жұмыс­тарына жетекшілік етті. Демек, екі жақты байланыстың арқасында әдістеме-техни­калық мүмкіншілік толығырақ пайда­ланы­лып, көптеген күрделі мәселелер шешілді. Мысалы, сыртқы ортаның қолайсыз жағ­дай­ларының физиологиялық жүйені зақым­дауын және зиянды әсерге организмнің төзімділігін арттыру тетіктерін іске қосу шаралары іздестірілген еді. Соматикалық және вегетативтік жүйелердің экологиялық жағымсыз әсерден өзгеруінің заңдылығын зерттеп, қарсы сақтану шараларын қарас­тырып, белсенді заттар гипоксияға, инток­сикацияға қарсы амал ретінде қолданыл­ды.Ұлттық бағдарламаға сай адамның салауат­ты өмір сүруін қамтамасыз ету шаралары іздестірілді. Астма, ми ісігі, қан тамырлары, жүрек, гипогалактия ауруларының алдын алу жолдары және оларды емдеу әдістері жөнінде де ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілді. Ресейдің медицина орталығымен бірлесіп «Қан алмастыруды арттыратын белоктық стабилизаторлар» бағдарламасы бойынша ғарышкерлерді дайындауда қол­данылған іс-шаралары арқылы сол тұрақ­тандырғыштар салауатты өмір сүру бағдар­ламасын іске асыруға мүмкіндік берді.
– Кафедра ғалымдары алдағы уақытта алдына қандай мақсаттар қойып отыр?
– Президент Н.Назарбаев әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенттері мен ұстаздарының алдында сөй­леген сөзінде адам өмірінің белсенді кезеңін ұзарту мәселесіне көңіл бөлу керек екенін айтып, ғалымдардың иммундық жүйенің белсенділігін арттыру жолын із­дестіруді жүктеді. Сондықтан универси­теттің биофизика және биомедицина кафедрасы ҚР ҰҒА-ның адам және жануар­лар физиологиясы институтымен бірігіп осы мәселе бойынша ғылыми зерттеу жұ­мыстарына кірісті. Осыған орай, кафедра­ның алдына қойылған мақсат – адам және жануарлар организмінің қызмет күйін хро­нобиология, акупунктура, биофизика және иммунофизиология бойынша арнаулы тәсіл­дермен бағалап, этиологиясы әртүрлі стресс жағдайларында оларды қалыпқа кел­тіру. Осы мақсатқа жету үшін алдыңғы буын­ның үлгісімен қазіргі жас ұстаздар Н.Абылайханова, Л.Гумарова, Л.Бақты­баева, Г.Сраилова, С.Шарипова және тағы басқа­лар ғылыми зерттеу жұмысына кірісіп кетті.
Бұл ретте «Елбасының жолдауына сай білім мен ғылым қатар дамуы тиіс. Сту­денттер, магистранттар мен докторанттар білім алумен қатар, ғылыми жұмыспен айналысуы керек. Ол үшін әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде барлық жағдайлар жасалуда: факультеттерде ғылыми зерттеу институттары ашылды, ондағы зертханалар жаңа ғылыми аспаптармен қамтамасыздандырылып жатыр. Оқу үрдісінің кредиттік технологиясы әрі жоғары білім беруді, әрі сапалы ғылыми жұмыстарын жүргізуді қамтамасыз етіп отыр» деді бұл ретте университет ректоры Ғ.Мұтанов. Сондықтан қазір ректорат пен кафедраның жүргізіп жатқан ұлан-ғайыр іс-шаралары студенттер мен оқытушыларға жаңа жігер беріп, алға басуына толық мүмкіндік тудырып отыр. Демек, кафедра ғалымдары ғылымның дамуына үлкен үлесін қосып жатыр.
– Әңгімеңізге рақмет!

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ