"Айқын" республикалық қоғамдық-саяси күнделікті газет
Ұжымның ұйымшылдығы ауадай қажет
Гүлмира ҚАЗЫБЕК, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті деканы міндетін атқарушы:
– Бір кездері Мұхтар Әуезов дәріс берген факультетті басқарып, оны жаңа үлкен белестерге алып шығу оңайға соқпайды. Алдағы уақытта факультеттің беделін көтеру үшін, студенттердің жан-жақты білімді болуы үшін қандай жоспар-жобаларыңыз бар? Қандай ауқымды жұмыстар атқармақшысыз?
– Мен деканның оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін бірнеше жыл атқардым. Сондықтан да бұл жұмыстың қыр-сырын жақсы білемін деп айта аламын. Алайда жүректің бір түкпірінде қобалжу, толқу сезімдері барын жасырмаймын. Мен «Тек қана алға!» деген ұстаныммен жүремін. Сондықтан білдей бір факультетке басшылық жасауға тәжірибем де, білімім де жетеді. Негізі, деканның орынбасары болғанымның өзі де бір қызық оқиға...
– Ендеше, осы жөнінде әңгімелей кетсеңіз...
– 2002 жылдың тамыз айының соңы еді. Әдеттегідей сабаққа келгенмін. «Сені декан Қансейіт Әбдезұлы шақыртып жатыр» деп сол кездегі кафедра меңгерушісі, профессор Құныпия Алпысбаев ескертті. Ойымда ештеңе жоқ. Деканның кабинетіне кірдім. Қансейіт ағай кабинетте жалғыз отыр екен. Бірден «Мен саған бір қызмет ұсынайын деп едім. Декан қызметіне келгелі бір жылдай болып қалды. Сенің атқарған жұмыстарыңды сырттан байқап жүрмін. Алғыр, жұмысқа деген ынта-жігерің маған қатты ұнайды. Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарының төрайымы қызметінде де біраз игілікті іс-шараларды жоғары деңгейде өткіздің. Алматыдағы №12 мектепті бітірген екенсің. Ол мектептің түлектері орыс және қазақ тілінде жақсы сөйлейді. Мен ұсынатын қызмет жауапкершілікті талап етеді. Деканның оқу ісі жөніндегі орынбасары боласың» деп нық сеніммен ұсынысын жасады. Онда да бір түрлі бұйрық екпінмен айтты. «Кафедра меңгерушілерінің көпшілігі маған келіп, өз үміткерлерін ұсынды. Сен туралы ешкім айтқан жоқ. Соған қарағанда үмітімді ақтайсың деген ойдамын. Олай болса, ертең өтінішіңді жазып кел» деп шығарып салды... Түні бойы ойланып, қабырғаммен кеңестім. Өте жауапты іс екені рас. Тынымсыз, мазасыз. Сабағым қалады-ау деп те абыржыдым. Ұсынған қызметті көрейін, мүмкін істеп кетермін деген шешіммен өтінішті жазып, ертеңіне деканға бардым. Ол кісі деканат мамандарын кабинетіне шақыртып, мені таныстырды да, оларға жұмыс туралы ақыл-кеңестеріңді айтып көмектесіңдер деді. Осылайша қауырт, қызу қызметке араластым да кеттім. Бұл 2002 жылдың 25 тамызы болатын. Содан бері 11 жыл уақыт зымырап өтіпті.
– Факультеттің бұрынғы деканы Қансейіт Әбдезұлымен бірге қызметте жүріп, тәжірибелерінен үйренгендеріңіз аз болмаса керек?
– Әрине... Факультетті 12 жыл бойы басқарған Қансейіт Әбдезұлының білімділігі, еңбекқорлығы, адамгершілігі қашан да бәрімізге үлгі. Ұлағатты ұстаздан тәрбие алған адам жақсы азамат, жарқын тұлға болып қалыптасады. Өмірін жақсылыққа бейімдеп, өзгелерге жақсы жағынан танылады. Студенттерді алдына белгілі бір мақсат қоюға, жоспарлауға, оны орындауға, өзіне-өзі талап қоя білуге, тәрбиелеуге ұмтылдырады. Шәкірт – ұстаздан дәріс қана емес, өмірлік ұлағат, мықты тәрбие алады. Мен де декан ағайымнан ұлағатты ұстаз, жақсы басшы болуды үйрендім. Бұл – менің шынайы сөзім. Алдағы уақытта өзімнің ұлағатты ұстазым Қансейіт ағай сияқты адамгершілігіммен, қайырымдылығыммен, адалдығыммен – факультетті тек қана алға жетелеймін деген ойдамын. Факультеттің беделін түсірмеуге тырысамын. Ол үшін өз ұжымымның ауызбіршілігі, ұйымшылдығы ауадай қажет. Ал факультеттің абыройын асқақтату үшін менде жоспар да, жобалар да баршылық. Университет ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанұлының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан серпінді жобалар, академиялық ұтқырлық, т.б. бағдарламалар аясында игілікті іс-шаралар жасаймыз деп жоспарлап отырмыз. Мұның бәрі уақыт еншісінде...
– Бұған дейін деканның оқу-әдістемелік және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқардыңыз. Студенттермен тікелей жұмыс жасағандықтан, сіз бүгінгі студенттердің қарым-қабілетін, мақсат-ойларын өте жақсы білесіз. Жалпы, еліміздің ертеңі үшін аянбай еңбек ететін болашақ тұлғалар бүгінгі студенттердің арасынан табыла ма?
– 10 жылдан астам уақытта менің жұмысым тікелей студенттермен бірге болды. Олардың мақсатына, тілек-талабына әркез назар аудардым. Факультетті жыл сайын жүздеген студент бітіріп шығады. Олардың бірқатары қазіргі кезде – танымал жазушылар, талантты ақындар, белгілі журналистер, қоғам қайраткерлері. Жалпы, маған міндетім қатты ұнайды. Еліміздің ертеңі саналатын мамандарға дәріс берудің өзі бақыт қой. «Танымның үш жолы бар: ең оңайы – еліктеу, ең ащысы – тәжірибе, ең мәртебелісі – ойлау» деген халықтың дана сөзі бар. Қазірдің өзінде болашағынан үміт күттіретін студенттеріміз бар. Атап айтқанда, Бекзат Самдьяров, Ақан Марғұлан, Ықылас Тұрсынбекұлы, Ербол Молдажанов, Сәуле Аязбаева, Назира Бейсеғалива, Балғын Әділбаева, т.б. студенттеріміз өзінің болашағынан қазірден үміт күттіреді.
– Қалың қазаққа танымал көрнекті ақын-жазушылар Дулат Исабеков, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Мұхтар Мағауин, ғалымдар Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкіш, т.б. шыққан факультеттің республика үшін жасаған еңбегі орасан зор. Сіз факультеттің бүгінгі деканы ретінде осы ұлы тұлғалардың жарқын жолын жалғастыру бағытында қандай істер атқармақшысыз?
– Шын мәнінде, студенттерді болашақта еліміздің шынайы жанашырлары ретінде тәрбиелеу – мені толғандыратын ең күрделі мәселе. Қазақ тілі мен әдебиетінің ғұлама тұлғалары басқарған ұйымға басшылық жасау – өте зор жауапкершілікті, үлкен еңбекті қажет етеді. Жылдар бойы қалыптасқан игі дәстүрді әрі қарай жалғастырып, факультетті жаңа биіктерден көрсете алсам, менен асқан бақытты жан болмас. Тәрбиешінің өзі парасатты, білімді, көрнекті болуы тиіс. Менен студент тәрбие, өнеге алады. Сондықтан өзімнің ұйымдастырушылық іскерлігімді, қабілеттілігімді, білімділігім мен біліктілігімді дәлелдейтін кез келді деп ойлаймын. Ал менің қаншалықты мақсатыма жететіндігімді алдағы уақытта көре жатарсыздар.
– Өзіңіз басқаратын факультеттің 1985-1990 жылдары студенті болдыңыз. Дәл сол кезеңде қазақтың жастары өздерінің ұлттық рухтары биік екенін көрсетті. Оған «Желтоқсан оқиғасы» дәлел бола алады. Сізді де желтоқсан оқиғасының белсенді қатысушысы ретінде жақсы танимыз. Сол кездегі студенттер мен бүгінгі студенттердің айырмашылығы қандай?
– 1985 жылы Алматы қаласындағы С.Киров атындағы №12 қазақ орта мектебін бітіріп, 1985-1990 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетінің студенті болдым. Сіз айтып отырған «Желтоқсан оқиғасы» бостандыққа, тәуелсіздікке ұмтылған қазақ халқы тарихындағы елеулі оқиға болып табылады. Оқиғаға қатысқан 264 студент оқудан шығарылды. Cол уақытта мен 2-курс студенті болатынмын. Алаңға топта оқыған студенттердің көбісі шықты. 17 желтоқсан күні болған оқиғаны көзіммен көрдім. Басы-қасында куәгері болдым. Аллаға шүкір, сол күні суретке түспей қалғандықтан, оқудан шығарылмай, аман қалдым. Себебі мен курстың комсоргы едім. Біраз курстастарым оқудан шығарылды. Біздің студенттерде сол кезде ауызбіршілік, Отанымызға деген сүйіспеншілік басым еді. Қаншама рет жиналыс жасап, бір-бірден кіргізіп алып, сұрақтың астына алса да ешкім бір-бірін сатпады. Қазірге дейін сол кездегі оқиғаны есімізге алып, жастардың ар-намыс пен елдік рух жолында теңдікті талап еткен тегеурінді күш-қайнарының қуаттылығына қуанамыз! Студент – әрқашанда студент. Олардың арманы – жақсы білім, тәрбие алып, ертең елінің жақсы маманы атану. Заман да бір орында тұрмайтыны белгілі. Қазіргі жаһандану заманында біздің жастардың да мақсаты мен талаптары өзгерді, оқимын, білім аламын деген студенттерге барлық мүмкіндіктер жасалған. Сол мүмкіндікті дұрыс пайдаланса, бүгінгі жастардың болашағы кемел болады.
– Деканның оқу-әдістемелік және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып жүрген кезіңізде факультет үшін не жасай алдыңыз? Қандай жетістіктерге жете алдыңыз? «Әттеген-ай!» деген кездеріңіз болды ма?
– 1990 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетін үздік бітіргеннен соң бірден оқытушылық қызметке қалдырылдым. 1996 жылы мерзімді баспасөзде жарияланған ғылыми мақалаларым үшін ең жас ғалым ретінде халықаралық Жамбыл сыйлығының лауреаты атағына ие болдым. 2002-2004 оқу жылдары талантты жас ғалымдарға тағайындалатын «Мемлекеттік стипендияның» иегері атандым. 1990 жылдан факультет студенттерінің педагогикалық тәжірибесіне жетекшілік жасадым. Алматы қаласындағы М.Базарбаев атындағы №138 гимназиясының әкімшілігі тарапынан студенттердің практикасын жақсы ұйымдастырғаным үшін бірнеше рет мақтау қағазымен марапатталдым. 1996-2001 жылдары факультеттегі кәсіподақ қоғамының және әдістемелік кеңестің белсенді мүшесі болсам, 2001-2002 жылдары студенттердің ғылыми жұмыстарының төрайымы қызметін атқардым. 2002 жылдан бастап күні бүгінге дейін факультет деканының оқу ісі және әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. Осы кездері факультеттің білім, ғылым, тәрбие саласында бірқатар табысқа жетуіне әрі рухани дамуына өзіндік үлес қостым деп ойлаймын. Мен кейбіреулер сияқты мақтанғанды, көкірек соққанды ұната бермеймін. Менің ісімді ұжымым көріп отыр, олар мені сыйлайды және құрметтейді. Маған осыдан асқан бақыт жоқ. Әкем көзі тірісінде «Адамды танығың келсе, таққа отырғыз» деген халқымыздың дана сөзін көп айтушы еді. Менің ойымша, адам қанша биіктесе де, соншалықты қарапайым болуы керек. Ахмет Йүгнеки айтқан екен: «Қарапайымдылық – жасыл алқап, адамгершілік онда өскен гүл сияқты» деп. Бұл менің өмірдегі қағидам... Жетістікті ұжымым айтар, ал әттеген-ай деген кездерім де болды. Мен адам көңіліне қатты назар аударамын. Барлығына жақсылық жасағым келеді, қолымнан келсе әлі де жасаймын. Былтырғы оқу жылында «әттеген-ай» деген бір оқиға есімде қалыпты. 3-курс студенті Айгүл есімді қыз бар еді. Анасы қайтыс болған, жігіті алдап кеткен. Баратын жері болмаған соң жатақханадан орын тауып беріп, кафедра тағайындайтын бір шәкіртақыны (100 мың теңге) соған бергіздім. Одан кейін ол туралы ұмытып кетіппін. Сөйтсем ол қызым жатақханаға төленетін төлемақыны да (22 мың теңге) төлемеген болып шықты. Өзін әрең дегенде шақыртып алып, сөйлестім. Студент менің жақсылығымды түсіне алмапты. Ең бір «әттеген-айым» сол... Оқытушылардың, студенттер мен магистранттардың маған деген жақсы көзқарастарын үнемі сезінемін. Ең бастысы, өз ісімді адал атқарып жүргендігімді білемін және сол үшін қуанамын. «Әттеген-айлар» кез келген адам өмірінде болып тұрады. Ондай кездерді есіме алғым келмейді. Адам болған соң қуаныш пен реніштің қатар жүретіндігі мәлім.
– Ректор Ғалымқайыр Мұтановтың тікелей ұйытқы болуымен «ҚазҰУ студенті оқуы тиіс 100 кітап» және «Айналаңды нұрландыр» деп аталатын бағдарламалары бәрімізге белгілі. Филфактың студенттері осы бағдарламаларды қаншалықты орындауда? Нендей шаралар атқарылуда?
– Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанұлының бастамасымен осындай екі ауқымды жобалар іске асырылуда. Бұл жарқын бастамаға алғашқы белсене атсалысқан филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті екені рас. Кітап қай кезде де білім қазынасының ғажайып қоймасы. 100 кітап сараланып, жіктеліп ұсынылғаны да белгілі. Кітап оқымайтын студент нағыз студент деген атқа лайық емес қой. Сондықтан да ол филолог, ол математик, ол физик болсын, көркем әдебиеттің нәрімен сусындауы қажет. Тілін, әдебиетін білетін адамды сыйлауға да, мақтауға да болады... Кітаптарға деген қызығушылығым мектепте оқып жүргенімнен басталған. Содан бері жалғастырып келемін. 1988 жылы көрнекті жазушы Қ.Жұмаділовтің «Тағдыр» атты романы жарыққа шықты. Сол романды сатып алып, бір түнде оқып бітірдім. Себебі сол уақыттарда қазіргі интернет, т.б. құралдар жоқ болатын. Ертеңгі семинарға байланысты жаңа шыққан кітапты оқымасаң, ол студент үшін ұят нәрсе болатын. Сондықтан да мен:
Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл, терең білуге.
Артық білім кітапта,
Ерінбей оқып көруге, – деген данышпан Абай атамыздың өнегелі сөзін қайталай келе, студент-жастарды кітап оқуға шақырамын! Факультетімізде әр ай сайын бағдарламада көрсетілген, студенттер оқуға тиісті кітаптарға байланысты пікірталастар, дөңгелек үстелдер, викториналар ұйымдастырылуда. Осындай игілікті іс-шараларымыз туралы талай рет мерзімді баспасөз беттерінде де жарияланды. Осы оқу жылында да мұндай жақсы үрдістерді жалғастырып, жаңаша биік дәрежеде өткізетін боламыз.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Дінмұхамед АЯЗБЕКОВ