Конституция – мүлтіксіз орындалатын заң
27 тамыз. Қазақ ұлттық университеті ҚР Ата заңы күні қарсаңында Алматы қаласындағы ғалымдар мен ұстаздар қауымын «Конституция - Қазақстан Республикасының егеменді мемлекет ретінде тұрақты және қауіпсіз дамуының негізі» тақырыбында өтетін дөңгелек үстел басында жиналды.
Дөңгелек үстел жас тәуелсіз Қазақстанның дамуына ықпал еткен, еліміздің басты заңының тарихи маңызын талқылаудан басталды. ҚазҰУ заң факультетінің деканы Дәулет Байделдинов атап өткендей, Елбасының жетекшілігімен біздің мемлекетіміздің негізін қалаған Конституцияны жазған, жасаған ҚР ҰҒА академигі, з.ғ.д., профессор Сұлтан Сартаев, ҚР ҰҒА академигі, з.ғ.д., профессор Салахиден Сәбикенов сынды тұлғалардың бүгінгі шараға келуінің өзі жақсылықтың белгісіндей.
Ғалымдар Қазақстан Республикасының саяси жүйесінде демократиялық үрдістер негізіндегі басты құжаттың саяси-құқықтық маңызы мен ролін талқылай келе, Қазақстан Республикасында конституциялық институттардың қалыптасуының мәселелері мен Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамаларын жетілдірудің перспективалары жөнінде сөз етті. Белгілі заңгер-ғалымдар егеменді Қазақстан мемлекетінің конституциялық дамуының тарихи-құқықтық аспектілері және Қазақстан тәуелсіз мемлекеті дамуының теориялық-құқықтық аспектілері мен тенденциялары жөнінде пікір алмасты.
«Біз конституциялық әлемде өмір сүрудеміз. Міне, мемлекетіміздің тірегі болып табылатын басты заңымыздың қабылданғандығына да осымен 14 жыл толды» дейді академик Сұлтан Сартаев.
Академик Салахиден Сәбикеновтің пікірінше, конституциялық нормалар сапасына қарай серпінді және тұрақты болуы керек. Қоғамдағы болып жатқан күнделікті өзгерістерге байланысты құқықтық нормалар да осы факторлар бойынша жаңарып отыруы тиіс. Бірақ қабылданған өзгерістер қоғам мен мемлекет конституциясының қосымша толықтырулары ғана болып саналады. Ол қоғам мен мемлекеттің әрі қарай дамуына жол ашуы керек.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасын жаңғыртудың мәселелері мен перспективалары, қазақстандық қоғамды демократияландыру процесінде қылмыстық құқықтық және процесуалдық заңнамаларды дамытудың негізгі тенденциялары толығырақ қарастырылды. Табиғи ресурстық және экологиялық құқық кафедрасының меңгерушісі Еркінбаева Ләззат өз баяндамасында тұрақты дамуға көшудің қажеттілігі мен өзектілігін айта келе, Қазақстан экологиялық тұрақтылық индексі жөнінен 70-ші орында екендігін атап өтті.
Дөңгелек үстелдің барлық қатысушылары еліміздің Ата Заңын жетілдіруге, әрі дамытуға бағытталған нақты ұсыныстарын жасады.
ҚазҰУ-дың Баспаcөз қызметі
ЖОБА
«Қазақстан Республикасының Конституциясы - Қазақстанның егеменді мемлекет
ретінде дамуының тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің негізі» атты дөңгелек стөлдің
27 тамыз 2009 ж.
Ұ С Ы Н Ы С Т А Р Ы
Дөңгелек стөл жұмысының нәтижесі бойынша төмендегідей қабылданатын ұсыныстар жасалады:
- Қазақстан Республикасының Конституциясы демократиялық талаптарына сәйкес келетін егеменді мемлекеттің дамуының негізі болып табылады. Конституциялық идеясының негізінде адам құқықтары мен бостандықтары, оның өмірі басты құндылық болып табылатын еліміздің тұрақты және қауіпсіз дамуы жатыр. Азаматтардың қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты әлеуметтік - құқықтық институттың жүзеге асуының тиімділігін арттыру үшін Қазақстанда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты азаматтардың құқықтарын конституциялық негізде бекіту ұсынылады.
- Қазақстан Республикасы Конституциясын Республикамыздың негізін қалаған саяси-құқықтық актілер «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасында Президент постын енгізу», «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңымен ажырағысыз, тұтастықта қарау керек. Аталған құқықтық актілерде көрініс тапқан еліміздің қауіпсіз және тұрақты даму идеясы 1995 жылғы Қазақстан Республикасы Конституциясында өзінің жалғасын тапты.
- Егеменді мемлекет ретінде Қазақстанның қауіпсіз және тұрақты дамуында мемлекеттік органдардың қызметінің ашық, тиімді жүзеге асуын қамтамасыз етудің стратегиялық маңызы зор. Еліміздің басқару жүйесін, оның ішінде сайланбалы лауазымдардың санын арттыру, сайлау заңнамасын жетілдіруді басты назарда ұстайтын әкімшілік реформаны жүзеге асыру басты бағыт болуы қажет. Саяси реформаны жүргізуде еліміздің саяси жүйесінің кескінін нақтылауға, саяси реформаны жүзеге асырудың ғылыми негізді және жүйелі бағдарламасын әзірлеу қажет.
- Мемлекеттік билік тармақтарының арасындағы өзара балансты қамтамасыз етуге бағытталған тепе-теңдік және тежемелік жүйесін тереңдете жетілдіре түсу қажет. Бұл саяси реформа аясындағы маңызды мәселенің бірін құрайды. Бұл жерде мәселе негізінен Парламенттің ролін және сот жүйесінің тәуелсіздігін арттыру туралы болып отыр.
- Еліміздің азаматтарының барлығы Қазақстан Республикасының Конституциясын білуге және құрметтеуге тиіс. Сол үшін де білім мекемелеріне, құқық қорғау органдарына және басқа да мемлекеттік органдарға осыған байланысты ерекше жауапкершілік жүктеледі. Егеменді Қазақстанның аса маңызды құқықтық, саяси-идеологиялық құжаты ретінде Қазақстан Республикасы Конституциясының идеясын жүйелі түрде уағыздау қажет.
- Дағдарыс кезеңінде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі маңызды роль атқарады. Ұлттық қауіпсіздік еліміздің сыртқы саясатымен тығыз байланысты. Сыртқы саясаттың қоғамымызда үлкен роль атқаратындығын ескере отыра, Қазақстан Республикасының Конституциясына арнайы бөлім енгізу жолымен сыртқы саясаттың негізгі қағидаларын бекітуіміз қажет. Бұл бөлім Қазақстанның жақын және алыс шет елдермен қарым-қатынасын реттейтін, сыртқы саясатының негіздерін белгілейтін нормалардан тұруы қажет.
-
Азаматтарды рухани-адами құндылықтар негізінде тәрбиелеу аясында ақпараттық-үгіт-насихат жүргізудің мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу және қабылдау ұсынылады, сонымен қатар халықты қоғамдық қауіпсіздік пен құқық тәртібіне баулайтын қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің методикалық ұсыныстарын әзірлеу ұсынылады.