Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Жоғары білім бойынша Орталық Азия және Орталық Еуропа форумы / ЕССЕ MUNDUS» халықаралық семинары өтеді

12 наурыз, 2014

Наурыз айының 13-14 күндері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Жоғары білім бойынша Орталық Азия және Орталық Еуропа форумы / ЕССЕ MUNDUS (Enhancing Cross-regional Cooperation in Erasmus Mundus)» халықаралық семинары өтеді.


Семинарды ұйымдастырушы Венгрияның «Campus Hungary» және «Сечени жаңа жоспары» атты үкіметтік бағдарламаларының белсенді қолдауымен Эрасмус Мундус ұлттық құрылымдарының консорциумы – Венгрияның білім министрлігінің басқаруындағы Темпус қоғамдық қоры, Австрияның білім және ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастық Агенттігі, Словакияның халықаралық академиялық ынтымақтастық қауымдастығы болып табылады.

Семинар жұмысына Қазақстан Республикасының білім және ғылым вице-министрі Т. Балықбаев, Венгрияның Алматыдағы бас консулы Ференц Блауманн, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры Ғ. Мұтанов, Венгрияның Темпус қоғамдық қорының үйлестірушісі Габор Добос, Темпус бағдарламасының Қазақстандағы үйлестірушісі Ш. Тасболатова, сонымен қатар Австрия, Армения, Венгрия, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Словакия, Тәжікстан, Өзбекстан және Украина тәрізді 11 елдің атаулы жоғары оқу орындарының жүз оннан астам өкілдері қатысады.

Форумның негізгі мақсаты Еуропа Комиссиясының қолданыстағы тиімді жобалық құралдары аясында Орталық Азия, Шығыс Еуропа және Батыс Балқан аймағындағы елдердің жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты нығайту және тығыз серіктес байланыстарды орнату мүмкіндігін ұсыну болып табылады.

Форумның басты іс-шарасы жоғарыда аталған мақсатты аймақтар арасындағы бірлескен оқу бағдарламалары мен академиялық мобильділікті өркендету мақсатында арнайы ECCE MUNDUS тренинг-семинар ұйымдастыру болып табылмақ.

Бұған қосымша семинар барысында Еуропалық Комиссияның қаржыландыруымен жүзеге асырылатын Эрасмус Мундус және Темпус жобалары аясындағы бірлескен оқу бағдарламалары мен халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырудың ең көрнекті мысалдары келтірілмек, сондай-ақ Эрасмус + жаңа бағдарламасының презентациясы жоспарлануда.

Сонымен қатар аталған іс-шара барысында келіссөздерге арналған алаң ұйымдастырылады. Бұл «market place» атты арнайы алаң қатысушы-оқу орындарына өз университеттерін таныстырып, жаңа серіктестерді табуға мүмкіндік береді.

ЕССЕ MUNDUS-тың осындай семинарлары әр жылдары Будапешт (2012 ж.), Вена (2012 ж.) және Братиславада (2013 ж.) өткізілгенін атап өткен жөн.

Білім беру, аудивизуалды құралдар мен мәдениет бойынша атқарушы агенттіктің - EACEA-ның (Брюссель) бұл іс-шараны әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өткізу туралы форум ұйымдастырушыларының ұсынысын қолдауы университеттің ЕО жобалары төңірегіндегі еуропалық серіктестермен көп жылдық сәтті қарым-қатынастарын мойындағанының белгісі деп тануға болады. Бүгінгі таңда ҚазҰУ қазақстандық жоғарғы оқу орындарының ішінде Темпус бағдарламасын жүзеге асыруда көшбасшы. Университет бірнеше рет еуропалық үйлестірушілер мен жобаға қатысушы отандық серіктес университеттер арасында дәнекер ретінде Эрасмус Мундус жобаларының ұлттық үйлестірушісі қызмет атқарып келді. Қазіргі сәтте университет екі Эрасмус Мундус жобасының қосымша үйлестірушісі болып табылады. Бұл мақсаттық өзара ықпалдасу университетке Болон үрдісіне толығымен бейімделуге және де университеттің академиялық саясатын еуропалық стандарттарға барынша сәйкестендіруге ықпал етті.

Сонымен қатар осындай халықаралық деңгейдегі семинарлардың ҚазҰУ-да ұйымдастырылуы университеттің халықаралық білім кеңістігіне тиімді енуіне айтарлықтай септігін тигізіп, оның әлемдегі танымалдығын арттырып, серіктестермен ынтымақтасудың жаңа формаларына қол жеткізуге дем беріп отыр. Бұл шара университетіміздің мерей тойы аясында өткізілетін аса маңызды шаралардың бірі болатыны сөзсіз.